Атырау, 19 сәуір 06:36
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Балық қорғау инспекторы браконьерлерден пара алған

2 564 просмотра

14-сәуірде экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысымен күрес департаменті (қаржы полициясы) бастығының орынбасары Мұрат ЕРМЕКҚАЛИЕВ бірінші тоқсанның қорытындылары бойынша брифинг өткізді.

Қаржы полициясы 80 қылмыс анықтап, сотқа 75 қылмыстық іс жолданған. Азаматтарға және мемлекетке 25 млрд. теңгеден астам қаржы қайтарылған. Қаржы полициясының материалдары бойынша, №2 қалалық сот Қызылқоға ауданының Қаракөл селосының мектебіне жөндеу жасаған мердігерлерден 500 мың теңге және 10 мың доллар мөлшерінде қорқытып пара алғаны үшін қаржылық бақылау инспекциясының маманын мүлкін тәркілеумен бірге 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Егер ревизор осыншама ірі сомада пара алған болса, демек ол жердегі заң бұзушылық та аз болмағаны ғой?! М.Ермекқалиевтің айтуынша, бақылаушы ұсталғаннан кейін мердігерлер барлық кемшіліктерді жойған.

Сондай-ақ, балық аулау фирмаларының бірінің басшысына қарсы қылмыстық іс қозғалды. Рұқсат қағазы болмаса да фирма үстеме бағамен сату үшін бекіре балықтарын сатып алумен айналысқан. Қылмыстық іс аяқталып, облыстық прокуратураға қарауға жолданды.

Басқа бір «балық» оқиғасында 15 мың теңге пара үшін Жайық-Каспий облысаралық балық қорғау инспекциясының бас маманына үш жарым жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарылған. Азғана сомаға балық қорғау қызметкері браконьерлердің қайықтары мен балық аулау торларын жасыруға уәде берген. 

Облыстық көші-қон департаментінің бұрынғы басшысына қатысты қозғалған іс те сотқа жолданды. Шенеунік оралмандарға арналған 4 млн. теңгені жымқырды деп айыпталуда.

ҚР Қылмыстық кодексінің 177-бабына енгізілген жаңа қылмыстық норма бойынша, мемлекеттік қызметті атқаруда өкілетті тұлғаның қызмет бабын пайдаланып жасаған алаяқтығы үшін Жылыой ауданындағы салық қызметкерлерінің бірі жауапкершілікке тартылуда. Шенеунік азаматша А-дан банкрот болуға қатысты процедураны жүзеге асырғаны үшін 130 мың теңге алған. Тергеу жүргізілуде.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

14 сәуір 2011, 16:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.