Атырау, 16 сәуір 21:05
 бұлттыВ Атырау +15
$ 448.56
€ 478.03
₽ 4.79

Өміршең жауынгер

5 858 просмотра

Ақсақалдың қабылдауына аса қиындықпен қол жеткіздім. Қабылдау кестесінде орын жоқ екен: 90 жасар соғыс және мұнай өндірісінің ардагері, жақын әзірде жас жұбай атанған Құрманбай ДОСЫМБЕТҰЛЫ (суретте) не өзі қонақтықта, не қонақ қабылдап жатады екен. Мен келісім бойынша Ақжарға жұма күні түстен кейін бардым. Тиянақты салынған шағын үйдің есігін ашқан бойда бесбармақ иісі мұрнымды қытықтай бастады. Бөлмеге кірсем, тап солай, атайға қонақ келіп отыр екен.

БӘРІ ЕСІМДЕ

Аласа жер үстелде етті жүз граммен ұрттап отырған үшеу шығармашыл жандар екен – режиссер, өзінің айтуынша, «соғыс тақырыбына телефильм түсіріп жатыр екен» және серіктерімен қартқа қонаққа келіпті. Материал жинау үшін келген-ау деймін, өйткені атай маған өз туған күні 1923 жылы 15 сәуірден бастап әңгімелей бастағанда, «екінші сериясы...» деп міңгірледі.

Маған қарт бір ғажайыптай көрінді. Әсіресе, есте сақтау қабілеті. Көзін жұмып алып, бейнебір өз өмірі туралы кітап оқып жатқандай:

- Әкем – шаруа, анам – үй шаруасындағы әйел, бір ұл, бір қыз туған. Молотов атындағы Талғайраң орта мектебінің 7 сыныбын бітірдім. 1941-42 жылдар арасында 13-ұңғымада моторист болып қызмет жасадым, бұрғылау шебері Өтен Нұрашев болды, мұнай табылғанда, оған қолсағат сыйлыққа берді...

Бұл үйде сұрақ қойып, әңгімені бөлгенді ұнатпайды:

- Әңгімені бөлсең, бір нәрсені ұмытып қаламын және өзімді ыңғайсыз сезінемін! – деп қатал ескерту жасады. Сұрақтарды көнбістікпен, соңына қалдырдым. Алайда бұталар арасында итальяндықпен болған оқиға туралы айтқанда, шым-шытырық фильмдер шебері Құрманбай ата мені айқайлап жіберуге мәжбүрледі. Әңгімені басынан бастап айтайын.

- 1942 жылы 15 мамырда мені жұмыс орнымнан әскер қатарына алып кетті, бізді 20 күн карантинде ұстап, Гурьев жаяу әскер училищесіне алып келіп, 6 ай оқытты. Содан кейін 1921-23 жылдары туғандарды соғысқа жіберу жөніндегі Сталиннің №217 бұйрығы шықты.

Мен қазір Құрманбай  атаның болған жері, саны, майдандастарының, командирлерінің тектеріне дейін атап, бүге-шүгесіне дейін тәптіштеп айқандарынан көп нәрсені қысқартып отырмын...

 

ЕКІ РЕТ ҚАЙТА ТУҒАН

Осылайша, 19 жасар Құрманбай  оқуын аяқтамастан-ақ Сталинградтан бір шықты. Ол 35-Гвардиялық дивизияның 101-Гвардиялық атқыштар полкіне бірінші нөмірлі пулеметші болып орналасты. 4 ай бойы Сталинград қорғанысы. Соғыс жолы оны Арбузовка селосына әкелді. Онда ол құрамында жеті адамы бар топпен бірге итальяндық десантты жоюға тапсырма алды. Әрі қарай әңгімені өзі жалғастырсын:

- Немістер қаша бастады, біздер соңдарынан ілесе қуып келеміз. Олар біздің 35- және 44-дивизиялар арасына аспан арқылы бір топ итальяндықтарды түсірді. Мен «Максимімді» сүйреп келемін. Біз адам бойымен бірдей шөп арасымен келеміз. Кенет осы шөп арасынан менің ерніме біреу тапанша кезенді. Біздің топ қақшиып тұрып қалды. Мен оң қолыммен тапанша ұстаған қолды қағып қалдым. Алайда үлгермедім, тапанша атылды. Оқ ернімнен өтіп, тісімнің барлығын опырып түсіп, желкемнен бір шықты. Көзімнің бір қиығымен жерлесім Жақсығали Есенбаевтың итальяндықты атып тастағанын көрдім. Сосын маған келіп, жарақатымды таңып берді. Топ алға қарай жылжыды, мен кері кеттім...

