Атырау, 19 сәуір 04:22
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Кең байтақ елді еңсерген

4 194 просмотра

Атырауға Қазақстанды автостоппен аралап, саяхаттап жүрген www.voxpopuli.kz фоторепортаждар сайтының журналисті Виктор МАГДЕЕВ келді.

 

ЖИРЕН САРЫ КЛИНТ

...Жол торыған тонаушылар, қашқын қылмыскерлер және басқа да басбұзарлар – қалалар арасындағы елсіз сары далада кімдер кездеспейді. Сондықтан да мен Викторды жұмыр тасты жұдырығымен құм қылған алып батыр деп елестеттім. Сондай-ақ міндетті түрде бетін жел қаққан, өткір көзді Клинт Иствудтай болуы керек деп шештім...

- Саламатсыздар ма, мен Виктормын, - деп саяхатшы кафе орындығын ебедейсіз орнынан қозғап, шағын алақанын амандасу үшін алға созып, орнынан тұрды. Ол орта бойлы, арықша келген, бетін күн қаққан, жирен шашы дудардай жайылған, мыжырайған панамка киген жігіт боп шықты. Үлкен тырсыйған рюкзагын ышқына көтеріп, иығына салған ол: «Қайда барамыз», - деді.

Біз көлікпен Сарайшыққа қарай тартып кеттік. Белгіленген орынға желмен жарыса жеткен жарты сағатта Виктордың қызылордалық екенін, қазір Алматыда тұратынын, 24 жасар жігіттің трюк жасаушы, скейтбордшы, фотограф, білім маркетологы, ауызекі қазақ тілін меңгергенін, саяхаттауды, сыра ішуді, татуировканы, өз қалыңдығын жақсы көретінін және шашының от түстілігі анасы арқылы берілгенін білдік.

 

ТАКСИШІЛЕР ТАЙПАСЫНАН 

- Иә... - Сарайшыққа бара жатқан жолда көлік отырғышына шалқая жантайған Виктор пәлсапалық ойларымен бөлісті. – Бұл жалғанда жақсы адамдар жамандардан бірнеше есе көп екенін мен енді анық білемін. Алайда қай-қайсысы да – ыңылдақ жандар. Ренжімеңіздер, өмірдің өзі солай ғой. Ауылдардан жұмыссыз, қаны қарайған адамдарды көрдім. Сонымен қатар, қарапайым, кең пейіл, күндей күлімсірегендерді де кездестірдім. Жалқауларды да, еңбекқорларды да көрдім. Арал қаласының маңын, бір сәтке, жолымдағы ең құрыған жер деген ойға келдім. Кейіннен бұл пікірімді түбегейлі өзгерттім. Оқиға былай болған еді. Қала ортасында мен таксилер жиналып тұрған жерге барып, іштері пысып тұрған таксишілерге кемелер қорымы мен жергілікті фермаларды көруге келгенімді айттым. Бұл жерлерді сондай көргім келді. Бір жүргізуші Аралдың барлық «әсем жерлерін» 3 сағатта 3000 теңгеге аралатуға келісті. Ол мені 200 метр жердегі бұрынғы жағажайға, ескі портқа алып барып, босып жүрген түйелерді көрсетті. Нәтижесінде біздің саяхатымыз сағат жарымға жетпейтін уақытқа созылды. Біз өте жәй жүрдік – жол жаман екен, сосын жүргізуші де ешқайда асықпады. Ол мені шұбат дайындайтын фермаға да, кемелер қорымына да алып бармады – ол жеңіл көлікпен жүргенін, ал ол жаққа тек «уазиктер» ғана бара алатынын сылтауратты. Осы тасығаны үшін мен тек 1500 теңге төлейтінімді айттым. Ал ол басында 3000-ға келіскенімізді алға тартып, ашуланды. Мен өзімді «лақтырып кеткен» адамға ақша бергім келмеді. Алайда беруге тура келді – бөтен қалада танымайтын адаммен сөзге келу ақылды іс емес.

Құтырған иттей ашуланып, шағын кафелердің біріне тамағымды жібітейін деп кірдім. Менің көңілсіз күйімді сезген жергілікті бармен мені тегін сырамен қонақ етіп, жолға ыдысқа құйып беріп жіберді. Осылайша, кез келген жерде арсыз адамдармен бірге осындай ақжарқын, жақсы жігіттер бар екеніне көзім жетті.

