Атырау, 19 сәуір 23:47
 ашықВ Атырау +27
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Мешіт, автомат және героин немесе Шариполланы не үшін отырғызған?

4 719 просмотра

Кеше қалалық сотта кәсіпкер Шариполла Сайфуллинге үкім оқылды. («АЖ» №7, 17.02.11 жыл - «Облыс прокуроры Б.Сматлаев: «Шарифолла Сайфуллин есірткі және қару-жарақпен қолға түсті» және «АЖ» №8, 24.02.11 жыл – ««Біз білетін Шариполла бұл емес»). Сот есірткі мен қару сақтағаны үшін оны төрт жылға жалпы режимдегі түзеу колониясында  бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Адвокаттар сот шешіміне шағымданатындарын айтады.

ШАРИПОЛЛА ДЕГЕН КІМ?

Алдымен полицияның Шәриполла Сайфуллиннің ұсталғанын және оған қарсы қылмыстық істің тергеліп жатқанын жұртшылықтан жасырғанын, бірнеше уақыт өткеннен кейін ғана облыс прокуратурасы бұл істі «АЖ»-ға мәлім қылғанын айта кетелік.

Алдымен 46 жастағы сотталушының жеке басы туралы айта кеткен жөн шығар. Шариполла Сайфуллин Атыраудың спорт сүйер қауымына 90-жылдардың басында каратэнің алғашқы жаттықтырушыларының бірі ретінде танымал болды. Ол кезде жекпе-жектің бұл түрі жаңа ғана дамып келе жатқан болатын. Оны Авангардтағы «Шаңырақ» кафесінің қожайыны – кәсіпкер ретінде де біледі.

90-шы жылдардың аяғында Сайфуллин дінге бет бұрып, Меккеге қажылыққа барып келген. Діндес топпен бірге 2002 жылы «Дар ас салам» (араб тілінен аударғанда «Бейбітшілік үйі») деп аталатын қоғамдық қор құрып, өз қаржысына Рембаза ауданынан қаладағы алғашқы жеке «Ат Тақуа» (араб тілінен аударғанда «Тақуалық») мешітін салдырған. Ол ашылғаннан кейін кешікпей «Ат Тақуаға» дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушылар жиналады екен деген дабылдар түсе бастайды. Ал Шариполла  Сайфуллин мен «Ат Тақуа» жамағатының мүшелерін арнайы қызмет есепке тіркеп алады.

Әкімдік пен арнайы қызметтің қысымынан кейін Сайфуллин өз мешітін Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының құзырына беруге мәжбүр болды. Таң қаларлығы,  «Ат Тақуаға» жаңа имам келгеннен кейін мешітте барлық діни жоралғылар белгілі бір төлемақымен жіберілетін діни басқарманың мешіттеріне тән қайыр-садақа жинайтын жәшік пайда болды.

Бұдан кейін Сайфуллин діни көзқарастары мен тәжірибелері ресми дінбасылардың догмаларымен сәйкес келмеген басқа да көптеген мұсылмандар секілді «экстремист» деген атақпен діни қызметінен біржола кетеді.

Қаладағы мешітке келушілер Шариполла Сайфуллинді тақуа мұсылман әрі төрт баланы тәрбиелеп отырған азамат ретінде құрмет тұтатынын атап өткен жөн.

Арнайы қызметтен алғашқы дабыл Сайфуллинге 2009 жылдың сәуірінде полициялар оның жақын туысқаны, кәсіпкер Серікбай Латипуллаевты тұтқындаған кезде түскен. Оны да  қару мен есірткіні заңсыз сақтады деп айыптап, үш жылға отырғызған еді. Латиполлаевты ұстағаннан кейін полиция оны жұртшылыққа діни жамағаттың көшбасшысы ретінде көрсетті.

Енді екі жыл өткен соң есірткі мен қаруды сақтаған деген айыппен айыпталушы орындығына Шариполланың өзі отырды.