Ардагерді ренжітіп аламын ба деп қорықсам да, қарттың қасына келіп, анықтап қарадым. Шынында да, төменгі ернінің ортасындағы тесік ебедейсіз тігілген екен. Қосымша дәлел ретінде атай аузынан алынбалы екі жағын шығарып көрсетті...

- 3-4 сағаттан кейін өзіміздің бөлімге қайта оралдым. Тістерімнің қалғанын жұлып тастап, айналдыра орап берді. Госпитальға баратын машинаны күт деді. Ол таңғы 8-де және кешкі 8-де келетін еді. Кешкісін келді, көлікке жаралылары тиелді, 21 адам, 22-ші болып менің орныма медбике отырды. Мен таңғы көлікті күтетін болдым. Таңертең жолда біз кешегі машинаны көрдік, итальяндықтар оны адамдарымен бірге жағып жіберген екен. Мен күл болып жанып кеткен мүрделерге қарап тұрып, ажалдан екінші рет құтылғанымды түсіндім...

Госпитальда жараны нашар, қисық тікті, ашық жерлері қалып қойды. Есімде, дәрігер Попов тексеру барысында өз қызметкерлеріне: «Аямаңдар, мұқият тігіңдер» деп ұрысты. Қызыл иегім, тамағым, таңдайым ісіп кетті, жұтына алмадым, сондықтан да госпитальда сүт құйылған шәйнекті аузыма тығып, тамағыма құйды.

 

ЕЛГЕ ОРАЛУ

Екі айдан кейін тісі жоқ жас жауынгер майданға қайта оралды. 2-ші Украина майданы, 884-артиллериялық полкке 120-миллиметрлі зеңбіректің нысанашысы болып орналасты. Днепрді азат етуге қатысты. - Днепрден ағаш понтонмен өттік, арғы бетте техникамызбен бірге балшыққа батып, үстімізден жау оғы қарша борады. Снарядтар сазды құмға тігінен қадалып, жарылмай қалып жатты. Ол қырғыннан да аман қалдым, бірақ бұл полкте көп қызмет атқармадым.

Аз уақыттан кейін Перво-майскіде тіземнен жеңіл жарақат алдым. Госпитальдан кейін жерлестерім қалған өзімнің туған 35-Гвардиялық дивизияға қайта оралдым.

- Сіз сол кезде орысша сөйлей алдыңыз ба?

- Түк те.

- Бұйрықтарды қалай түсіндіңіз?

- Бұйрықтарды тез игеріп алдым. Бастапқыда жолдас-тарымның жасағанын қайта-ладым: олар жатса, мен де жаттым, олар тұрса, мен де тұрдым...

1943 жылы желтоқсанда соңғы жарақатымды алдым – жарқыншақ сирақ сүйегімді тобықтан сәл жоғары тұсынан тесіп өтті. Тесік бітеліп қалса да, түрімен әлі күнге дейін қорқынышты. Сегіз айдан кейін екінші топ мүгедегі тіссіз, балдақпен елге оралды.

 

ЕҢ ТӘТТІ НАН

- Тылда қалай өмір сүрдіңіздер?

- Жалақы мен зейнетақының орнына колхоз көмекке тары, ұн берді. Әр адамға норма бойынша кәртішкемен май, шай, консервілер, тіпті шұжыққа дейін берді. Аштық пен кедейлік болған жоқ, алайда қиын болды. Ол кезде қазақтар балық ауламайтын, жергілікті орыстар суда күні бойы қармақпен тұратын. Қазақтар құмнан ақшоңқан (заманауи ботаникадан мұндай өсімдік таба алмадым, атайдың айтуынша, бұл тамырлы жеміс) теріп, оны кептіріп, соңынан қапқа салып уататын, осылайша қабығы мен топырағын алатын. Содан соң ұнға тартып, нан пісіретін. Сондай-ақ құмда құмаршық та өсті, оның қоңыр, сұлыдай ұсақ дәндерін жинайды, оларды құрғақтай қазанға қуырып, диірменге тартып, нан пісірді немесе сүтпен араластырып жеді. Ал майға немесе сорпаға салсаң, одан дәмді ас болмайтын. Секер болса, анамыз оны былай бөлетін, – деп атай өз тәрелкесінен картоптың бір үзіндісін алып, жұқалап төртке бөлді. – Алайда нан ешқашан қымбаттамады! Мынадай үлкен қалаш, - екі қолымен жуан ағашты құшақтағандай шеңбер жасап – 90 тиын тұрды. Дәмі қандай еді, иіскегенде сілекейің шұбырып тұратын. Ешқашан ондай тәтті нан жеген жоқпын.

