Атырау, 29 наурыз 06:31
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Майдангерлер сайлаудан соң еске түсе бастады

2 904 просмотра

Әдетте сәуір басталғанда облысымыз Жеңіс күнін тойлау үшін дайындыққа кірісетін. Алайда 9-мамырды ардагерлердің қандай көңіл-күймен қарсы алатындығы туралы мәселе биылғы көктемнің саяси оқиғаларының көлеңкесінде қалып қойған сыңайлы.  

«Өткен жылдары сәуір айында бізге дәрігерлер келіп, күйеуіме медициналық тексеру жүргізетін. Қалалық әлеуметтік қамту бөлімінен қоңырау шалып, қандай көмек қажет екендігін сұрайтын. Биыл ешқандай да қоңырау болған жоқ. Шынымен де назардан тыс қалғанымыз ба?» - деп алаңдайды Ұлы Отан соғысы ардагерінің зайыбы Жұмагүл апа.

Шынымен де, облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасындағылар 9-мамырдағы шаралар жоспары туралы айта алмады. «Өткен жылы біз Жеңістің 65 жылдығын тойладық. Соған байланысты соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне, сондай-ақ олардың жесірлеріне көмек беру туралы үкімет қаулысы шықты. Биылғы жылы мерейтойлық дата болмағандықтан және әзір ресми қаулы шықпағандықтан мерекелік шараларды ұйымдастыру мәселелерімен жергілікті атқару органдары айналысады. Бірақ өздеріңіз білесіздер -алдымен біздің облысымыз бүкіл еліміз секілді сайлауға дайындық жасады. 13-сәуірде әкім қайта тағайындалды. Біз әкімдіктерге хат жолдап, ардагерлерімізге баспаналарына жөндеу жасауға, бір мәрте берілетін материалдық көмекті бөлуге және т.б. қолдан келетін көмек көрсетулерін сұраймыз. Алайда әзірге ардагерлердің қандай көмек алатынын айта алмаймын», - дейді облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы бастығының орынбасары Серік САПАНОВ.

Медиктер де әзірге соғысқа қатысушылар мен мүгедектерге  дәстүрлі жоспарлы тексеруге кірісе қойған жоқ. «Бүгінде Атырауда 127 соғысқа қатысушылар, сондай-ақ 9 тыл еңбеккерлері тұрады. Олардың тізімі бізде бар. Олардың барлығының белгілі бір сала мамандарына: кардиологтарға, хирургтарға, ревматологтарға және т.б. тегін қаралуларына құқықтары бар, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Түркіменбай НҰРЖІГІТОВ. -Әр пациенттің амбулаториялық кәртішкесінде негізгі және ілеспелі аурулар туралы мәліметтер болады. Диагнозға байланысты дәрігерлер пациенттерді емханаларда (кезектен тыс) қабылдайды немесе медиктерден құралған бригада олардың үйлеріне барып қарайтын болады».

Денсаулық жағдайына байланысты емханаға келе алмайтын соғыс мүгедектерінің үйіне тек дәрігерлер ғана емес, қажет болған жағдайда анализ алу үшін лаборанттар да барады. Атырауда 7 емхана бар. Олардың әрбіреуі өздерінің ерекше пациенттерін біледі. Медиктер жақын уақытта соғыс ардагерлерін жоспарлы тексеруден өткізетіндіктеріне сендірді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

20 сәуір 2011, 21:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.