КӨЛІКТЕН ТАБЫЛҒАН «КАЛАШНИКОВ» ПЕН ГЕРОИН

Мемлекеттік айыптаушы Сәлима Жекебаева оқыған айыптау қорытындысына сәйкес мынадай көрініс суреттеледі. Өткен жылдың 26-желтоқсанында  Шариполла Сайфуллин бесін намазын оқығаннан кейін «Тойота Хайлюкс» көлігімен «Атаба» супермаркетіндегі «Арсенал» кинотеатрына балалары үшін билеттер сатып алуға келген. Сағат 14.40-та католиктер шіркеуінің маңындағы Прибойная көшесімен үйіне кетіп бара жатқанда оны жол полициясының инспекторы тоқтатып, көлігінен шығуын сұраған. Шариполла, шамасы, әлденеден сезіктенген болуы керек, көліктен шығудан бас тартып, туысқандарына қоңырау шала бастаған. Шамамен 5 минуттан кейін 20 метрдей қашықтықта инспектор Сайфуллиннің танысының көлігін тоқтатқан. Ашық терезе арқылы Шариполла танысын шақырған. Ол жол полициясының инспекторымен бірге жақындап, танысымен амандасып, инспекторға көлігін қарап шығуды ұсынған. Ол көлікті қарап шығып, әрі қарай кетіп қалған. Сайфуллин танысымен сөйлесіп тұрған кезде жақын ауладан қатты жылдамдықпен «Газель» машинасы шыға келіп, одан бетперде киген арнайы жасақтың төрт қызметкері мен бейнекамера ұстаған полицияның жедел топ қызметкері түседі. Олар Сайфуллинді жерге құлатып, қолына қолкісен салған. Олардың ізін ала тергеушілер мен куәгерлер мінген көлік келіп тоқтайды. Полицейлер тінту үшін көліктің есігін ашып, Шариполлаға заңсыз сақталған заттарды өз қолымен беруді ұсынады. Оған ол: «Салған нәрселеріңді өздерің шығарыңдар. Алладан қорықсаңдаршы!» дейді. Ұсталушының шұлығынан полицейлер салмағы 2 грамм болатын оралған героинді, ал пикаптың артқы салонынан «қытайдың» ала дорбасын  шығарып алған. Оның ішінде жаймаға оралған қорабы және патрондары бар Калашников автоматы жатқан. Салон ішінен, сондай-ақ, діни мазмұндағы дискілер табылған.

Сотта ІІД-нің ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі басқарма қызметкері Рүстем Ізтілеуов желтоқсан айында басқармаға Шариполла Сайфуллиннің әлдебір тұлғаға беру үшін қару мен есірткіні өзінде сақтап жүргендігі туралы жедел ақпараттың түскендігін айтты. 26-желтоқсанда Сайфуллиннің Калашников автоматымен және героинмен қаланы аралап жүргендігі туралы ақпарат түскен. Жедел топ құрылып, ұстау үшін полицейдің арнайы жасағы жұмылдырылған.

Сайфуллиннің тырнақ кесіндісінен, шұлығынан және шалбарының қалтасынан полиция сарапшылары героин қалдықтарын тапқан. Бір қызығы, Калашников автоматынан, оның қорабы мен патрондарынан айыпталушының саусақ таңбалары табылмаған. Сотта мемлекеттік айыптаушы Жекебаева мұны автоматтың жаймаға оралып, сөмкеге салынғанынан, сөмке мен материяның жанасуы салдарынан Сайфуллиннің «саусақтары» өшіріліп қалуы мүмкін екендігімен түсіндірді. Прокурор Сәлима Жекебаева судьядан Шариполла Сайфуллинді мүлкін тәркілемей жеті жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығаруын сұрады.

ҚОРҒАУ ДӘЙЕКТЕРІ

Сайфуллинің қорғаушысы Шариполла Сайфуллиннің полицейлердің арандату әрекетіне дұшар болғандығын мәлімдеп, бірқатар дәлелдерді алға тартты.

Жекелеп айтқанда, ұстау кезіндегі жазылған бейне жазба неге екені белгісіз Сайфуллиннің қолына қолкісен салынып, оның маған есірткіні салып жіберді деп айтып жатқан  сәтінен басталады, ал, оның «Тойота» машинасының есігі ашық тұр. Айыптаушы тарап бұл дәлелге криминалист Халимов бейнежазбаны уақытында жазып үлгермеді деп жауап береді. Дәл сол күні оның оқиға болған жерге жедел топ қызметкерлерімен бірге келгеніне қарамастан сол күні ұстау операциясының болатынын білмеген делінген.

- Полицейлердің жауаптары бойынша олар барлығы ұстау болатын жерге бірге келген, сонда олардың қасындағы криминалист Халимов өздерінің қайда бара жатқанын білмей көзі мен құлағын бітеп отырғаны ма?,-дейді адвокат Динара Сатайбаева.

Сайфуллиннің іс әрекеті қылмыскер деуге мүлдем келмейді деп есептейді адвокат:

- Сайфуллин есірткіге тәуелді адам емес, есепте тұрған жоқ, оны медицинанылық сараптама растайды. Оны жол полициясының инспекторы тоқтатқан кезде Шариполла олардың арандатуынан сақтанып, ұзақ уақыт машинада отырып, одан шықпады, туысқандарына қоңырау шалды. Егер оның қолында есірткі мен қару болса, оған күтіп отырудың, оның үстіне инспектормен және таныстарымен сөйлесудің қажеті қанша? Егер ол сол жерде кетіп қалған болса, оны сол сәтте ешкім де ұстап қалып, кедергі келтірмеген болар еді. 

