Атырау, 29 наурыз 12:15
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Көгалдандыру бағдарламасы түнгі ауаны тазарта ала ма?

10 026 просмотра

Бірінші президент саябағы осындай болмақ

- 50-жылдары Атырауда ботаникалық бақша болған. Ал сіздерде өсімдік атаулының бүліну процесі өткен ғасырдың 70-жылдары басталыпты. Осы мәліметтерді біз сіздердегі облыстық мұражайдан таптық, - дейді Атырауды көгалдандыру бағдарламасын жүзеге асыратын «Евростандарт GmbH» компаниясының өкілдері. Өткен жұма күні облыстық әкімдікте осы бағдарламаның таныстырылымы болып өткен еді.

Атырау қаласын көгалдандыру жөніндегі кешенді бағдарлама 2011-2020 жылдарға бағытталған. Облыс әкімінің орынбасары Болат ДӘУКЕНОВТІҢ айтуынша, ол таяу уақытта облыстық мәслихат депутаттарына бекіту үшін ұсынылатын болады. Бағдарламаны жасақтау үшін «Сунчон» ұлттық университетінің бірлесуімен ландшафты жобалау жөніндегі оңтүстік кореялық «Group HAN», «Landscape Architecture» жетекші компанияларының мамандары тартылған. Бағдарлама негізі солардың тұжырымдамасымен жасақталған («АЖ» №6, 10.02.11 ж. қараңыз – «Кореялық ғалымдар Атырауды жасыл-желекпен көмкеруге болатындығын дәлелдеді»). 

АХУАЛЫ НАШАР АЙМАҚ

Өткізілген тендерлік процедураларға қатысты егжей-тегжейлі баяндамастан, әкім орынбасары бірден мінберді қазақстандық-австриялық «Евростандарт GmbH» сервистік агенттігінің методологы Александр ШОХОВҚА ұсынды.  Оның баяндамасы бірде таңдандырып, бірде ойландырып тастағанын мойындау керек. Біріншіден, ол мұнай компаниялары теріске шығарып отырған және билік жақ ашпай отырған фактілерді айтып салды. Бастапқыда В.Шохов бізде табиғи жағдайға байланысты – топырақтың сортаңдығынан, жауын-шашынның көп түспеуінен (қажетті 700 мм. орнына жылына 250 мм. жауын-шашын), өзеннің тайыздығынан жасыл-желектің өспей отырғандығын алға тартып, сөзін былай деп жалғастырды:

- Өндіруші компаниялардың дамуы ластану деңгейінің жоғары болуына әкеп соғады. Оны өсіп тұрған жасыл-желектер тазарта алмайды. Нәтижесінде облыс аллергиялық риниттің таралуы бойынша (100 мың тұрғынға 1150 жағдай, ҚР-ның басқа аймағында – 500 жағдай), гипертония бойынша (100 мың тұрғынға 800, ҚР-ның басқа аймақтарында - 400), ҚР-ғы бала өлімі бойынша (1000 сәбиге 20 өлім) елімізде ең жоғарғы көрсеткішті (2010 жылғы) көрсетіп тұр. Мұндағы «жел розасы» мынадай - өндіруші және өнеркәсіп кәсіпорындарының шығарындылары тікелей қалаға келіп шоғырланады.

АМӨЗ ТУРАЛЫ АҚИҚАТ

В.Шохов әкімдік қабырғасында АМӨЗ-дің қауіпті өндіріс екенін алғаш атаған адам болды. Дегенмен бұрын тек тәуелсіз экологтар ғана осылай дейтін еді. Кеңесшінің айтуынша, болашақта мұнай-газ өнеркәсібінің қарқынды өсуіне байланысты экологиялық ахуал нашарлай бермек. Қазіргі өлшеу жүйесімен зиянды тастандылардың артуын қадағалап отыру мүмкін емес көрінеді. Ресми зертханалар таңертеңгі 7-ден кешкі сағат 7-ге дейін сынама алады. Ал өндірістердегі зиянды қалдықтар түнгі 2-ден таңғы 5-ке дейін тасталады екен.

Таяу жылдарда облыс орталығындағы экологиялық қысым арта түспек. Алдымызда алғашқы ықпалдастырылған мұнай-химия кешенін салу, Атырау қаласында қуаттылығы 90 мВт болатын газ-турбиналық электр стансасын салу, «АМӨЗ» хош иісті көмірсутек өндіретін кешен құрылысын салу, пайдаға асырылатын қалдықтарды басқару мен химия өнеркәсібі қалдықтарын қайта өңдеу кешенін кеңейту, «ТШО» күкіртін өндіруді кеңейту және Қашағаннан мұнай өндіре бастау, сондай-ақ оны «Болашақ» зауытында бастапқы өңдеу жұмыстары күтіп тұр.

Бұдан шығатын қорытынды: қаланы тез арада көгалдандыру керек.

