Атырау, 19 сәуір 10:28
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Туған жерден бір пұшпақ

5 827 просмотра

Мен АБДОЛЛАЕВТАР отбасына келгенде, үйде қонақ бар екен – отағасы  Шыңғысқа кіші қарындасы күйеуі мен екі баласын ертіп келіпті. Мен ойлағандай қонаққа емес, тұрақты тұруға келген екен: бұл жерде ата-анасы, ағасы жанұясымен көптен бері қоныстанады. Қарақалпақстанда тек әпкесі ғана қалды. Ол да қонаққа келген. Алайда Қарақалпақстаннан көшіп келу ойында да жоқ.

- Неге келемін? Мен сол жақта да жақсы тұрамын, мен офтальмологпын, жолдасым да жақсы жерде жұмыс жасайды...

-Адамдар тек жақсы жерді іздей ме?... - дедім, дөрекі болса да, әдемі келіншекті сөзінен ұстап. Ол сәл мүдіріп қалып, сөзін түзей қойды:

- Бәрібір көше алмаймын, күйеуім – қарақалпақ, ол мұнда келмейді...

Қасында отырған сіңлісінің күйеуі де Өзбекстан азаматы, алайда ол қиын болса да өзге елде тұруға шешім қабылдапты. Мұнда еңбек еткен адамға «аяққа тұру» оңай.

 

СТАМБҰЛДАН ҚАЗАҚСТАНҒА ЖӘНЕ КЕРІ БАҒЫТ 

Осы «аяққа тұру» сөзі менің бұрынғы Өзбекстан, Иран, Ресей елдерінің азаматтары, қазір тарихи отандарында тұратын, құлаққа түрпідей тиетін «оралман» атанған сұхбаттастарымның барлығына да ортақ ұғым екен. Жақында Стамбұл кафелерінің бірінде кездейсоқ танысқан қаны қазақ, бірақ түрік азаматы Мұстафа Сойырғаз маған тарихи отанында қанша тырысқанымен, «аяққа тұра алмай», Түркияға қайта оралғанын мойындады...

Бұдан сәл киініректе өте сыпайы жас жігіт бізді көп ішінен бірден айырып, ас мәзірін таңдауымызға көмектесті – біз Стамбұлдың туристік емес бөлігіне тоқтаған едік, бұл жерге түрік тілін білу қажет екен. Біз жақсы сөйлесіп кеттік және мен өзім сияқты қазақ алдында өз халқым үшін қатты ұялдым! ... «Құлақ беру», алдап-арбау, қымқыру-жымқыру – бұл әр қазақстандық кездесетін кертартпа құбылыстар екені баршаға белгілі ғой. Алайда Мұстафаның «Қазақстанда ақшаң мен тірейтін ағаң болмаса, ешкім емессің!» деп күйіне айтқан сөзін естігенде, кірерге тесік таппадым. Мұстафа мұның бәрін басынан кешірген: ол бұдан он бес жыл бұрын өзінің үлкен отбасымен бірге Стамбұлдағы берекелі тұрмысын қиып, атамекендеріне көшіп барған екен:

- Сол кезде президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі барлық этникалық қазақтарды ата-бабалар жеріне шақырды. Бұл көптеген адамдардың жүрегін елжіретіп, ұлы көш басталды: қазір мұнда (Стамбұлда) 200-ге жуық отбасы қалды, бұрын тұратын қазақтар саны 10 есе көп еді. 90-шы және 2000-шы жылдардың басында көп адамдар көшіп кетті. Көп нәрсені уәде етіп еді, бірақ іс жүзінде сөзіне тұра алмады...

Онымен таныспастан бұрын маған қазақтардың шоғырлана қоныстанған жері – Зейтинбурн ауданын көрсеткен. (Назар аударатын жайт: 50-ші жылдардың басында түрік үкіметі алғашында Үндістан мен Пәкістанға қоныс тепкен ұлты қазақ саяси босқындарға баспана беру шығындарын өз мойындарына алды – мәдениеті, тілі және діні ұқсас халық ретінде оларға түрік азаматтығын беріп, жер бөліп, тұрғын үй мен мал ұсынды – З.Б.). Ауданда қозғалмайтын мүлік аса қымбат емес, алайда өмір сүруге өте қолайлы, берекелі мекен. Сондықтан да мен Мұстафаның бұрын жақсы тұрдық деген сөзіне сендім, олар қазір де Стамбұлда жаман тұрмайтын сияқты.

- Біздің отбасылық бизнесіміз болған, әкем барлығын сатып, Қазақстанға көшеміз деп шешті. Алайда отанымызда бізді сағынып күткен ешкім болмады. Алғашқы жылдары өте ауыр болды, жұмыс та, үй де болмады. Оралмандарды Алматыдан әрі қарай, Қаскелеңге қарай ығыстырды. Біз әкемізге Түркияға қайтайықшы деп өтініш білдіргенбіз, ол біздің үйіміз осы деп өз сөзінен қайтпады. Қазір ол жақта жағдайлары кішкене түзелді, отбасымызда пластик терезе дайындайтын цех, ағамның шағын бизнесі бар...

