Атырау, 17 сәуір 02:16
 ашықВ Атырау +20
$ 448.81
€ 476.82
₽ 4.77

«Трамадол» - жастар есірткісі

15 291 просмотра

Біздің оқырманымыз дабыл қағуда. Атырау жастары бүгінде қала дәріханаларынан еркін сатып алуға болатын есірткілі «Трамадол» анальгетигін қолдануға әуес екен.

Оқырманымыздың (оны Айгүл деп аталық) ұлының денсаулығына қатысты проблемалар туындай бастаған кезде ол не ойларын да білмеген. Бұрын ешқашан ауырамын деп шағым айтып көрмеген дені сау жасөспірім қалшылдатқан ұстамалы аурумен ауыра бастаған. Ұлын Ресейге диагностикадан өткізіп, емдетуге апарады. Сол елдегі жетекші институттардың бірінің дәрігерлері жасөспірімнің проблемасы трамадолды қабылдағаннан кейін басталғанын сенімді түрде айтады. Ұлының бұл таблеткаларды қабылдайтынын анасы кездейсоқ білген. Ұзаққа созылмаған үнсіздіктен кейін ол осы дәрмекті рахат сезіміне бөлену үшін ішкенін, бұдан қауіпті болатындай  ештеңе байқамағанын, оның үстіне оның таныстарының көпшілігі осылай істейтіндігін мойындайды. Таблеткалардың өздері де дәріханаларда еркін, ешқандай рецептісіз сатылады екен. Айгүл әдейілеп тексеріп көріп, дәріханаларды аралап жүріп, препаратты сатып алмақ болады. Ірі дәріхана желілерінде оны сатпайды екен, ал ұсақ, жеке дәріханалардан таблеткаларды еркін сатып алған.

Атыраулық наркологтар бұл ананың алаңдаушылығын құптады. Олардың трамадол қолданған пациенттерді қабылдаған кездері жеткілікті екен.

«Жастар қазіргі кезде рахат сезіміне бөлену үшін бұл препаратты кеңінен қолданады. Бізге диспансерге ұстамалы аурулары бар пациенттер емделуге жиі түсіп жатады. Олар терапевтік дозадағы 1-2 таблетканы емес, есірткілік масаюға қол жеткізу үшін бірден 10 және одан да көп мөлшерде қабылдайды. Мұндай дозада ол есінен танып, қалшылдап, аузынан көбігі шығатын қояншық ауруына ұқсайтын ұстама ауруын туғызуы мүмкін. Препаратқа тәуелділігі артып кеткен жасөспірімдер мен бозбалаларды бізге туысқандары алып келеді. Жасөспірімдер үйлерінен заттарды ұрлап, туысқандарына өтірік айтып, сабақтарынан қала бастайды. Ақыр аяғында бұған себеп – препаратты қолдану екендігі анықталады. Героин секілді ауыр есірткіге «отырған» нашақорлар да кейде трамадолды қолданады. Бірақ өте сирек, негізінен өздерінің дағдылы мөлшерін тапқанша немесе героиннен «құтылуға» тырысқан кезде ғана қабылдайды. Трамадол есірткіге тәуелділерді емдеу үшін де қолданылады. Қабылдамау синдромы кезеңінде оларға осы препаратты егеді», - деп әңгімелейді облыстық наркологиялық диспансердің диспансерлік бөлімшесінің меңгерушісі Светлана ДОБРЫНИНА. Оның айтуынша, оның өзі де дәріханалардан жас жігіттер мен қыздардың трамадолдың бірден бірнеше орамасын сатып алғанын әлденеше рет байқаған. Маман ретінде олардың оны қалай пайдаланатындығын іші сезеді.    

Дәріханаларды аралап шыққаннан кейін Айгүл медициналық және фармацевтикалық қызмет көрсету саласын бақылау департаментіне хат жазады. Департамент басшысы Мұрат ҚҰЛБАСОВТЫҢ айтуынша, елімізде трамадол еркін сатуға тыйым салынған препараттар тізіміне кірмейді. Ал препаратты дәрігердің рецептісінсіз сатуға қатысты, осы арыз бойынша тексеру жүргізілетін болды. Департамент қызметкерлері дәріханаға сау етіп, баса-көктеп бара алмайды. Әуелі олар тексеру жүргізу үшін прокуратурадан рұқсат алулары тиіс. Содан соң бір тәулік бұрын тексерілетін орынға хабардар етулері керек. Ал сол уақытта фармацевттер препараттарды сөрелерден алып тастап немесе сатып алушыларда рецептінің бар екенін қамтамасыз етіп те үлгере алады.    

Айгүлдің ұлы, оның айтуынша, трамадол қабылдауды тоқтатыпты. Алайда оның денсаулығына қатысты проблемалар жоғалмаған. Жасөспірім ұстама ауруынан жапа шегіп, мамандардың үнемі бақылауында болуға мұқтаж болып отыр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА   

 

Трамадол— есірткілі анальгетик, апиынды рецепторлардың агонистік тобына жатады. Күшті анальгетикалық белсенділікке ие, жылдам және ұзақ әсер береді. Белсенділігі бойынша бірдей мөлшерде (тиісінше үлкен мөлшерде қолданылады) морфиннен кейінгі орында. Ішке егу кезінде тиімді әсер береді және парентеральды.  

Жанама әсерлері

Нерв жүйесіне әсер етеді.

Қатты тер бөлінуі, бас айналу, бас ауруы, әлсіздік, қатты шаршау, орталық нерв жүйесінің қарама-қайшы әсері (ашушаңдық, тағатсыздану, мазасыздық, бұлшық еттің құрысуы, масайрау, эмоционалды тұрақсыздық, елестеушілік), ұйқы басу, ұйқының бұзылуы, сананың шатасуы, қозғалыстың бұзылуы, орталық генездің түйілуі (көп мөлшерде тамырға шаншыған кезде немесе бір уақытта қатар антипсихотикалық дәрілік құралдарды (нейролептиктерді) тағайындағанда), күйзеліс, ұмытшақтық, когнитивтік қызметтің бұзылуы, парестезия, жүрістің теңселуі.

Одан басқа

Ұзақ қолданған кезде дәріге тәуелділік орын алады. Күрт тоқтатқанда – «бас тарту» синдромы пайда болады.

Есірткілік қасиеті

Препараттың ұсынылатын мөлшерінен сәл артық қолданғанның өзінде бастау алатын тәуелділік пен есірткіге тәуелділік проблемалары, айқын есірткілік масаю орын алатындықтан бірқатар елдерде, мәселен, Украина мен Белоруссияда бұл дәрмек ресми түрде есірткі деп танылған.

8 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.