 

МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ЭПОПЕЯ

Қ.Досымбетұлы жұбайы Гүлнәрмен бірге.Қ.Досымбетұлы жұбайы Гүлнәрмен бірге.Екі жыл өткеннен кейін Құрманбай балдақтарын тастап, жұмысқа орналасты. Аяғы бүгілмеді, сондықтан да бұрғылаушының көмекшісі платформа үстіне қадірлі қонақтай малдасын құрып отырып, жұмысын жасай берді. Аянбай жасаған еңбегінің арқасында Маңғыстау «Газмұнайбарлау» трестінің барлау бұрғылау учаскесінің бастығына дейін көтерілді. Ол өмір бойы мұнай саласында жұмыс жасап келеді – бақандай 54 жыл! Ол жақта да аңыз әңгімелер жеткілікті:

- Біздің (қазақстандық) геологтар Маңғыстаудың жер қойнауын зерттеп, көмір, мұнай, марганец және т.б. көптеген қазбалар тапты... Барлады, іздеді, құжаттамаларын жасады, бәрі де мұнайшылардың жеке қаражаттарына жасалды. Бұл миллиондаған ақша еді. Алайда, неге екені белгісіз, Хрущев бұл жерлерді түркімендерге қолдануға берді – оларға ондаған кемелер, баржылар, көптеген жабдықтар беріп, мемлекеттік қазынадан қаржыландыру бөлді... Мәскеуге хат жазу керек. Мұны кім жасайды? Форт-Шевченконың сол кездегі хатшысы Халелов Гурьев обкомының хатшысы Оңдасыновқа, ол Қонаевқа хабар берді. Қонаев Мәскеуге кім баратынын шешу үшін академиктерді жинады. Академик Қаныш Сәтпаев баруға ыхтиярын білдірді. Ол Хрущевке барлығын, соның ішінде компартияның орталық комитеті гурьевтік мұнайшыларға қаражат бермей отырғанын да айта келіп, Маңғыстау кенорнын қазақтарға қалдыруды, түркімендерге берген техникаларды бізге беруін, өз мұнайымызды өзіміз игереміз деп өтінішін білдірді. Хрущев көмек беруден бас тартты, алайда «өз күштеріңмен» игере алсаңдар, қалдырамын деді.

Содан кейін Новобогаттың барлау бөлімін, мен сол жерде жасайтынмын, барлық жабдықтарымен, қызметкерлерімен Маңғыстауға көшірді... Бұл 1953 жыл еді. Көлік жоқ, су жоқ, электр қуаты жоқ, адамдар жертөлелерде тұрды. Өте қиын болды. Ақша жетпеді, барлау тоқтап қалды, кері көшуді ойластыра да бастадық. Осы кезде Жетібайдың консервацияланған 6-ұңғымасынан мұнай атқылады! Осыдан кейін техника да, ақша да, су да, ұшақ та, Одақтың әр түкпірінен жүз бір ұлттың өкілдерінен тұратын жұмысшылар да келді... Содан кейін Маңғыстау облысы Гурьев облысынан бөлініп, жеке кетті. Үйге мен аурулығыма байланысты 1975 жылы мұнайшылар ауылы – Буровикке, қазіргі Ақжарға ауысып келдім. Ол кезде бұл жер сары дала еді, өзен жағасында бірнеше үй болатын. Мені тұрғын үй-қолдану учаскесінің бастығы қылып тағайындады. Бастығым Хисметов ауылды сумен, жарықпен, жылумен қамтамасыз етуді тапсырды. Бәрін жасадым, ауыл да өсе бастады.

 

РЕЖИССЕРДІҢ ТІЛЕГІ 

Соғысқа қатысушы ретінде ол зейнеткерлікке 53 жасында шықты, алайда мұнай саласында 70 жасына дейін жұмыс жасады. 5 бала өсірді. 85 жасына дейін 4 түрлі машина айдаған. Өткен жылы екі рет әйелі қайтқан қарт үшінші рет 54 жасар жесір Гүлнәрға үйленді.

Атайдың өмір жолы айтылып болғанда, шынтақтап, қолына сүйеніп отырған режиссер мырза бір қорылдап алды. Селк етіп, ұйқысынан оянған ол: «Жастар үшін, болашақ балалары үшін!», - деп ойнақы тілек айтты. Бәрі ду күлді, ал мен қосылмадым – Құрманбай Досымбетұлы мынадай екпінімен әлі талайды таңғалдырар!

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген автор

9 мамыр 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.