Атырау, 25 сәуір 03:10
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Қамалға айналған перзентхана

8 862 просмотра

- Біздің үстімізден не деп шағымданады? Біз жақында ғана ашылдық, содан болар барлығының назары бізде. Бізде бәрі жақсы!-деп ашынды Алмагүл мөлтек ауданындағы қалалық перзентхана үйінің дәрігерлері менімен жүздескен сәтте.  Ал, менің бұл сапарыма жаңа мекеменің жұмысына қатысты толассыз айтылған шағымдар себеп болды.

АЯЗДАЙ ҚАҺАРЛЫ ҚОЖАЙЫН…

Бұған дейін мен бұл жерде ақпанда болдым. Осында жатқан туысқаныма келген едім. Сол кездегі 25 градусты аязда, перзентханадағы жатқандарға тамақ қабылдайтын терезе және ішке кіргізетін есікті сағаттап күткен біздің оқырмандарымыздың күйін мен де өз басымнан өткізіп көрдім. Қатаң жүзді апай, ішке киетін аяқ киімнің жетіспейтіндігін айтып, дәлізге тек санаулы  адамдарды ғана кіргізіп отырды. Ал, қалған жұрт аязы даладан кем түспейтін тамбурда сеңдей соғылысты. Бұл жерде 15 минутқа кіріп шығу 100 теңге тұрады. Палаталарға кіруге болмайды, салқын холлда ғана сөйлесуге (әйелдердің айтуынша, палаталар жылы болған) рұқсат берілді. Сол кезде біздің редакциямызға қоңырау шалған көптеген оқырмандарымыз секілді мына бір мәселе көңіліме оралды: билік салық төлеушілердің ақшасына (яғни, сіз бен біздің) егер қарапайым азаматтарға кіруге болмайтын болса, үлкен холлдары бар әдемі перзентхана үйлерін неге салады?! Облыс әкімінің блогында қалалық азаматша өзінің дәлелді хатын жолдаған екен. Хатта ол өзінің ақпан аязы кезінде толғағы ұстаған қызын түнде осы перзентханаға әкелгенін баяндайды. Ұйқылы-ояу санитарка есікті тек 20 минуттан соң ғана ашқан, онымен қоймай, ұрысып тастаған. Жүкті әйелді ішке алып, анасын көшеде қалдырған. Сыртта қалған қыз анасының төзімі олардың қызын жоғары қысымына орай қабылдаудан бас тартып, облыстық перзентханаға жіберген сәтте таусылған.

АКУШЕР ҮШІН ЖАДЫНАМА

Осындай жағымсыз әсерлермен қаруланып алған мен өзімді күтіп отырған (бас дәрігермен алдын-ала келісілген келісім бойынша) перзентхана қызметкерлерімен кездесуге аттандым. Диван және декоративті гүлдермен безендірілген үлкен холлда бас дәрігердің орынбасары Серік ТӨРЕБАЕВ пен босандыру залының меңгерушісі Айгүл ШМАЛИНА қарсы алды. Болашақ босанатын әйелдерді қабылдайтын бөлмеге әкеліп, қансырау кезінде әйелдерге жедел көмек көрсету үшін қажетті деген атрибуттарды көрсете бастады. Тіпті, қиын жағдайлар орын алған кезде дәрігерлерді жедел шақырту жүйесінің де қалай жұмыс жасайтындығын көрсетті. Спикер-фон режимінде медбике қансыраған әйелдің түскендігін хабарлады, бірнеше минуттардан соң бөлмеге бірнеше дәрігерлер келді. Олардың айтуынша, осындай жағдайлар орын алған кезде осылай жұмыс жасайды екен. Мұндай жағдай соңғы рет осы жылдың ақпан айында болған, бір әйелді «Дина» базарынан әкелген.

- Көрдіңіз бе, жаңа ереже бойынша палаталар мен кабинеттердің қабырғаларына осындай және басқа да жағдайларда дәрігерлерге не істеу керектігі жазылған хаттамалар ілінген,-деп көрсетеді С.Төребаев.