- Алайда сен осында жүрсің ғой.

- Иә, жақында келдім. Ол жақта оқыдым, әскер қатарында болдым, алайда өзіме қолайлы айналысатын кәсіп таба алмадым – біздің онда мықты таныс-тамырларымыз жоқ, ал ол болмаса, жақсы жұмыс табу мүмкін емес. Қанша іздесем де, таба алмадым. Содан соң қайтуды шештім: мұнда бір ағам қалған, тұратын жерім бар, жұмыс таптым, әзірше дүкенде жұмыс жасай тұрамын, аудармамен де шұғылданамын (Мұстафа қазақша, орысша және түрікше еркін сөйлейді). Мұнда бәрі арзан, ал түріктер ешкімді бөлектемейді: жұмыс жасасаң болды. Мен мұнда өз үйімде жүргендей сезінемін.

Мұстафа елден жұмыссыздық-тан кетпеген сияқты – сатушы жұмысын Алматыдан да оңай табуға болады. Менің ойымша, ол біздің тұрмыс салтымызға, ділімізге үйренісе алмай кеткен сияқты. Сіңісе алмай кетті деуге де болады.

 

«АЛҒАШ КЕЗДЕСКЕН ЖЕРГЕ КЕЛДІК»

Шыңғыс АБДОЛЛАЕВШыңғыс АБДОЛЛАЕВӘр отбасының өз тарихы бар. Көшіп келулерініңде өз себептері жоқ емес. Туған жер топырағы тартты деп айтамыз. Алайда негізгі себептер туралы ашық айта бермейміз. Адамдар тұрғылықты жерлерін көбіне жағдайларының нашарлығына, қаржылық мәселелерге, жұмыссыздыққа байланысты тастап кетеді. Егер жаңа қоныстанатын жерің - тарихи отаның болса, тіптен жақсы. Облыстық телеарнаның жаңалықтар блогының редакторы және дикторы, бұрынғы ресейлік Гүлмира ИЩАНОВА бұл жердің оған ұнайтынын жасырмады. Ол мұнда алдымен оқуға келген – нағашысы шақырған. Кейіннен жұмыс тауып, орналасып, туыстарын көшіп келуге көндіреді. Олар барлығы бірге сол кезде әрекет етіп тұрған «Нұрлы көш» бағдарламасын пайдаланып, осы жерге келді. Алайда ата-аналары қазірдің өзінде де туып-өскен жерлерін аңсайды, сол 150 доллар орташа айлық табысы бар шағын ғана қалмақ қаласы Лаганьда қалған туыстары мен достарын сағынады. Балалардың бәрі аяқтанды. Атырауға отбасымен бірге келген Гүлмираның үлкен ағасы да жетістіктерге жетіп үлгерді – ол өткен жылы «Қазақстанның жыл мұғалімі» атағына ие болды. Айта кетсек, талантты педагог Қалмақ елінде де белгілі болған, ол мұғалімдер байқауында екінші орын алған екен. «Бірінші орын, өздеріңіз түсінесіздер, тек этникалық қалмақ қана бола алады ғой», - дейді Гүлмира. Әкелері бір барда шаруашылық меңгерушісі болып жасайды. Айтпақшы, оның жұмысқа кіруі де қызық болған:

- Оны анам кіргізді – қолынан жетектеп бірінші кездескен жерге кіріп, бірден дирекцияға барып, жұмыс сұрайды. Басқарушы жақсы адам екен. Анам біздің кім екенімізді, бұл қалада бөтен екенімізді, әкемізге жұмыс керектігін айтады. Жұмыс табыла кетті. Ағам да өзі орналасты, бір мектепке мұғалім керек деп естіп барыпты, сол бойда қабылдаған. Мен АМУ-дің журфагінде жүріп, радиоға бардым. Адамдармен байланыс жасап, іздеу керек, күтіп, қарап отырмау қажет.

Гүлмира бір сөзінде көшіру бағдарламасы көмектескенін, бірақ басты фактор болмағанын айтады:

- Бар болғаны жақсы, әрине, алайда біз бәрібір көшіп келетін едік. Бағдарлама талаптарына сәйкес жерді беріп болғанша, біз өзіміз сатып алдық. Үй де салып қойдық. Мен Лаганьға демалысқа барамын, бірақ ол жаққа қайта оралмайтынымды анық білемін.

