Атырау, 20 сәуір 13:22
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Академик Диаров: «Атырау шетелдіктер үшін вахта болса, біз үшін үй»

4 668 просмотра

Қазақ геологтарының қара шаңырағының негізін салушылардың бірі, ҰҒА академигі, аймақтық экологиялық проблемалар ғылыми орталығының директоры  Мұфтах Диарұлы ДИАРОВТЫ ежіктеп елге таныстырудың қажеті шамалы.

- Осыдан бір он жыл бедерінде Атырау халқының денсаулығы жайлы жан шошырлық мәліметтер келтіріп, гендік деңгейдегі мутация процесі туралы ескерту жасаған едіңіз. Жаңа деректер бар ма?

- Өкінішке орай,  тұрғындар денсаулығы жайлы объективті мәлімет жоқ. Ал өзгеріс тек нашар жағына кетіп барады. Соғұрлым мұнай көп өндіріліп, атмосфераға тастанды заттар құрамы көбейе түскен сайын, оның зардабы да ұлғайып барады. «Қор қарғысы» деген ұғым пайда болды. Мәселен, Теңіз мұнайында меркаптан бар. Меркаптанның шектеулі мөлшері 10-6 мг аспауы тиіс. Олар Қарашығанақ, Жаңажол, Теңіз, Ақтоты, Қашаған кеніштерінің қай- қайсысындағы тұз асты мұнай қабаттарында бар. Ең өкініштісі, әлі күнге дейін біздің облысымызда оны анықтап, зерттейтін анализатор жоқ. ТШО өз зертханаларында зерттеген болып жатыр. Адамдар уланып жатқанымен, облыста қоршаған орта, ауаның ластануын дәл анықтауға басшылық жасап отырған ешкім жоқ. Одан да қорқынышты диоксин тәрізді басқа да химиялық элементтер шоғыры зерттелмейді. Ал АМӨЗ аумағында күкіртқышқылы мүңкіп тұрады, адамдар тұншығып отырғанымен, зауыт «біз де бәрі  қалыпты» деген мәлімдеме жасайды. Ол жабық мекеме, оларды қолынан ұстап алып, көзіне шұқып көрсетіп отырған да ешкім жоқ.

Менің пайымдауымша, бізде Кох таяқшасын жұқтырғандар қатары артып барады. Неге? Өйткені, бұл адамдардың организімінде жинақталған химиялық қосындылар салдарынан туберкулез ауруы да ерекше беріктік қасиетіне ие болған, олар енді дәрі ықпалына бағынбайды. Қолданыстағы препараттарға төзімділігі артқан десе де болады. Ұлттың генетикалық дамуы алда үлкен өзгеріске түседі. Өйткені меркаптан генефонға міндетті түрде әсер етеді. Өз өзіне қол салу көбейеді. Себебі меркаптанның химиялық құрамы есірткі тәрізді әсер етеді. Адамдар психикасы тұманданады.

«МЕН СОТТАСУДАН ҚОРЫҚПАЙМЫН»

- Біздің аймақтағы экологиялық ахуалға тағы қандай факторлер әсер етіп отыр?

- Еліміздің барлық басқа аумақтары тәрізді біздің облысымызда көліктердің саны жыл санап артып келеді. Бензиннен де күрделі құрам бөлінеді. Олардың ауаға тастап отырған зиянды қалдықтары жылына 120 мың тоннаны құрайды. Бұл ретте мемлекеттік  көліктерге кететін бензин есебі арқылы зерттеу жасауға болады, ал жеке тұлғалардың қанша бензин тұтынатынын ешкім білмейді. Ол статистикалық есепке енбеген, оларды ешкім анықтамайды, сондықтан Атырау облысы республикалық шеңберде экологиялық жағынан жақсы болып көрінеді. Бұдан бөлек мұнай кеніштерін игеру барысында үлкен мөлшерде ілеспе сулар бөлінеді. Оларды қалдық сулар деп атайды. Теңіз кенішінде осындай улы заттарға толы қалдық сулар жиналатын 4 полигон бар, ол Аджипте де, АМӨЗ-де де бар. АМӨЗ-дің сасық сайының өзі неге тұрады? Бізде климат өте ыстық болғандықтан булану мөлшері де өте жоғары.  Мұндай шешілмеген мәселе көп. Мәселен, мұнай өндіру барысындағы жұмыстардан жануарлар әлемі көп зардап шегіп жатыр. 2005 жылы Қашағанда мұнара жанғанда аз көлемде болсын ауаға лас заттар тарады. Түнде бұл жалынға талай құс түсіп өлген. Ол туралы 3 ай өте білдік. Олардың қаншасы өлгені жайлы мәлімет жоқ. Былтыр Қайран, Ақтоты кеніштеріндегі дренаж суларына 700 шағала батып кетті. Олардың кейбірі шала жансар болған екен. Бірақ ешкім көмек көрсетпеген, себебі білмеген. Шетелдік компаниялар «біз Қазақстан игілігі үшін бәрін жасап жатырмыз» дегенімен, олар іштей басқаша ойлайды десем, ешкім мені сөкпес. Мәселен, ТШО басшылығы 3-4 жыл сайын бір ауысып отырады. Не үшін? Ден саулығын ойлап әрине. 

