Атырау, 25 сәуір 07:14
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Әміржан Қосанов: «Билікке «кет» деу - саясат емес»

4 736 просмотра

«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан ҚОСАНОВ Атырауда жұмыс сапарымен болып қайтты. Біз оны сұхбатқа тартқан едік.

- Алтынбек Сәрсенбаев пен Заманбек Нұрқаділовтің қазасынан кейін қазақстандық оппозиция қорқып қалған деген пікір бар. Дегенмен, «Азат» елбасын сынауға келгенде әрдайым сақтық танытады. Сондықтан болар, сіздерде кейбір басқа оппозициялық күштерге тән «Назарбаев, кет!» деген үндеу ешқашан болған емес.

- Назарбаевтың жеке басына сын айту біздің партиямыздың күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Бірақ бұл басты мақсат емес. Назарбаев секілді адамдар келеді, кетеді. Жүйенің өзін өзгерту керек. Біз Назарбаевты сынаймыз, әлі де сынайтын боламыз, алайда сонымен қатар биліктің басқа институттарының – парламенттің, үкіметтің, әкімдердің жауапкершілігі туралы айтатын боламыз. Өйткені, егер тек елбасының тарапына сын айтар болсақ, оппозиция қалған билік ұстаушылардың барлығынан жауапкершілікті алып тастаған болар еді. Ал олар болса, Елбасыны сынап-міней беріңдер, ал біз жайбарақат өз шаруаларымызды қалағанымызша тындыра берейік деген ойға қалады.

Жалпы, өткір ұран – белгілі бір партияның басты ықпалдылық көрсеткіші емес. Егер қазақстандық оппозиция митинг өткізетін болса, онда халық жеткілікті болуы тиіс. Біз осыған қол жеткізуіміз керек. Ал 5-6 адамнан тұратын флэшмобтардан ештеңе де өзгермейді. Бұл саяси партияның жұмысы емес, бұл режиммен келіспейтін жекелеген адамдардың жұмысы, бұл ҮЕҰ-дың жұмысы. Қатарында 50 мыңнан астам мүшесі бар саяси партия тек билікті үш әріпке жұмсай салмай («кет» деген сөзді айтып отырмын)салмақты жұмыс жасауы тиіс.

- Бәлкім, президент тарапына қатаң мәлімдеме жасауға батылдық жетіспейтін шығар?

- Егер сіз оппозицияның басты критерийі «Назарбаев кетуі тиіс» деген сөзді айтуға қабілетті болу деп есептесеңіз, мені солай айтты деп жаза қойыңыз. Ал әрі қарай ше? Біздің партиямыз: Назарбаев өзінен кейінгі жағдайға да жауапкер деп санайды. Арабтардың толқуы қызған кезде айтарлықтай мұнадй оқиға әзірге орын ала қоймаған Марокконің королі баспасөз конференциясын өткізіп, онда: «Мен, Марокко королі, біздің елімізде саяси реформа болатындығын мәлімдеймін» деді. Ол өзінен кейін не болатынын ойлап отыр.

«ПРЕЗИДЕНТТІҢ ТЕК БІР МҰРАГЕРІ БОЛУЫ МҮМКІН, ОЛ – КӨППАРТИЯЛЫ ПАРЛАМЕНТ»

- Сіз арабтар әлеміндегі қазіргі оқиғаларды қозғадыңыз. Қалай ойлайсыз, олар Қазақстандағы саясатқа ықпал ете ала ма?

- Олардың ықпалы тиді. Бұл толқу басталып жатқанда, Ақ орда ойланып, мерзімінен бұрын сайлау ұйымдастыруды ұйғарды. Алайда олардың президент өкілеттігін 2020-шы жылға дейін ұзарту туралы референдум өткізудің жедел жоспары бар болатын. Біздегі ахуал арабтардағымен бірдей: биліктің «мәңгілігі», сыбайлас жемқорлықтың күштілігі және мұрагерлік. «Әл Тахрир» алаңына шыққандар қолдарына «Азаттық» деген ұрандарды ұстап шыққаны есіңізде болар. Бұл менің жанымды жылытты. Демек, бұл сендер адал сайлау, сөз еркіндігі қажет және т.б. деп езбелей бересіңдер, адамдарға оның түкке керегі жоқ, оларды бағалар мен тарифтер ғана мазалайды деп айтатындардың қателескенін білдіреді. Олай емес екен.

- Елімізде биліктің ауысуына қол жеткізу үшін қаншалықты әрекет етуге дайынсыз?

- Саясаткер ретінде мен күш қолдану әдісін, орынсыз батыл әрекеттерді жақтамаймын. Алайда ахуалды бағалауда принципшілдік өзгеріссіз қалады. Егер маған революцияшылдық пен эволюцияшылдықты таразылауды ұсынса, мен екіншісін таңдаған болар едім. Дегенмен, шынын айтқанда, халық пікірін Ақ орда елемеген сайын, мұның біріншісі тез орын алуы мүмкін. Сол кезде біз де азаматтарымызбен бірге боламыз!

