Атырау, 28 наурыз 20:03
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Су патшалығы

10 125 просмотра

Таяуда жергілікті гидрогеологтармен бірге жолға шығудың сәті түсті. Алған бетіміз - Құлсары қаласынан 132 шақырымда жатқан Жылыой ауданына қарасты Жаңасу деген жер. Онда Оңтүстік Ембі артезиандық бассейнінің ұңғыларынан үздіксіз су атқылап жатыр. Айналасында үлкен көл пайда болған. Және оның көлемі күннен-күнге үлкеюде.

 

ТҰЩЫ, МӨЛДІР, ТАЗА СУ

Мұнда 2010 жылы зерттеу жүргізіліп, 170 гидрогеологиялық ұңғы анықталған. Ардагер гидрогеолог Едіге САБУРОВ Оңтүстік Ембі артезиандық бассейні Кеңес уақытында Гурьев облысын сумен қамтитын стратегиялық қор ретінде қарастырылғандығын айтады. Алайда, бүгінде кен орындарының бірде-біреуі әлі игерілмеген. 

- Жаңасу жерасты су кенішінде атқылап жатқан ондаған бұрқақтар бар. Олардан күніне 60 мың текше метр су мақсатсыз ағып жатыр. Ал Атырау қаласы халқының тәулігіне пайдаланатын су көлемі 45 мың текше метрді құрайды, –дейді Едіге Сабуров. - Жаңасу жерасты суы - әлсіз минералданған. Оны сәл тұщыландырса, ауыз су ретінде пайдалануға болады.

Оның пайымынша, бүгінде жерасты суын тиімді пайдаланбақ түгілі, оның қадірін қашырып болғандар да бар. 

- Қазір жерасты суын кейбір мұнай кәсіпорындары мұнай қабатының қысымын арттыру үшін жер астына айдауға жұмыстанып жатыр. Бұған біз бүкіл ел болып қарсы болуымыз керек, - дейді менің сұхбаттасым.

Негізі, жерасты суларын Жаңасу тұрғындарының тиімді пайдалануы үшін оны крандық режимге ауыстыру қажет. Болмаса, бұл артезиандық суды сақтап қалудың бірден-бір жолы - бұрқақтарды жою. Яғни, бұрқақтардан судың ағуын тоқтату керек.

Біз Жаңасудағы жерасты суының кен орындарындағы көзге көрінген екі бұрқаққа тоқтап, судың дәмін татып көрдік. Расында да, дәмі тұщы, түсі мөлдір, таза су екен.

 

«ГЕРОЙ» КӨМЕКТЕСІП КЕЛЕДІ

Әліби КісенбайӘліби КісенбайБүгінде әзірге тұщы судың рахатын тек жаңасулықтар көріп келеді. Жаңасу учаскесінде санаулы ғана шаруа қожалықтары бар. Солардың бірі – «Есен» шаруа қожалығы. Бұл қожалықтың иесі – кезінде атағы шыққан Социалистік еңбек ері Асабай КІСЕНБАЕВТЫҢ ұлы -Уайс АСАБАЙ деген азамат. Біз барған алғашқы ұңғы да сол кісінің құрметіне «Герой» атанып кеткен (суретте). Уайстың ұлы Әліби КІСЕНБАЙ бұл ұңғыдан құбыр тартып алып, егіндерін суарып отырғандарын айтады. Алдағы уақытта әкесі екеуі тамшылатып суару әдісін қолданып көрмек. Жыл сайын Жаңасуда бұрқақтарды жауып кетеді.

- Біз мұнда 1996 жылы көшіп келгенбіз. Мал бағумен күнелтіп отырмыз. Қосымша өзіміз үшін егін егеміз. Егінді біз арасына 10 күн салып, екі күн бойы суарамыз. Бұл суды өзіміз де ішеміз, малды да суарамыз. Шаруаға қажетті нәрсенің бәрін өзіміз жасап алып отырмыз, - дейдіӘліби. 

Олардың егіндерінде қарбыз, қауын, асқабақ, қияр, қызанақ, күнбағыс өсіп келеді. 

- Егін шаруашылығымен осымен үшінші жыл айналысып отырмыз. Жыл сайын егістік алқабына жарты гектардай жер қосып келеміз. Биыл 3,5 га жерге егін ектік,  -дейді «Есен» ШҚ жетекшісінің көмекшісі Ғалымжан ҚОРҒАНБАЕВ. – Бізде 30 шақты ірі қара мал бар. Сонша жылқы мен түйе де бағамыз. Сиырдың етін тек базарға сатуға ғана ұстап отырмыз. Себебі, сүтін сатып отыратын адам жоқ. Ал түйе шұбатын Құлсарыға апарып саудалаймыз. 

...«Есен» ШҚ жұмысшыла-рының үйінің алдында байлаулы тұрған түйе мен сүйкімді ботасына көзім түсті. Оның төлдегеніне үш апта болыпты. Аяғына жаңа тұрған. Буыны қатқан соң, ол да жайлауға кетеді.

 

БҰРҚАҚТАР МЕН КӨЛДЕР

Біздің келесі тоқтаған жеріміз - Жаңасудағы ірі бұрқақтардың бірі. Бір қызығы, екі жағынан сарылдап аққан судың температурасы екі түрлі. Бірі – қанжылым, бірі - сап-салқын. Екеуі де тұщы су. Ол жер бетіне 300-700 метр тереңдіктен шығып жатыр. Гидрогеологтардың жобалауынша, секундына 8-10 литр су ағуда. Еңіс жерге қарай жол сала ағылған сулар үлкен көлге айналған. Мұнда тіпті шабақ балықтар да жүзіп жүр. Тұрғындар балыққа ау құрып қойған. Жазғы демалысында ағаларына қолғабыс болуға келген Еркебұлан әдетте ауға біршама балық түсетінін айтады.Өзінің жасы кішілігіне қарамастан, батылдық танытып, сонау алыста тұрған ауға суды белуардан асыра кешіп, еш жүрексінбестен, емін-еркін жалғыз өзі барып келді.   

Бұл іссапар барысында біз өзіміздің табан астымыздағы асыл байлығымызды бағалай алмай жүргенімізге тағы бір көз жеткіздік. Ал бұл жерден минералды су шығаруға да, Құлсарыға су құбырын тартып, қаладағы су тапшылығы мәселесін де шешуге болар еді. Қысқасы, бұл - жергілікті биліктің құлағына алтын сырға. Дегенмен, облыс басшылығы бұл жайттан хабарсыз емес. Тиісті мамандарға суды тиімді пайдалану туралы шарасын алу жөнінде тапсырма да берілген. Алайда, әзірге орнынан қозғала қойған ештеңе жоқ.

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор

27 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.