- Мұнай компанияларына көп сын айтасыз. Сізге қарсы олардың айтар аргументтері қандай?

- Шетелдіктер менің айтқандарымның шындығын іштей болсын мойындайды. Әлбетте, егер дұрыс жазбаған болсам олар мені баяғыда сотқа берген болар еді. Өйткені менің қолымда зерттеуден өткен бұлтартпас факті бар.

«АУДАНДЫҚ КОЭФФИЦИЕНТТІ ҚАЙТАРУ КЕРЕК»

- Сонда аймақ экологиясының шынымен соншалықты үмітсіз болғаны ма?

- Жаңа қоғам жаңа құндылықтарын тудырып жатыр. Сарапшылар бізде жабайы капитализмнің дамып келе жатқанын айтады. Батыстағыдай қоғам қалыптасқанша әлі бір жарты ғасырдай уақыт керек. Қазір адамдар әлі тойына қойған жоқ, олар аш көздікпен тек өздерін ойлап қарпуда. Әңгіме ұлттың, балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы болып отырғанымен, өкінішке орай енді 10,20,30 жылдан соң не болары ешкімді толғантпайды. Байлар тағы байи түскісі келеді. Сондықтан біздегі капитализм әзірге мешкей күйінде.

Алдымен инфраструктураны дамыту керек. Атырау мұнайлы қала атанғанымен дертке шалдыққандар емделетін, бойына сіңген уды шығарып, ағзасын шынықтыратындай арнаулы үлкен сауықтыру орталықтары жоқ. Тіпті қалада бірде-бір саябақ жоқ. Өте үлкен көлемде көшеттер отырғызылып, жылыжайлық селекцияларды дамытса. Мұнайлы аймақтарда кеңестік кезеңде болған аудандық коэффициенттер қайта енгізілуі керек. Бұл мұнай компанияларының тұрғындар денсаулығына келтіріп отырған залалының өтеуі болар еді. Қазақстанның жері ұлан-ғайыр. Бірақ оны барынша жасылдандыру керек. Әзірге елдегі маңында өндірісі жоқ таза қала тек Астана болып отыр. Ал басқа, мәселен Алматы көлік газының астында тұншығып жатыр. Алматылықтардың қанында мырыштың әдеттегі мөлшерден 4 есе жоғарылығы анықталып отыр. Өскеменде металлургия зауыты салдарынан, күкірт, полиметалл,  оңтүстікте  фосфор қоспасы, Қарағандыда көмір тозаңы, айта берсең тізе беруге болады.

- Бірақ адамдар жағынан наразылық байқалмайды.

- Әрине, халық бұл жағдайға разы емес. Президент «қазақтардың менталитеті сондай, олар бәріне төзе білетін халық. Белдеріңді бекем буыңдар, жақсы кездер алда» деп елге үмітін отын жағумен келеді. Бірақ Ақсарайда да кезінде 1 млн. тоннадай мұнай өндірмек болғанымен халық наразылығынан соң шетелдік компания өзінің жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Қазір олардың тек 70 пайызы ғана жұмыстарын жалғастырып отыр. Әрине ертең атыраулықтар да тұқымдарының құрып бара жатқанына көзі жеткен де қарап отырмайтын кез келеді.

 Ғалым ойын әрі қарай сабақтады.

«ӨНДІРІЛЕТІН МҰНАЙ КӨЛЕМІ 30 МЛН. ТОННАДАН АСПАУЫ КЕРЕК»

- Еңбектеріңіздің бірінде сіз атмосфераға таралатын зиянды қоспалардың 80 пайыздан, ал өндірілетін мұнай көлемінің жылына 30 миллион тоннадан аспауы жөнінде айтқан едіңіз. Бұл қандай негізге сүйеніп жасалған мөлшер?