Назарбаевтан кейінгі кезеңнің орын алары сөзсіз. Президенттің өзін қосқанда біздің бәріміз осы кезеңге дайын болуға тиіспіз.

-Бар проблема президенттің нақты мұрагері жоқтығында жатқан болар?

- Назарбаевтың бір ғана мұрагері болуы тиіс, ол – оның серіктестері, оппозиция және билікті де, оппозицияны да қолдамайтын үшінші тараптан тұратын көппартиялы парламент. Өйткені, Назарбаевтың қолында бар өкілеттілік пен жауапкершілік жүгі бір адам үшін өте ауыр. Егер біз тіпті Мұхаммед пайғамбардың өзін әкелсек те, ол қоғамдағы жағдайға ие бола алмас еді. Назарбаевтан кейін тек көппартиялы парламент қана Қазақстанның әрі қарай өркениетті дамуына кепіл бола алады.

«САЙЛАУҒА ҚАТЫСПАЙМЫЗ, БІРАҚ ҚАДАҒАЛАЙМЫЗ»

- Дегенмен де, бүгінде халық оппозициялық партияларға сенімсіздікпен қарайды. Сіздерде партия қатарының толығуы қалай жүріп жатыр?

- Мен аймақтарда жиі боламын. Қазір Индер, Махамбет аудандарында болып қайттым. Маған Индер ауданындағы жастардың көздерінің ашықтығы ұнады. Өйткені, ауыл жастарына көпшілігі бейшаралар секілді қарайды. Ал мен жағдайды айқын көріп отырған, билікке сынмен қарайтын жастарды көрдім. Олар әзірге біздің партияның мүшелері емес, бірақ интернет арқылы, БАҚ арқылы еліміз бен әлемде не боп жатқанын біледі. Біз осы сапарларымызды жалғастырамыз, партиялық құрылымдарымызды күшейтетін боламыз. Қазір біздің партиямыздың әйелдер мен жастар қанатын құрудамыз.

- Сіздің партия сайлауға қатыспайтындығын мәлімдеді.

- Иә, біз өзіміздің үміткерімізді анықтағанымызбен сайлау деп аталатын кезекті қойылымға қатыспауды жөн көріп отырмыз. Алайда, бұл біздің саяси күресті жүргізуді тоқтатқандығымыз болып есептелмейді. Егер сіздің есіңізде болса, ЕҚҰЫ сөйлер алдында ресми Қазақстан заңға кейбір бояма өзгерістер енгізген болатын, оның ішінде мынадай: «сайлау комиссиясында саяси партия өкілі» деген  мәртебе пайда болды. Енді біз барлық аймақтарда өз өкілдерімізді сайлау комиссияларына ұсынбақшымыз. Орталық сайлау комиссиясына бірнеше хаттар жолдадық, бірақ, әлі күнге дейін анық жауап жоқ, тек жалпылама сырғытпа жауаптар ғана. Атырауға келер алдында мен коммунистер көшбасшысы Ғазиз Алдамжаровпен әңгімелестім. Біздер оппозицияның тек саяси партиялар арқылы ғана емес ҮЕҰ және ҚБ арқылы да барынша көп учаскелерді қамтуы үшін әрекеттерімізді қалай үйлестіру керек деген мәселені талқыладық. Барлық құпияны жайып салмағаныммен, айтарым, біздер де қол қусырып отыра бермейміз, сайлау мониторингтерін жүргізетін боламыз.  

БАС ӘШКЕРЕЛЕУШІГЕ САУАЛДАР

- Женевада президент Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа қарсы ақша жымқырды деген факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әңгіме аз ба, көп пе, швейцарлық банктік есепшоттардағы $600 млн туралы болып отыр. Сіз осыны өзіңіздің партиялық үгіт-насихатыңызда  көзір ретінде неліктен  қолданбай отырсыз?

- Сіз сонда республикалық масштабтағы саяси партияның күн сайын Назарбаев отбасы мүшелері туралы ақпараттарға араласумен ғана айналысқандығын қалайсыз ба? Менің мақалаларымды, әріптестерімнің сұхбаттарын оқып көріңіз, біз сөзсіз бұған селт етпей отыра алмаймыз, нақты құқықтық бағасын береміз. Ел экономикасындағы президент отбасының «жайлап» алған рөлін әлі де сынай беретін боламыз. Алайда, мен саяси партия президенттің бір күйеу баласына қарсы күреске ғана баса назар аударуға тиісті деп есептемеймін. Бұл бар болғаны үлкен жұмыстың тек бір ғана бөлшегі. 

