Атырау, 28 наурыз 13:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Дәрігер сыйлаған қос ғұмыр

7 928 просмотра

30 жастағы Атырау тұрғыны Марина БЕРДІҒАЛИЕВА екінші мәрте дүние есігін ашқандай. Атыраулық дәрігерлер оның және оның шала туылған сәбиінің өмірін сақтап қалды. Бес сағатқа созылған операция барысында Маринаға алдымен кесарь тілігін, содан кейін бірден жүрегіне күрделі операция жасаған. Қазір әйел өзін жақсы сезінеді. Бірнеше күннен кейін өзінің дүниеге жаңадан келген қызын көруге дайындалуда.

– Облыстық перзентхананың дәрігерлері бәрін де дұрыс жасады. Ол әйел бізге қан қысымы жоғарғы күйде жүктілігіне 28-29 апта болған кезде түсті. Перзентхана дәрігерлері оның қан қысымын қалпына келтіріп, кеңесу үшін бізді шақырды. Біздің тасымалды аппаратымыз арқылы эхокардиографиядан (жүректі УЗИ-ге түсіру) кейін, әйелдің сирек кездесетін өте ауыр сырқатпен – Марфан синдромымен ауыратыны анықталды, - деп әңгімелейді Маринаға ота жасаған дәрігер Атырау қалалық ауруханасының кардиохирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі Мейрам НҰҒМАНОВ.

Ол қағаз бетіне қолқа шығып тұрған жүректің суретін салды. Қалыпты жағдайда жүректен шығар жолдағы қолқаның диаметрі 3-4 см-ден аспауы тиіс, ал Маринада ол 6,5 см болған. Қан айналысының бұзылу салдарынан қолқаның тығыз жақтаулары қатпарланып, жұқарып қалған, кей жерлері жұқа үлдір секілді күйге жеткен. Жүрек клапандарының жұмысы бұзылған. М.Нұғмановтың айтуынша, бұл көбінесе туа біткен сырқат және хромосомалық бұзылудан туындайды. Науқастар, әдетте, өздерінің диагноздары туралы ауыр халге жеткенше білмейді, немесе ол туралы УЗИ кезінде біледі. Қолқа қатпарланып кеткен кезде мұндай науқастардың тіршілік етуге қабілеттілігі, кардиохирургтың айтуынша, алғашқы аптада бар болғаны 25 пайыз құрайды. Сондықтан дәрігерлерге Маринаның диагнозы мәлім болған кезде кешіктіруге болмайтын еді.

13-ші наурызда облыстық денсаулық сақтау департаментінің дәрігерлері арқылы Астанадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықпен және денсаулық сақтау министрлігімен хабарласқан. Біздің облысымызда бұрын жасалмағандықтан, қолқа фрагменттерін протездеу үшін шығын материалдары мен перфузиолог – арнайы аппаратта жасанды тыныс алдыру жөніндегі маман  қажет болды. 15-ші наурыз күні таңертең Астанадан атыраулық кардиохирургтарға көмекке ұлттық орталықтың кардиохирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі Серік МЕҢДІҚҰЛОВ басшылық еткен және құрамында перфузиолог Әсемгүл СҮЙІНАЛИНА бар мамандар бригадасы келді.

Сол күні таңертең дәрігерлер әйелдің қолқасының зақымданған бөлігін жасанды протезбен ауыстырып, ота жасаған. Бірақ соның алдында облыстық перзентхананың бас дәрігері Ұлжан ХАСАНОВА өз әріптестерімен бірге кесарь тілігін жасап, әйелдің бойынан 7 айлық қыз баланы алған.

Маринаның өзінің айтуынша, бұл оның үшінші сәбиі екен. Алдыңғы екі үлкен баласын (екінші сәбиі босанғаннан кейін шетінеп кеткен) да кесарь арқылы босанған.

- Мен сол күні кешкісін кір жуған едім. Кенет кеудемнің қатты ауырғанын сезіндім. Күйеуім мен құрбыларыма қоңырау шалып үлгердім. Олар келгеннен кейін мен айналада не боп жатқанын түсінбейтін жағдайда едім, - деп әңгімелейді Марина. – Маған ота жасаған дәрігерлерім Мейрам Нұғмановқа, Салтанат Жетібаеваға, Асылбек Қонысовқа, перзентхана дәрігерлері Ұлжан Хасановаға, анестезиолог Жангелді Қадыровқа, Гүлия Шұғайыповаға, операциялық медбикеҒалия Оспановаға алғысым шексіз. Қызыма әпкесі Еркежан деп ат қойыпты, қазір сүтім жоғалып кетпес үшін сауып алып жүрмін. Қызыма ана сүтін бергім келеді.   

Операциядан кейінгі алғашқы күндері ентігіп қалатын болған, бірақ қазір бәрі қалпына келген. Алайда болашақта үнемі кардиологтың  бақылауында болып, дәрі-дәрмектер қабылдап отыруға тура келеді.

Селекторлық бейнеконференция кезінде денсаулық сақтау министрлігі атыраулық дәрігерлердің алғашқы екі мәрте жасаған операцияларын жоғары бағалады. Қазақстанда кардиология енді ғана жолға қойыла бастаған. Осыдан он жыл бұрын мұндай операциялар Қазақстанда мүлдем жасалмайтын. Содан бері көп нәрсе өзгерді. Бейнеконференция барысында ел аймақтарының барлық кардиохирургтары өз жетістіктерімен бөлісті.

Өкінішке орай, Атырау бүгінде еліміз бойынша жүрек-қан тамырлары аурулары жөнінде көшбасшылардың бірі. Бұл ауруды уақытында анықтаған жағдайда көп нәрседен аман қалуға болар еді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суреттерді түсірген В. Истомин

30 наурыз 2011, 22:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.