Атырау, 19 сәуір 04:35
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Үрей билеген үй

3 385 просмотра

Құлсары қаласындағы апаттық жағдайға жеткен үйлерден күн санап күй кетіп барады. Оның тұрғындары үйінді астында қаламыз ба деген қорқынышпен өмір сүріп отыр. Аудан әкімдігінің айтуынша қаржы жоқтықтан  қолдан келер қайыр жоқ.

Осындай үй иелерінің бірі қаланың сегізінші ауыл мөлтек ауданында тұратын Жұмажан Кенесариев . Оның үйін «АЖ» тілшісі  көзімен кқөріп қайтты. Расында бұл баспанада тұру мүмкін емес екен. Кенесариев та үйдің кем‑кетік тұстарын тізбелеумен болды. Онсызда көріністегі үй жайы тым қорқыныш туғызатындай дәрежеге жетіпті. Сыртқы бейнесінде‑ақ шатыры ортасына түсіп, төбе жабындылары жалбыраған баспанананы күреп тастағаннан пайдалысы жоқ болар. Бірақ екі пәтерлік үй тұрғындарының баспана салатындай, болмаса сатып алатындай жағдайлары жоқ. Амалсыздан күні, түні құдайдан жалбарынып үйдің құламауын тілеуде.

Аталмыш баспана 1946 жылы салынған. Алпыс бес жыл өтілі бар үйдің іргетасы жерге кіріп, бөлмелердің қабырғалары ырсиып кеткен. Сылақтардың біраз бөлігі түскен. Төбесі төмен салбырап, жабындыны ұстар ағаштар майысып сынып кетердей. Онда үй опырыла қирайтыны анық. Бұдан төрт жыл бұрын қатты нөсерден үйдің кіреберісі құлап қалыпты. Оны ілдалдаға келтіргенімен бұл баспана болып жарытпайтыны анық.

‑Көрдіңіз бе, үйден дала көрініп тұрады. Күннің көзі ырсиған қабырғалардан ішке түседі. Олай‑былай шықсам, балалар үй астында қалып қойған жоқ па деп зәрем ұшады. Түн баласы тыныш ұйқы жоқ. Майысқан бөренелер сынып кетсе деген қорқыныш басым. Қыста үй азынап кетті, қуыс, тесіктен кірген суықтар газды қанша жақсақ та қарамады. Биылғы ұзақ қыстан дірдектеп шықтық. Енді алда не болады, алдағы қоянның қысында бұл үйге тұру мүмкін емес, ‑ дейді Жұмажан КЕНЕСАРИЕВ.

‑Үй апатты жағдайға жеткендігі турасында құжаты болар?

‑Қайдан. Оны қалай алатынын білмеймін. Бірақ сарапшылардың қорытындысы керек. Оны алатындай бізде қаржы жоқ, тапқанымыз тамағымыздан ауыспайды. Сарапшылар келсе сыртқы бейнесіне қарап‑ап үйге тұруға болмайтыны турасындағы анықтаманы берер деп ойлаймыз.

Ж.Кенесариевтің жолдасы бұдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болған, үлкен баласы Отан алдындағы борышын өтесе, екі баласы мектепте оқиды. Өзі тұрақты жұмыста жоқ, айтуынша жанбағыс үшін такси айдап күн көруде. Басқалай күнкөрісі болмағандықтан ауласынан сала бастаған үй құрылысы тоқтап қалған. Қабырғасы жартылай көтерілген жаңа үй құрылысына қаншама қаражат керек екендігін айтып үй иесі мұң шақты. Банкіден несие алуға тұрақты жұмысы жоқ, сонда не істемек. Қаржыны қайдан алмақшы. Міне осыны ойлаған Кенесариевтер отбасына уайым кіргелі қашан.

Екі пәтерлік үйдің бір жағында Кенесариевтер тұрса, ал екінші бөлігінде Қазбек Серіков анасы, үш баласы, әйелімен тұрып жатыр. Мұнда да сол көріністер алдымыздан шықты.

‑Біз он жыл бұрын осында көшіп келгенбіз. Күйеуім Қарабатанда жұмыс жасайтын, сол қысқарып қала ма деп қорқып отырмыз. Үй салмақ тұрмақ, онда бала‑шаға нәпақасын қайдан табамыз. Өзім жаңа жұмысқа кіргелі жүрмін, ал бұл нағыз қорқынышты баспана болып тұр. Ең ақырғысы үй төмен кірген сайын терезе шынысы жиі сынатын болды. Осы үйден аман‑есен шығып, баспанаға қол жететін күн қашан болар екен деп күн өткізуден басқа амалымыз жоқ. Ал жаңа үй салуға жағдайымыз көтермейді, қазіргі қымбатшылық кезде құрылыс материалдарын қалай алмақпыз, ‑ дейді Жанар МОЛДАШЕВА.

Жанар бұдан әрі әкімдіктен көмек болмай, өздіктерінен түк жасай алмайтынын қадап айтты.

‑ Қалада елуінші жылдары салынған бірнеше үй бар. Оның көбісі апатты жағдайға жетіп отыр. Былтыр орталықтағы екі қабатты үйде тұратын жиырма бір отбасыға үй алып бердік. Ол оңайға соққан жоқ. Теміржол ықшам ауданындағы екі қабатты №17 үйдің бетон плитасы адам өміріне қауіп тудыратындай дәрежеге жеткен. Өйткені үйге кіре берістегі бетон плитаны ұстап тұратын тіреулер кірпіштен қаланған, осы кірпіштер әбден тозып біткен. Міне, осыны жөндеу үшін осында тұратындарды уақытша көшіру керек болып, үй иелерінің әрқайсысына демеушілік көмекпен жиырма мың теңгеден қаражат тауып беріп отырмыз, ‑ дейді Құлсары қаласының әкімі Шәкір КЕЙКИН.

‑ Ал апатты жағдайға жеткен Кенесариев пен Серіковтың үйі не болмақшы? Олардың жағдайлары қалай шешілмек?

‑ Негізі ауданда апатты жағдайға жеткен үйлер жетерлік. Бірақ ол мәселені шешу оңай емес, бәрі қаржыға байланысты. Жоғардан ақша қаралуы керек, аталған үйлерді қалыпқа келтіруге бірден қаржы бөлінген жоқ қой, бәріне уақыт керек. Сондықтан күні ертең бұл мәселе шешіледі деп айта алмаймын, бірақ назарда болады, ‑ дейді Кейкин тағы да.

Мұнайымен мақтанатын мұнайлы өлкедегі проблемалардың қашан шешілетіні жұмбақ күйде қалғаны қызық. Ең сорақысы, құдайға жалбарынған үй тұрғындары баспана астында қалып қоймаса болғаны...Тек содан сақтасын. Бұл үй иелерінің тілегі.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

20 сәуір 2011, 20:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.