Атырау, 26 сәуір 01:41
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Каникулда қайда демалады?

6 144 просмотра

Жазғы каникул кезінде облысымызда балаларға демалатын жер жоқ деуге болады. Мемлекет тек әлеуметтік қорғалмаған топтардың ғана демалысы мен сауықтыруына қамқорлық жасауды өз мойнына алған. Мемлекет белгілеген минимумнан сәл көбірек табыс табатындар балалары үшін өз қамдарын өздері жасайды.

...ОҒАН ҚОСА «ҚАЗАҚСТАН ГЕОЛОГЫ»

Өздеріңіз ойлап қараңыздар, 25 мамырда 1-10 сыныптардан 89 267 оқушы каникулға шығады. Облыс шеңберінде осы жазда көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары демалатын үш: «Тұлпар», «Жас өркен» және «Арай» лагерлері жұмыс істейтін болады. Өткен жылы 150 баланы қабылдаған Сарайшық селосындағы №7 КТЛ жанындағы жазғы лагерь осы маусымда жұмыс істемейді. Кисловодскіде «Қазақстан геологы» бар, ол жерде №1 интернаттың және отбасы түріндегі «Шаңырақ» балалар ауылының балалары тұрақты демалып, денсаулықтарын түзейді.

Аталмыш лагерьлердің барлығында 3738 бала демала алады. Тағы 5725 бала каникул уақытын мектеп жанындағы лагерьлерде өткізеді. 116 мектептің жанынан тамақтандырып, толық күнді өткізуге арналған лагерьлер жұмыс істейтін болады. Олар мектеп емтихандары аяқталғаннан кейін 15 маусымда демалыс маусымын ашып, 31 шілдеде жұмыстарын аяқтайды. Тамызда, әдеттегідей бүкіл оқу орындарында ағымдағы жөндеу жұмыстары басталады.

302 мектепте тамақтан-дырмайтын мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істейтін болады. Яғни, балалар ол жерге жарты күнге келіп, үйірмелер мен түрлі сауықтыру шараларына қатысады. Жоспарланған мөлшер - 26353 бала.

Бұдан басқа 211 мектепте аула клубтары мен қызығушылықтар клубтарын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарының аясында Астанаға экскурсияға 16 541 адам барады.

Тағы бір басымды бағыт – оқушылардың жұмыспен қамтылуы мен еңбек тәрбиесі. Каникул кезінде 17185 бала жұмыс істейтін 320 отбасылық және мектеп бригадаларын құру жоспарланған. Олар мектеп жанындағы телімдерге күтім жасап, гүлдер мен ағаштарды суарады, ауылдық жерлерде – ата-аналарына шаруашылықтарына көмектеседі.

Дарынды балалар мен тәуекел тобындағы (есепте тұрған және берекесіз отбасынан шыққан) балалар үшін жеке шаралар қарастырылған.

 

МУЗЕЙ ЖОРЫҒЫ

Қалған оқушылардың жазғы демалысы – бұрынғыша ата-аналардың өз қамдары. Бұл жерде қанша қалап тұрса да, балаларға ұсынарлық нәрсе шамалы. Бірнеше жыл бұрын облыстық мектептен тыс жұмыстар орталығының жанында «Краски лета» лагері жұмыс істеді. Бірақ кейін Орталық басшылығы бұл тәжірибені тоқтатуға мәжбүр болды. Өйткені, орталықта жатын орын үшін жер, өз асханасы жоқ, балалар сол маңға жақын орналасқан №2 асханаға барып жүрді. Қазір орталықта жыл бойына, соның ішінде жаз мезгілінде тегін үйірмелер: тіл, математика, би, қолданбалы шығармашылық, эстрадалық, театр және т.б. үйірмелер жұмыс істейді.

Қатарынан бірнеше жылдан бері «Тағылым» жеке мектебінің жанынан үш мәрте тамақтандыратын, қызығушылықтар үйірмелері бар жазғы лагерь жұмыс істейді. Балалар өлкетану музейлеріне экскурсияға, кинотеатрға кино көруге, аптасына бір рет бассейнге барады. Осының бәрі 17 күнге 45 мың теңге тұрады. 3 - 20 маусым, 24 маусым - 11 шілде және 15 - 31 шілдеде үш ауысым ұйымдастырылмақ. Тамызда лагерь жабылады. Атырау шеңберінде басқа лагерь жоқ. Жалпы төменгі сынып оқушыларының ата-аналары жеке балабақшалар басшылығымен келісіп, оларды уақытша сол жерге орналастыра алады, төлемақысы сонымен бірдей. Алайда, біріншіден, жеке балабақшалар негізінен өз тәрбиеленушілерінің үлкен аға-апаларын жеке тәртіппен қабылдайды. Мектеп жасындағы балалар үшін олар арнайы демалыс ұйымдастырмайды: ол үшін қосымша жағдай жасап, мамандар іріктеп, рұқсат алулары керек және т.б. Ал, екіншіден, оқушыға бүлдіршіндермен қызықсыз болады.

- Екінші жыл қатарынан қалаға жазғы лагерьлерді ұйымдастыру бойынша мемлекеттік сатып алуларға қатысуға тапсырма береміз, бірақ әзірге ниет білдірушілер болмай отыр, - дейді облыстық білім беру басқармасының бас инспекторы Зина ІЗТІЛЕУОВА. – Ал Исатай ауданында өткен жылы, мәселен, 5 лагерь, биыл 7 лагерь ұйымдастырылды. Яғни, бұл қызмет сұранысқа ие болып тұр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

23 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.