 

ӨЗ-ӨЗІҢДІ ЖЕҢЕ БІЛУ КЕРЕК

- Елсіз далада, жол бойында жалғыз қалу өте қиын шығар...

- Білесің бе, кейде менде бүкіл әлемде жалғыз қалғандай сезімдер пайда болады. Елсіз кең дала, жел қуалаған қаңбақтар, шегірткенің шырылы, күйдіріп тұрған күн сәулесі – көз жетер жерде қыбырлаған тіршілік белгісі жоқ. Қалай дегенмен де, «адамның күні адаммен» дегендей, жалғыз өмір сүру мүмкін емес.

Орал қаласынан осы жерге жетер жолда жолшыбай кетіп бара жатқан жүргізушілердің бірде-бірі мені алып кетуден бас тартты. Күн кешкіріп те қалған еді, оларды да түсінуге болатын шығар. Мен жүріп келем, жүріп келем. Сол кездегі жағдайымды көрсеңіз. Әбден шаршадым, қарыным ашты, тоңып та қалдым, оған қоса тыныштық та жаныма батты.

Қараңғылық арасынан бір шағын иесіз шәйхананың орны көрінді. Артында орындықтар үйіліп тұр екен. Солардан кереует сияқты жататын бір нәрсе жасап алып, жата кеттім. Аспандағы жұлдыздарға қарап, уайымға салындым. Үйге кеткім келді. Шаршадым, бұдан әрі шыдай алмаймын. Алайда таңертең оянғаннан кейін, бұл уақытша әлсіздік екенін түсіндім. Жабырқаңқы ойларымды үстімдегі шаңдай қағып түсіріп, алға қарай жолымды жалғастырдым. Жаңа айтып өткенімдей, өмірде мейірімді адамдар жеткілікті ғой. Жолда жеңіл машиналарды да, жүк көліктерін де тоқтаттым, қолға алған мақсатымды түсіндіремін. Біреулер жарты жолға дейін тегін алып кетуге келіссе, біреулер келіспейді. Жол бойындағы ең мейірімді адамдар – алысқа қатынайтын жүргізушілер.

- Сен болған қалалардың ішіндегі ең жайлысы қай қала?

- Туған қалам – Қызылорда. Сонымен қатар, жабық қала Байқоңыр. Жол бойында ағаштар, су бұрқақтары, демалатын орындықтар болады. Адамдар жұмыстарына асығады, балалар аулаларында жүгіріп ойнап жүр. Бұл қала кеңес дәуірі мен қазіргі заманның қиылысында қалып қойғандай. Мұнда қылмыс деген атымен жоқ, өйткені бұл жердің тыныштығын екі елдің – Қазақстан мен Ресейдің  полициялары қорғайды ғой.

Жалпы әр қала өз ерекшеліктерімен әдемі. Әр қайсысында тек өздеріне ғана тән қасиет, сұлулық бар.

Сондықтан да кімде-кім Виктордың жолын қуғысы келсе, «қорықпаңыздар, бұл өте қызық» деп кеңес береді жігітіміз.

 

БІЗДІҢ САЛТЫМЫЗ ОСЫНДАЙ

Виктордың айтуынша, жолдағы тағамдар өте дәмді болады, олар көбіне шын көңілден жасалады. Өйткені кафе иелері тамақтың сапасына қатты назар аударып, әр келушіге ықыласпен қарайды – тамаққа тойған, көрсетілген қызметке риза болған жүргізуші дәл осы жерде тағам дәмді дайындалатынын әріптестеріне міндетті түрде айтады.

Ал біздің қаламызға келсек... Елкезбенің мұнай ұңғымасының үстіне шығып, толып жүрген экспаттармен танысқысы келетін қалауларын орындамадық. Есесіне оны қызықты адамдармен кездестіріп, әдемі жерлерге апарып, көне қала Сарайшық туралы айтып, таныстыруға тырыстық. Соңында бізде осындай дәстүр бар деп, Жайыққа бір шомылдырып алдық. Аңқау жігітіміз сеніп қалды.

Кешке қарай Виктор әбден шаршады. Әрине, жақсы жағынан. Алайда біз одан мақтау күтпедік: біз қарапайым да қатал халықпыз ғой, бірақ ақжарқындығымыз бен қонақжайлылығымызды ешкім жоққа шығара қоймас.

Атырау туралы және Сарайшық қаласы жөнінде шамамен бір аптадан кейін www.voxpopuli.kz сайтынан оқуға болады.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген автор

17 маусым 2013, 10:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.