- Егер Рахат Әлиев Викиликте Қазақстан жерінің Қытайға берілгендігі жөніндегі уәде еткен құжаттарын жариялайтын болса, сіздің партияңыздың әрекеті қандай болмақ?

- Бәрінен бұрын Әлиев мырза өзінің салық полициясынан басталған, ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары лауазымына дейінгі аяқталған қызметіне қатысты маңызды сауалдарға жауап беруге тиісті. Алтынбек пен Заманбектің, Батырхан Дәрімбеттің  өлімі туралы, банкирлердің жоғалуы, Қажыгелдинмен оның күзетшілерінің сотталуы туралы, Жақиянов пен Әблязовты қудалау туралы, Қосановты ұрып-соғуы туралы сауалдарға да жауап беруі керек. Айта кету керек, тіпті, ең лас деген қолдан жасалаған компроматтың өзі  компромат болудан қалыспайды. Және оның Ақорданың пейіліне қатысты бұзу пиғылы, оның ішінде күні кеше ғана сенімді тұлғалардың бірі болған одан  сол ортаның барлық құпиялары мен сырларын ашу үшін де керек. 

- «Азаттан» оппозициясының байырғы өкілдерінің бірі Төлеген ЖҮКЕЕВ шығып кетті. Оның бұл кетуінің себебі немен байланысты? Бұл жағдайды партия ішіндегі қандайда бір туындаған алаауыздық деуге бола ма?

- Бұл сауалды Жүкевтің өзіне қою керек. Мен таяуда онымен әңгімелестім, ол саяси жұмыстармен, Сәрсенбаев қорымен айналысуда. Бұл оның өз таңдауы. Онымен арада ешқандай ұрыс-керіс болған жоқ. Біз Төлеген Жүкеевтің тәжірибесін бағалаймыз және онымен әрі қарай да жұмыс істейтін боламыз.

- «Алға» партиясының белсенділерін, «Арман» қоғамдық қозғалыс көшбасшысы Ермек Нарымбаевты және басқа да оппозиционерлерді  соттады. Неге біз «Азат» ЖСДП тарапынан оларға деген ниеттестікті көре алмай отырмыз?

- Сіз неге олай деп есептейсіз? Бізде Козловпен серіктестік қарым-қатынас бар, ақпараттармен алмасамыз, бір-бірімізден қандай көмек керек екендігін сұраймыз, бірлескен әрекеттерді талқылаймыз. Өздеріміздің барлық мәлімдемелерімізде біздер Жовтис, Рамазан Есергепов, Нарымбаев, тіпті, біздің партиямыздан кеткеннен кейін бізді сынға алған Айдос Садықовтар туралы айтып отырамыз. Бұл біздің ұстанымымыз.

ТОЙДАҒЫ ПІКІР АЛМАСУЛАР

- Айтыңызшы, «Азат» ЖСДП мен Ақ орда арасында өзара диалогтар болып тұра ма?

 - Біздің бәріміз де тірі адамдармыз ғой. Мен өз кезінде үкіметте жұмыс жасадым, көптеген адамдармен байланыста болдым. Менің әріптестерім Жармахан Тұяқбай, Болат Әбіловтердің билік басында қызмет атқарған тәжірибелері бар. Болат - депутат болса, Жармахан - бас прокурор, парламент спикері болды. Қандай да бір шараларда, ас берулер мен тойларда біз билік басындағы адамдармен араласа аламыз. Жеке кездесулер мен байланыстар да бар. Бұл қалыпты жағдай. Біз бір елде тұрып жатырмыз ғой! Алайда, бұл сепартистік келіссөздер, құпия келісімдер не болмаса жеке проблемаларды шешетін кездесулер емес. Біз жеке кездесулердегі әңгімелерде өзгерістің керектігін, саяси жүйені ырықтандыру керек екендігін айтамыз. Дегенмен, біз президент командасында жұмыс жасайтын  өз таныстарымыздың пікірін жүз пайызға өзгерте алмаймыз.

- Сіз еліміздегі дәл қазір шешімі күттірмейтін  қандай үлкен проблеманы айтар едіңіз?

- Әлеуметтік әділеттіліктің жоқтығы. Қоғамның жікке бөлінуі жүріп жатыр. Үлкен трассадан селоға дейін баратын дұрыс жолы жоқ Есбол селосының тұрғыны қазақтың мұнайының шетелге кетіп жатқанын көріп отыр, ал, оның әлеуметтік кепілдігі жоқ, ол өзіне үй сала алмайды, оның өз  болашағына деген сенімі жоқ. Ол президенттің күйеу баласының шетелде 10 млн. фунт стерлингке коттедж сатып алып жатқандығын оқиды, ал, өзі жанұясын асырау үшін 10 мың теңгені таба алмай отыр. Міне, елдегі ең басты проблема осы.

Сәния ТОЙКЕН

Суретті түсірген автор

30 наурыз 2011, 19:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.