 

«БІЗ - ӘРТҮРЛІМІЗ»

Мен басында айтып өткен Абдоллаевтар Өзбекстанның құрамына кіретін Қарақалпақ автономды республикасының астанасы Нүкіс қаласынан келген. Оның үлкен отбасы өзбек, қазақ және орыс тілінде жақсы сөйлейді. Жалпы, мен кездескен репатрианттардың барлығы көптілді (Ресейден келгендерден өзге: олар тек орыс тілін ғана біледі, ал ана тілін елге келгеннен кейін ғана үйренуді бастайды). Шыңғыс пен оның әйелі Ләззат қазір кәсіпкерлер, олардың бірнеше құрылыс материалдарын сататын дүкендері бар, қалалық маршрутта жолаушылар таситын газелі болған (сатып жіберіпті – бір машинадан табыс болмайды), болашақта қысы-жазы егін егетін жылыжай салғылары келеді. Үш баласымен жаңадан өздері салған үйде тұрады, жаңа көліктері де бар. Егіншілікпен айналыспайтындықтарына таң қалдым. Әйелі мамандығы бойынша менің әріптесім екен, алайда отанға келген алғашқы жылдары бай үйлерде күтуші болып жұмыс жасапты. Ал әскери заңгер Шыңғыс жүк тасушы болған.

- Қайта кеткілеріңіз келмей ме?

Шахарман ЕРЕСЕЙІТОВАШахарман ЕРЕСЕЙІТОВА- Бәрін де бастан кешірдік, әсіресе, алғашқы кездері. Мұндай көшіп келушілердің барлығында болады. Біз, бір жақсысы, «Нұрлы көш» кезінде келіп қалдық, көмек ақша алдық (әр адамға дүние-мүлікті көшіру, тұрғын үй іздеу шығындары қосылған 1000 доллардан берілді), азаматтықты да, жерді де тез алдық. Бізді ол жақта еш нәрсе ұстаған жоқ, бірен-саран қазақты сол жақта жақсы жұмыс болып есептелетін әскери комиссариаттан ығыстырып, шығарып жіберді, алдымен штатымызды қысқартып, бізді босатқаннан кейін, кері қалпына келтіріп, өзбектерді алды. Жолдасым жасаған газет аз төледі. Сондықтан да біз тарихи отанымызда өзімізді табуды шештік.

Жұмыспен қамту орталығына бірден есепке тұрса да, өз мамандықтары бойынша жұмыс таба алмаған. Олар бұл мәселеден орағатып өтпек болғанымен, мені Абдоллаевтармен таныстырған «Хиуаз» үкіметтік емес әйелдер бірлестігінің жетекшісі Шахарман ЕРЕСЕЙІТОВА бұған келіспеді:

- Неге үндемейсіңдер? Біз білімді, тәжірибелі адамдармыз, ал отанымыз болса бізді егін шаруашылығымен айналысуға мәжбүрлеп отыр деп, тіке айтыңдар! Біз егіншілер емеспіз ғой деп таң қалып отырсыңдар ғой. Бізде сондай ұғым қалыптасқан. Егер оралман болсаң, жермен айналысуға міндеттісің. Бірақ біз әртүрліміз, - деді ол эмоциямен және сендіре отырып. Мұндай адамдарды қазір «белсенді өмірлік ұстанымы бар» деп айтады. Мен де оған сенемін – ол жағдайы ретке келмегендіктен қашып кеткен жандардың қатарынан емес.

Ташкентте ол ғылыми кітапхана директорының орынбасары болып ұзақ жылдар бойына жұмыс істепті.

- Менің әкем КРУ-ге басшылық етті, өте сыйлы жан болды. Біз өте жақсы өмір сүрдік, сенбейсіз ғой, Кеңес өкіметі жылдарында үй қызметшісін ұстадық. Шыңғыстың әкесі – жақсы офтальмолог, Қарақалпақстанда сұранысқа ие маман болды. Ол да, оның апа-қарындастары да жоғары білімді. Біз осы жерде де бәсекелестік бар екенін түсінеміз, өзімізге ерекше қарым-қатынасты талап етпейміз, біреулердің жұмыс орындарына көз тікпейміз. Бірақ біз де базарда тұрып немесе еден жуып, немесе қияр отырғызбай, өз мамандығымыз, өз біліктілігіміз бойынша жұмыс жасағымыз келеді.Осы жерде Тамара күле бастады: тағдырдың тәлкегімен осы жердегі оралмандардың арасынан ол алғаш боп жылыжай шаруашылығын құрған еді. Ол кемел жасқа келген шақта көшіп келіп, жақсы жұмыс таба алмаған. Бірақ өкінбейді, Қазақстанға оралғаннан кейін көптен бері жанына маза бермеген үрейден құтылыпты:

