Атырау, 28 наурыз 19:54
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Жер қойнауын қорғау туралы заң неге орындалмайды?

6 491 просмотра

«Ақ Жайықта» Л. Қаражанованың Индер ауданындағы №99 шахтаның мүшкіл жағдайы жөнінде, тоналып жатқандығы және жерасты өндірулерінің ашық ұңғылары туралы сыни мақалалары жарық көрді. Жауапты тұлғалар бұған қатысы жоқ тараптардай еш көңіл аудармайды. Алайда, шахта аса қауіпті нысан болып табылады және қазіргі уақытта қоршаған орта мен аудан тұрғындарының қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр.

Өткен жылдың аяғында Индер кентінің 50 жасар тұрғыны 300 метр терең шахтаға кездейсоқ құлап кетіп, көз жұмды. Бұл қайғылы оқиға үшін ешкім жауапқа тартылған жоқ.

«Шахта №29» кен орнында жер қойнауын барлау жұмыстары өткен ғасырдың 50-жылдары басталған. Жарты ғасыр уақытта борлы кен, калий тұзы, тас тұз, бишофита және т.б. кен қорлары анықталды. 1987 жылы бұл қорлар Мемлекеттік қор комитетінде бекітіліп, мемлекеттік балансқа алынды. Өнеркәсіптік игеру үшін көтеру және желдету машиналарының ғимараты, шахтаүстілік коперлер мен көтермелер, алынған кенді ұңғы маңындағы аулаға дейін жеткізетін жерасты теміржол жолдары, әкімшілік-тұрмыстық корпус, асхана, жылу қазандықтары және т.б. салынды.

Бір кездері кен орнын бірлесе әзірлеу жөнінде шетелдік инвесторлардан бірнеше ұсыныстар да болған. Алайда 2007 жылғы 12 желтоқсанда облыстық табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасының №247 бұйрығымен жер қойнауын пайдаланушымен арадағы келісімшарт лицензиялық-келісімшарттық міндеттемелер орындалмағаны үшін бір жақты негізде бұзылды. Осыдан кейін нысан күзетсіз қалды. Барлық жер бетіндегі құрылғылар тоналып, ұңғы ернеуі ашық қалды.

2008 жылы мені сотқа маман ретінде шақырғанда, мен келісімшартты бұзып, кен орнын таратуға қарсы болған едім. Ерекше кен орнын болашақ ұрпақ үшін консервациялап, сақтап қалудың тәсілдерін ұсындым. Бұл турасында кезінде облыстық әкімдікке де, табиғат қорғау органдарына да, қоршаған ортаны қорғау министрлігіне де бірнеше хат жазғанмын.

2011 жылы комиссия құрылып, менің хаттарымда баяндалған фактілердің шынайылығы расталды. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша табиғат қорғау прокуратурасы экология департаментіне заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыным берді. Мемлекеттік экологтар, әдеттегідей: «Жер қойнауын қорғау департамент құзыреттілігіне кірмейді, бізде «жер қойнауын қорғау» деген термин мүлдем жоқ», - деп жауап берді.

ҚР Конституциясына сәйкес (6-бап 3-тармақ), жер қойнауы мемлекеттің меншігі болып табылады. Президенттің Жарлығына сәйкес жер қойнауын қорғау қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жүктелген. Бұған қосымша ҚР-ның «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңда «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы өкілетті орган жер қойнауын пайдалану нысандарын консервациялау мен жоюға бақылау жасайды» деп көрсетілген. Заңда «жер қойнауын пайдалану бойынша операциялар тоқтатылғаннан кейін барлық өндірістік нысандар мен жер телімдері халық денсаулығы мен қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайға келтірілуі тиіс, ал жер қойнауын пайдалану қызметінен болған зардаптар жойылуы керек» деп міндеттеген. Заңнан тағы бір үзінді: «Жер қойнауын пайдалану бойынша операциялар тоқтатылғаннан кейін жер қойнауын пайдаланушы нысанды консервациялау немесе жою жұмыстарына бірден кірісуі керек. Сәйкесінше жобаға ТЖ, СЭС, Экология, жер қойнауы инспекциясы органдарының келісімі алынады». «Келісімшарт әрекеттерінің тоқтатылуы жер қойнауын пайдаланушыны мемлекетке келісімшарттық аумақты қайтару және жер қойнауын пайдалану зардаптарын жою міндеттемелерінен босатпайды».

Өкінішке орай, жоғарыда көрсетілген Заң талаптарын экология департаментінің сол кездегі басшылары орындаған жоқ. Шахтаны консервациялау жобасы әзірленген жоқ, сәйкесінше, өкілетті органдардың келісімі алынбады. Геологиялық-маркшейдерлік құжаттамалар сақтауға берілмеген. Сондықтан да қазір нысан координатын, жер көлемін, өндірімдердің орналасуын, пайдалы қазбалардың жатыс қуаттарын анықтау мүмкін емес!

Шахта аумағы халықтың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайға келтірілмеген. Келісімшарттық аумақ құрылыс қалдықтарымен, темір-терсектермен, төгілген майлармен ластанған. Ұңғы ернеуінің айналасында 2,5 мбиіктікте мықты қоршау және су бұратын арналар салынбаған. Шахта газ бойынша қауіпті аймақ болып саналады, сондықтан да газ бөліну аймақтары мен қауіптілік деңгейлері анықталуы керек. Бұлар да жасалмаған. Метанның бөлінуіне бақылау жасауды қамтамасыз ететін арнайы шаралар қабылданбаған. «Өмірге қауіпті!», «Жақындама, 300 метр терең шахта!» және т.б. ескерту белгілері жоқ.

Жақында аудандық газетке берген сұхбатында Индер ауданының әкімі Б.Сәрсенғалиев кранның көмегімен шахтаның бетін бетонмен жаптық деп хабарлады. Консервациялау жобасынсыз, зерттеу жұмыстарын жүргізбей-ақ, шахтаның бетін бетонмен жабуға кім рұқсат берді әкімге? Шахта мұнай кен орындары сияқты қауіптіліктің І санатына жататынын білмей ме екен?  

Консервацияланғаннан кейін шахтаның жағдайына, сондай-ақ, жер бетінің отырып кету мүмкіндіктеріне жүйелі бақылау жасап тұру керек. Атмосфералық ауаның (газ бен метан барлығына), жер мен судың сынақтық үлгілері зерттелуі қажет.

Егер мұнай ұңғымасын қолданыста тұрған жерінен осындай варварлық жолмен біреулер алып кетсе, кінәлілерді бірден тауып, мұнай және газ министрлігінің кабинеттері мен комиссияларының арасына шаптырып қояр еді, барлық шығындарды кінәлілердің есебінен өндіріп алар еді. Ал бұл жерде тереңдігі 300 метр, өнімдік ұзындығы 56 шақырым болатын, жабдықталуының өзіне үлкен қаражаттар жойылған, көзі қат стратегиялық шикізат кен орны бірде-бір тонна пайдалы қазба берместен, жер бетінен жоқ болып бара жатыр.

Бұрын барланған, бекітілген қорлары бар, өндіруге дайын кен орнын қажет етпейтіндей, соншалықты баймыз ба? Кінәлілерді кім жазалайды? Шығынды кім орнына келтіреді? Отағасы ажалына кім жауап береді? Сұрақтар өте көп, бірақ жауап жоқ.

Б. Төремұратов,

жер қойнауларын үздік барлаушы, тау-кен инженері

4 шілде 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.