Атырау, 20 сәуір 02:57
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Жаңбыр туралы аңыз

8 754 просмотра

немесе жапондық радиация Қазақстанға қауіпті ме?

Жапониядағы атом электр станциясының жарылысынан кейін көп жерде қауіпсіздік шараларын алу қажеттігі ескертілгені рас. Осыған байланысты Атырауда да наурыздың 18-і күні жауған жаңбыр құрамында радиация бар деген үрейлі хабар құлағымызға жетіп еді. Бұл ақпардың қаншалықты ақиқат екендігін тексеруге кірістік.

Сонымен, жағымсыз жаңалықты жеткізуге асық болған алаңдаулы ағайын мен санасын  қорқыныш билеген  атыраулықтар бір-біріне «бүгін далаға шықпаңдар, шықсаңдар ақ орамал бүркеніңдер» деп ескертіп жатты. Ал ғаламтордағы әлеуметтік желілердің бірінен наурыздың 18-і күні таратылған хабарламаның мәтінінде: «Жапония үкіметі Фукусимадағы АЭС-те радиоактивті заттардың таралуы туралы хабарлады. Азия елдері міндетті сақтық шараларын қабылдауға тиісті. Егер жаңбыр жауса, алғашқы 24 сағат бойы жабық ғимараттан шықпай, терезе мен есіктерді жауып, мойынның қалқанша без орналасқан жерін жасыру керек. Өйткені, радиоактивті сәулелену ең алдымен қалқанша безді зақымдайды. Радиация сағат 16.00-де Филиппины республикасына жетеді» деп жазылыпты.

Атырау облыстық санитарлы-эпидемиологиялық сараптама орталығының радиологиялық бақылау және зерттеу зертханасының бастығы Талғат ХАБИБУЛЛИН ондай хабарды халықтың өзі шығарып алып отырғанын айтады. Алайда, бұрын радиологиялық тексеруді айына бір рет жүргізіп келсе, қазір Жапониядағы жағдайға байланысты тексеруді аптасына бір рет жүргізуге кіріскен. Астанадан келген нұсқау сондай. Аталмыш тексеру жұмыстарының қорытындысы әдетте бір аптадан кейін ғана белгілі болады екен.

Мұндай алаңдаушылық Атыраудағы теміржол станциясында байқалып отыр. «Ақ Жайық» станциясының бастығы Аслан БАЗАРҒАЛИЕВТІҢ айтуынша  ешқандай ресми нұсқау болмағанымен қазандықтар мен вагондарды дұрыстап жуып, қайта-қайта тексеріңдер деген ауызша тапсырманың болғаны рас, дейді.     

Ал ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали ӘШІМОВ «Nur.kz» сайтына берген сұхбатында жапондық «Фукусима-1» атом электр станциясындағы апаттың салдарынан таралған радиация біздің елімізге қауіпті емес деп мәлімдепті. «Қазақстандықтар уайымдамай-ақ қойсын. Біз Жапониядан алыс жатырмыз. Сондықтан, ол елдің желі де, ештеңесі де бізге ұшып жете алмайды» деді министр. Сондай-ақ, елімізге Жапониядан келіп жатқан автокөліктер мен басқа да заттарға Қазақстанның кеден шекарасында құрылған тиімді санитарлы-эпидемиологиялық бақылау жүргізілетінін айтып отыр. Одан бөлек, сырттан әкелінген тауардың бәрі де экологиялық және радиациялық қауіпсіздік үшін мұқият тексеруден өтетінін айтты. 

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

30 наурыз 2011, 17:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.