- Кеңес жылдарында сол кездегі Өзбекстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы (1937 – 1950 ж.ж.) байырғы тұрғындардың көрсеткішін көбейту үшін бір түнде он мыңдаған ташкенттік қазақтарды өзбектер деп тізімге алды. Бұл жазасыз қалды. Одақ ыдырағаннан кейін мәдени жандану басталған кезде, біз өзімізге және балаларымызға қатысты осындай әрекеттер қайталанып қалар деп қорқумен болдық. Мұндай саясат үнемі жүргізілетін. Ол жерде төлқұжаттағы ұлтты ауыстырса, көтермелейтін. Кейбір этникалық қазақтар өз жұмыс орындарын сақтап қалу үшін осылай жасайтын. Бірақ ол сирек болатын жағдай, бұл отандастарының жеккөрушілігін тудыратын. Әжелеріміз бен ата-аналарымыз үнемі тарихымызды, тілімізді, салт-дәстүрімізді құрметтеп, қашан болмасын, бір кездері атамекенімізге ораламыз деп үміттенетін. Өйткені біздің ата-бабаларымыз өткен ғасырдың 30-жылдары аштықтан, бай-құлақтарды тәркілеуден, қуғын-сүргіннен, жер аударудан қашқан еді. Біз тек «Нұрлы көшті» және оған сәйкес жеңілдіктерді қайтаруды, сонымен қатар Репатрианттарды (оралмандарды) бейімдеу орталығын құруды өтінеміз. Көбінесе адамдардың тұратын жерлері жоқ, оларға құжаттар ресімдеу үшін кеңестер қажет. Мұндай орталықтар еліміздің көптеген облыстарында бар.

 

ЖАҢАӨЗЕН СИНДРОМЫ

Атырауда оралмандар жинақы қоныстанған – қала маңындағы Көкарна ауылында 800-дей отбасы тұрады. Олар қалада да бар, біреулеріне сұранысқа ие маман ретінде (оралмандар арасында дәрігерлер жеткілікті, кейбірі Атырау аумағында әжептәуір жоғары лауазымды орында жұмыс істеуде) пәтер берген болса, кейбірі жеңілдік бағдарламасы бойынша баспана алғандар. Олардың арасында мұғалімдер, шенеуніктер бар. Қоныс аудару бағдарламасын 2012 жылдың басында жойған еді, отанымыз уақытша демографиялық тұрғыда қолдауға мұқтаж болмай қалды. Алайда мұның формальды себебі басқада еді: Қазақстанның ішкі істер министрлігі Назарбаевтың кеңесімен жаңа қоныстандыру бағдарламасын жасақтауда. Бұрынғы бағдарламаны сәтсіздікке ұшырады деп есептейді билік. Бағдарламаны президент «Нұрлы көш» бағдарламасын қайта қарау туралы тапсырма берген бойда аяқ астынан тоқтатып тастады:

«Үкіметке көші-қон заңнамасына өзгерістер енгізу керек. Оралмандарды ел бойынша оңтайлы орналастыру және оларды қалай атайтындығымызды түбегейлі анықтау маңызды» - деді ол, 2012 жылдың 29 қаңтарындағы үкімет отырысында. Ал осыған дейін бір жарым ай бұрын Жаңаөзендегі оқиға орын алды. Ондағы мұнайшылардың 26 пайызы оралмандар еді. Бұрын Тимур ҚҰЛЫБАЕВ «Самұрық-Қазынаның» басшысы боп тұрған кезде, Маңғыстаудағы ереуілдер мәселесіне арналған кездесуде: «Ереуілшілердің Қарақалпақстаннан бірге келген өз бейресми көшбасшылары бар» деп атап өткен болатын. Соған қарағанда, билік ренжіп қалғанға ұқсайды. Бірақ сермер іске қосылып кеткен соң, бұрай салып ол процесті тоқтата алмайды. Адамдар алалаушылықтан, жұмыссыздықтан мезі болып,  орналасып қалған туыстарына, сондай-ақ, тәуекелге бел буып келе береді... Өздерінің күшімен, еш қолдаусыз өздеріне жол ашады. Қарсылық көрсеткеннен пайда жоқ, бәлкім, оларға қол ұшын берген жөн шығар? Қалай дегенмен де, олар бізге бөтен жандар емес қой.

Репатрианттардың оралу бағдарламасы Израильде, Германияда, Польшада, Ресейде, Қазақстанда... бар. Басқалармен салыстырғанда тіпті күшін жойған «Нұрлы көш» көптеген баптар бойынша жетілмеген: кішкентай ғана және көмірсутектерге бай болмаса да, Израиль өздерінің оралмандарына керемет жағдай жасайды. Ал отандастарының демографиялық қолдауына Қазақстан одан кем мұқтаж емес: 20 мың шаршы километр жері бар Израиль мемлекетінде 8 млн еврей бар. Біздің 2,7 млн шаршы километр жерімізде таяуда ғана 17 миллионыншы қазақстандық тұрғын дүниеге келді.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

1 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.