- Мұнайды ала беруге болмайды. Ғылыми дәлелденген кенішті игерудің шегі бар. Байлықты алу мен табиғатты сақтау арасында өзара тепе-теңдік заңдылығы болуы тиіс. Табиғатта шексіз нәрсе жоқ. Менің мақсатым да осыны майдың буына бөккендерге түсіндіру.

Теңіз кеніші игеріле бастаған тұстары оның маңында тұратын Сарқамыс аулының 3200 тұрғыны өмірлеріне қауіп төнгендіктен көшірілген болатын. Олардың денсаулықтарының күрт  бұзылуы атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтар жылына 600 мың тоннаға жеткенде байқалған еді. Сарқамыстықтар арасында аурулар саны 90 пайызға артты, орташа өмір сүру ұзақтығы бар болғаны 46 жасқа жетті. ТШО 1993-2009 жылдар арасында өндірілген 1 тонна мұнайға шаққанда ауаға тараған зиянды қалдықтар - 4 кг 990 гр құрайды. Ал «ЕмбіМұнайГаз» 2000-2005 жылдар арасында 1 тонна өндірген өнімінен – 3 кг 990 гр қауіпті қалдықтар ауаға тараған. Қоршаған ортаға таралып отырған бұл қалдықтар қазірдің өзінде адамдар өмірі үшін өте қауіпті, ал алдағы уақытта өнім көлемі тек арттырыла бермек. Осы орайда үкіметке мұнай өндіру көлемін жылына 30 млн тоннадан асырмау туралы ғылыми ұсыныс айттым.Өйткені табиғат өзіне жасалған қысым мен азапқа төзе алмайды.

Мұфтах Диаровтың геология саласындағы ерекше таланты бірқатар шетелдік және отандық ғылыми орталықтар назарынан да тыс қалмаған. Оны бірсыпыра орталық институттар, Бразилияға ББҰ сарапшы болуға шақырғанымен «өзге жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ұстанымынан ажырамаған академик Атыраудан тапжылған жоқ.

- Ата-анам кедей адамдар болды, соларға қарайладым. Ең бастысы жерімнің байлығын зерттеп халқыма көмектескім келді. Әрине, бұл шешім маған экономикалық жағынан тиімсіз болды. Мәселен, кезінде Ақ ордаға көптеген ғылым саласындағылар шақырылып, пәтерлерге ие болып, материалдық жағдайларын жақсартуға қол жеткізгенімен, мен ол тізімге  ілікпедім.

Шынын айтқанда Мұфтах Диаров ол тізімге ілігуге талпынбаған да. Ал мына айтқаны пенденің емес, өз ісіне жанымен берілген ғалымның шынайы әңгімесі еді.

- Сіз СССР-дегі  ең алғашқы Каспий маңы ойпаттары мен Оңтүстік Жайық маңы иектеріндегі борат пен калий тұздарының түзілу және оларды іздеу ерекшеліктерін ашқан алғашқы ғалымсыз. Бұл жұмыстарыңыздың қазіргі барысы қалай?

- Бор қорына байланысты өндірісті дамытуға қытайлықтар, америкалықтар мен үндістер қызығушылық танытып отыр. Қазір Сәтимолла кенішінде барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Борға қарағанда мұнайды алу оңай, бұрғыласа шыға береді. Ал бор қорын қазу керек, одан соң қорыту керек. Болашақта оны бәрібір алады. 15-20 жыл мөлшерінде Индер маңынан бор өндіретін жаңа инфрақұрылымды кенішті қала бой көтеретін болады.

- Өткен жылы Атыраудағы көп көпірдің біріне облыс әкімі Бергей Рысқалиев есімін берейік деген ұсыныс айттыңыз. Жұртшылық бұл пікірдің сіздің аузыңыздан шыққанына таң қалғаны рас.

-Көпір өте күрделі мәселе. Оның үстіне қалада көлік саны артып барады. Мен тек эколог ретінде оның еңбегін объективті  бағаладым. Мені сол пікірім үшін «енді әкімге тиіспейтін болыпты» дегенді айтқандар да болды. Бірақ мен өз ойымды ашық айтудан бас тартқан емеспін.

Сания ТОЙКЕН

Суретті түсірген автор

(Жалғасы бар)

13 сәуір 2011, 21:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.