Атырау, 19 сәуір 23:26
 ашықВ Атырау +27
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Маусымдық мәселе-2

2 513 просмотра

Үкімет жариялаған 2011-2014 жылдарда саяжайларды, бағбандықтарды және жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау бойынша мемлекеттік бағдарлама тиісінше орындалып жатқан жоқ. Тіптен орындалмай жатыр деп те айтуға болады.

«ҚАРТТАРҒА ОБАЛ»

Атыраулық саяжайшылардың проблемалары бірдей: 20-30 жылдан бергі ескі құбыр, электр қуатының жоқтығы немесе тұрақсыздығы, электр қуаты тарифының жоғары болуы (бағбандық қоғамдары заңды тұлғаларға жатқызылған, сондықтан да олардың тарифтері жеке тұлғаларға қарағанда бірнеше есе көп).

- Су сорғысына қажетті электр қуаты үшін 5, 7 теңге төлейміз. Ал саяжайдағы жарық үшін заңды тұлға ретінде 13, 24 теңге алады. Саяжайшыларға келген қайдағы заңды тұлға? – дейді бұрын «ГНХС» трестіне қарасты болған «Спектр» бағбандық қоғамының төрағасы Любовь РЫБАЛКИНА. – Келесі мәселе - әбден тозығы жеткен суару жүйесі. Өткен жылы саяжайшылардан 50 мың теңге жинап, 1 шақырым жерді жөндегенбіз. Ал бізге Перетаска жырасына дейін 2,2 шақырым керек, өйткені Бұхар жырасы тартылып қалды.

«Ақ Жайық Теңдік» БҚ-ның жағдайы бұлардан шүкірлеу.

- Біздің жолымыз болды, Көктем ықшамауданында коммуникацияның барлық түрі бар, осы жерден бағбандар өздеріне жарық пен ауыз суды тартып алды. Суарма судан проблемалар бар, бірақ ақша жинап, ескірген құбырларды ауыстырмақшымыз,- дейді «Ақ Жайық Теңдік» БҚ-ның төрағасы Асқар ҚАЗИЕВ.

- Өткен жылы сорғы мен құбырларды ауыстырып, суару мәселесін шештік. Бұған дейін 3-4 жыл су болмады, көптеген адамдар саяжайларын тастап кеткен еді, - дейді «Нефтепеработчик» БҚ-ның төрағасы Владимир СУСЛОВ. – Сәуірден бастап су берді және адамдар орала бастады. Жарық бізде мүлдем жоқ, ағаш бағаналардың бәрін 90-жылдары ұрлап, отқа жағып жіберген. Ал қазір жаңа желі тарту үшін ақша керек. Электр қуаты болғанда, адамдар бұл жерде тұрақты өмір сүрер еді және күзет қою мәселесі өздігінен шешілер еді. Қарттарға обал, жаз бойы аянбай еңбек етеді, ал көктемде қайтып келсе, саяжайларында бәрі тоналған. Жалпы, саяжайлардың барлығы зейнеткерлердің есебінен жұмыс жасап жатыр ғой.

Барлық төрағалар мемлекеттен еш көмек алып отырмағандарын айтады. Жағдайлардың бәрін бағбандардың өздері өз қаражаттарына жасап жатыр. Тағы бір мәселе, кейбір жер телімдерінің иелері өз жерлерін игеруге асықпайды.

- Тіркелген 450-500 саяжай телімдерінің тек үштен бірі ғана игерілетіні белгілі. 2007 жылы өз саяжайларын жекешелендіріп алған, бірақ еш нәрсе екпейтін, күтіп-бақпайтын жер иелерін табу мүмкін емес. Егер барлығы төлесе, кез келген мәселені өз күшімізбен шешер едік. Қазіргі жағдайда жергілікті биліктің көмегі өте қажет, алайда олар жоқ. Қазір өнім өндіретін шаруа қожалықтарына көп көңіл бөледі, оларға субсидиялар береді, мемлекеттік бағдарламалар да бар. Сонда біз ауылшаруашылық өнімдерін өндіріп жатқан жоқпыз ба? – дейді бағбандар.

 

ДӘЛЕЛДЕР МЕН МЫСАЛДАР

Мемлекеттік бағдарламада көрсетілген жеңілдіктердің орындалмауына наразы болған Қарағандының бағбандары ҚР Премьер-министрі Серік АХМЕТОВКЕ хат жазды. Өз мәселелерін санамалай келіп (Атыраудағыдай проблемалар), Шаралар кешеніне бағбандық қоғамдарды жеке тұлғалар тарифына көшіру туралы ұсыныстар неге кірмегенін сұрады. Келтіріп отырған басты дәлелдері де осал емес:

- Шын мәнінде, бағбандардың, саяжайшылардың тұтыну кооперативтері табыс алуға бағытталған қызметтерді жүзеге асырмайтын коммерция-лық емес ұйым болып табылады. Пәтер иелері кооперативтері мен электр қуатын беруші ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынаста ПИК мүшелеріне (пәтер иелеріне) жеке тұлғаларға арналған тарифтер қолданылады, ал саяжайшылар мен бағбандар, осы ПИК мүшелері сияқты, жеке үйлер мен саяжай телімдерінің иелері болып табылады.

Назар аударарлық жайт, 2012 жылғы маусымда қарағандылықтар ауыл шаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВКЕ осы сұрақпен хабарласып, келесідей жауап алған:

- Осы Шаралар кешенін жүзеге асыру бойынша негізгі жүктеме жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Сондықтан да, ҚР «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңның 6 және 31-баптарын жетекшілікке ала отырып, бағбандық серіктестіктерге қала және аудан әкімдіктерімен біріге отырып, ашық түрде нақты шаралар қабылдап, осы мәселелерді шешуге тараптардың құзыреттілік шектеріне байланысты қатысу дәрежелерін анықтағандары дұрыс деп есептейміз».

Осыдан кейін, бағдарламалар қаржы құралдарымен бекітілмеген, сондықтан да саяжайшыларға көмектесе алмаймыз деп айтқан біздің облыстық әкімдікуәжі дұрыс болмағаны ғой (02.05.13 ж., №18 «Маусымдық мәселе» жарияланымын қараңыз). Осы саладағы өзекті мәселелерді жергілікті шенеуніктер Астанаға бас шұлғи бермей, өздері шешуі керек.

Ал енді мысал келтірейік. 2010 жылы Өскеменде бағбандық әуесқойлардың тұтынушы кооперативтері (БӘТК) өздерін тұрмыстық тұтынушылар ретінде тану және олар үшін халыққа белгіленген тарифтерді қолдану үшін сотқа шағымданады. Шағымданушылардың басты дәлелі – коммерциялық емес ұйым болып табылатын тұтынушы кооперативтер саяжай үйлеріндегі қосалқы тұтынушыларға электр қуатын тек тұрмыстық қажеттіліктері үшін ғана беруді жүзеге асырады. Ал саяжайшылар кооператив қызметінен еш табыс көрмейді.

Сот БӘТК-ні тұрмыстық тұтынушы деп танып, «Шығысэнер-готрейд» ЖШС тұлғасындағы энергетиктерді жеке тұлғаларға арналған тарифті қолдануға міндеттеді. Шығыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық және кассациялық алқалары сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Мүмкін, атыраулық бағбандарға өздерінің шығысқазақстандық әріптестерінің әрекеттерінен үлгі алып, бастаманы өз қолдарына алатын уақыт келген шығар.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ

20 маусым 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.