ОРМАН АЛҚАПТАРЫ МЕН БАҚТАР – ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУШЫЛАР ЕСЕБІНЕН

Бағдарламаға сәйкес, бюджет есебінен мамандандырылған «Зеленстрой» мемлекеттік кәсіпорнын құру, Нұрсаядағы Бірінші Президент бағының, каналдар мен жасанды су қоймаларының, жабық бақтың құрылыстары, сондай-ақ, қала көшелерін көгалдандыру жұмыстары  қаржыландырылатын болады. Қала маңы мен қала сыртынан (Теңіз бен Қарабатан) орман қорғау алқабын, АМӨЗ төңірегінен орман қорғау алқабын, сондай-ақ, қала бақтарын салу мемлекеттік емес қаржы көздерінен, жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындар есебінен қаржыландырылмақ.

А.Шоховтың айтуынша, таяу уақыттарда кейбір жобалар, атап айтқанда, Бірінші Президент бағының, каналдар мен жасанды су қоймаларының, жабық бақтың құрылыстары және қала көшелерін көгалдандыру жүзеге асырылуы мүмкін.

Күмән келтірушілерге мысал ретінде Кореяның тәжірибесін алға тартты. Ол жақта 1950-53-ші жылдары соғыс кезінде барлық жасыл-желектер оталған болатын. Ал қазір оңтүстік Кореяның қалалары жасыл-желекке малынған.

Орхусс орталығының үйлестірушісі Шынар ІЗТЕЛЕУОВАболашақта жасыл өскіндердің қалай суарылатындығын сұрады. Бұған биологиялық әдіспен тазартылған канализация суын пайдаланған қисынды бола ма? «Евростандарт GmbH» кеңесшілері басымды жолдардың бірі ретінде осы нұсқаның қаралып жатқанын айтты. Басқа нұсқалардың ішінде – су тасқыны кезінде жасанды су қоймаларына су жинау әдісі де бар.

НАШАР ТОПЫРАҚТЫ ҚҰНАРЛАНДЫРУҒА БОЛАДЫ

Кеңестен кейін біз кеңесшілерден жасыл-желектердің біздің топырағымызды қалай жерсінетінін сұрадық.

- Біріншіден, біз сіздердің климаттарыңызға бейімделіп кете алатын ағаштардың 74 түрін іріктедік. Содан кейін біз топыраққа арнайы микроорганизмдерді салуды жоспарлап отырмыз. Олар салынған учаскелер өзгеріске ұшырайды, - деп жауап берді Шохов. – Басқа бір тәсілі - өсімдіктерді әкелінген құнарлы топыраққа отырғызу. Мен, мәселен, Украинаданмын. Егер осы жерге біздің қара топырақты әкеліп, оған өсімдік отырғызатын болса, бір уақыттардан соң оның астындағы топырақ өзгеріске ұшырайтын болады. Біздің қызметкеріміз Дмитрий бар уақытын зертханада сіздің топыраққа сынама жасаумен өткізеді. Әрине, сіздің жағдайда арнайы суару және ылғал жинау жүйесінсіз жұмыс істеу мүмкін емес. Бізде мұндай бірнеше әдіс бар. Оның бірі -  көшеттің айналасына ылғал жиналатын арнайы орын жасау.

Бұдан басқа, А.Шоховтың айтуынша, бағдарлама жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін үлкен экономикалық тиімділікке қол жеткізбек. Мәселен, ландшафты дизайн саласындағы шағын және орта бизнесті дамыту, көптеген бақтардағы сауда және ойын-сауық нүктелерін ашу, қызмет көрсету және т.б.

Кеңесшілердің растауынша, бағдарлама жүзеге асырылғаннан кейін, (яғни, 2020-шы жылдан кейін) атыраулықтар 300 жыл бойына оның жемісін көретін болады. Тамаша. Бір өкініштісі, Теңіз кеніші мен Құлсары қаласының арасындағы, Қарабатан мен Атырау арасындағы, АМӨЗ бен Атырау арасындағы орман қорғау алқаптарын салуға да кем дегенде он жылдай уақыт кетеді. Осы уақыт бойына өндіріс біздің өкпемізді улай бермек. Бірақ біздің бәрін де кейіннен ойлайтын әдетіміз емес пе?!

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

А.Шоховпен болған әңгімеден үзінді.

- Күн сайын қала тұрғындары өткен жылы төселген кеспе тастарды көшеттерді отырғызу үшін бұзып жатқанына куә болады. Қарапайым тілмен айтқанда, саңылау жасап алып, көшеттерді отырғызып жатыр. Олар жерсініп кете ала ма?

- Жоқ, жерсінбейді. Ол жерде суару жүйесі орнатылғанына күмәндімін. Олар бірден өліп қалады немесе «ұйқыдағы» күйге түсуі мүмкін.

20 сәуір 2011, 19:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.