Ш.Сайфуллиннің адвокаттары (солдан оңға қарай) Д.Сатайбаева, Т.Дәулетов, З.Өтепбаев

КУӘГЕРЛЕРДІ ДАЙЫНДАП ҚОЙҒАН БА?

Адвокаттар екі куәгерді-Хисин мен Құлбасаовты жеке атап өтті. Оларды полицейлер операцияға дейін бірнеше сағат қалғанда тауып алған және оларды көлікке салып алып қала көшелерінде жүрген. 

- Сот барысында куәгер Құлбасовтың бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы, кейін оған қатысты қылмыстық істің тоқтатылғандығы анықталды. Біз Хисин мен Құлбасовтың полициейлермен жасырын бірге әрекет еткендігін жоққа шығармаймыз,-дейді екінші адвокат Талғат Дәулетов. Айыпталушының адвокаттары ұстау кезінде полицейлер Сайфуллинге куәгерлерге қарсылық білдіруге оның құқығы бар екендігін түсіндірмегендігін айтып отыр. Бір қызығы ұстау кезінде куәгерлер болмаған. Полиция жолды жауып тастап, барлық жүргіншілер мен қарап тұрғандарды қуып жіберген. Куәгерлер полицей кураторымен кешігіп келген, ол кезде Сайфуллинді ұстап үлгерген еді.  

- Өзімнің жиырма жылдық заңгерлік қызметімде мен жедел топ қызметкерлерінің куәгерлерге деген осыншама қарым-қатынасын көргенім жоқ. Анықталғандай, куәгерлер Хисин мен Құлбасов он сағат бойына ішкі істер басқармасының ғимаратында болған. Олар барлық тергеу процедураларына қатысқан. Куәгерлер өз жауаптарында шәй ішіп, полицейлер кабинеттеріне еркін кіріп-шығып жүргендерін айтқан. Онда қалай барлық адамдарға шәй бере ме?-деп сұрады Дәулетов.

- Куәгерлер өздерінің қалауы бойынша тергеу шараларына неше рет болса да қатысуға құқылы. Бұл заңға қайшы келмейді,-деп жауап берді мемлекеттік айыптаушы Жекебаева.

ПОЛИЦЕЙЛІК «НОУ-ХАУ»

Сайфуллиннің тырнағындағы героинге қатысты қорғаушы тарап маңызды детальды атап өтті.

- Полиция қызметкері Жарылғаповқа тырнақ кесіндісіне қаптама үшін арнаулы конвертті ұсынады. Алайда, ол қасақана бір парақ қағазды алып одан қолдан конверт жасайды да, оған Сайфуллиннің тырнақ кесінділері бар ораманы салады да, мөр соғады. Бір қызығы полицейлер конверттің бүйір жапсырмаларына мөр соқпайды! Неліктен? Бұл оған мөр соғылған конверттен тырнақ кесінділерін алып, оларға героин жұғындыларын жағып қайтадан сол конвертке салып қоюға мүмкіндік береді,-деп мәлімдеді адвокат Дәулетов. Сайфуллиннің қорғаушылары полицейлердің осынау әрекеттерін тура сот мәжілісінің үстінде көрсетпекші болды. Алайда, бұл жөніндегі өтінішхат төрағалық етуші судья Оңғарсынованың талабымен қабылданбады.  

СОҢҒЫ СӨЗ

Айыпталушы өзінің соңғы сөзінде былай деді:

- Мен дініме берік мұсылманмын, өз Отанымның заңын құрметтейтін азаматымын. Мен шариғат және Қазақстан Республикасының заңдарымен өмір сүрем. Ал, шариғат заңына бағынатын адам заңды аяқ асты етпейді және ешкімді алдамайды. Мұхаммед пайғамбар былай деген: «Мұсылман қорқақ болуы мүмкін, сараң болуы мүмкін, бірақ, оның өтірікші болуы мүмкін емес». Менің бұл қылмысқа қатысым жоқ! Алланың атымен айтамын, егер мен өтірік айтқан болсам, онда маған Алла өзінің ең ауыр жазасын берсін, ал, егер олар (құқық қорғау органдарының қызметкерлері) мені жазықсыз жазғырса, онда олар да Алланың қаһарына ұшырасын.

Азамат МАЙТАНОВ, Сәния ТОЙКЕН

Суретті түсірген автор

20 сәуір 2011, 22:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.