- Ал, асқынулар мүлдем түрлі ауруларда да бола береді емес пе, сондықтан да стандартты хаттамаларға көшу өзін-өзі қаншалықты ақтады?

- Әрекет етудің мұндай алгоритмі қажет. Әрбір қадамың жазылып тұрғаннан соң ба, жұмыс істеуге қолайлы және оңай, оларға нақты бір белгіленген уақытың кетеді. Біз тұрақты түрде сырқаттардың асқынулары барысында жас дәрігерлердің қандай әрекеттер мен шешімдер қабылдауы керектігі үшін іс-тәжірибеде қолданып отырамыз.

- Алайда, мұндай алгоритмдер дәрігерлердің диагноздарды дұрыс қоймағандығының  жауапкершілігін алып тастамайтын болар?

- Біздің басты мақсатымыз - қан кетуін тоқтату, ал, оның пайда болу механизмі, әдеттегідей, бір нәрсе. Және оған ілеспелі сырқаттар бұл жерде аса көп әсер ете қоймайды. Ал, алгоритмдер дәрігерлерге неден ұстарыңды білмей отырған шақта асып-саспауға көмектеседі,-дейді акушер-гинеколог Мәдина КУЛЬЧИКОВА, босанғаннан кейінгі бөлімнің меңгерушісі Назымгүл МЕҢДЕШЕВА,  дәрігер-ординатор Жайнар ҚАНАТБАЕВА.

КАДР МӘСЕЛЕСІ ӨЗЕКТІ

- Қалалық перзентханада тәжірибелі кадрлар жоқ деп кінә тағады. Оларға қарағанда облыстық перзентханада дәрігерлер көп және олар барынша тәжірибелі. Ал, іс жүзінде қалай?

- Бізде 26 дәрігер бар, олардың ішінде тек бірнешеуі ғана жас, қалғандарының барлығы да тәжірибелі мамандар. Олардың бірі 30 жылдық еңбек өтілі бар Анатолий Шанаев. Бәлкім, біздің дәрігерлеріміз жас көрінетін шығар?!  Қалай ойлайсыз, мәселен мен қанша жыл жұмыс жасағанмын?-деп бас дәрігердің орынбасары ойнақылана сұрады.

-Енді, бәлкім, бес жылдай шығар?

- Жоқ. Менің еңбек өтілім 14 жыл. Мен өзімнің әріптестерім секілді жас көрінетін шығармын.

- Сіздерде Атырауға танымал дәрігерлерЯровая мен Демина жұмыс жасайды деген алып-қашпа әңгімелер айтылды.

-Иә, олар бізде бірінші жартыжылдықта жұмыс жасады. Кейін олар Пензаға көшіп кетті.

ТАҢДАУ ЕРКІ БАР

Босанғаннан кейінгі кең де үлкен үлгілі деген палатада маған жаңа туған сәбиі бар Анна КУЗНЕЦОВАНЫ көрсетті. Сол сәтте Анна өзінің кішкене қызын емізіп жатқан болатын. Енді жаңа ереже бойынша жаңа туған сәбилерді жаялыққа орамайды, бірден кіп-кішкентай киімдерді кигізеді: балалар телпегі, нәрестенің түймесіз жейдесі, ползунки және кішкене қолғап. Осылайша киінген кішкене қыз анасының омырауын еміп жатты.  

- Анна, сіз арнаулы креслода ма, әлде кушеткада босандыңыз ба?

- Кушеткада босандым.

- Бізге редакцияға көптеген әйелдер өздеріне босандыратын креслода босануға мүмкіндік бермеді деген шағыммен  қоңырау шалады. Сізге босану кезінде қолайлы болды ма?

- Мен тіпті, бір жағынан толғақ қысып жатқанда, ол аздай сол креслоға қалай шығады деп таңдандым. Маған кушеткада босанған қолайлы болды, дәрігерлер көмектесті. Оларға көп рахмет.

- Көпшілігі осыдан бірнеше жыл бұрын енгізілген қауіпсіз ана болу ережесіне әлі күнге үйрене алмай келеді. Ережеге сәйкесті әйелдер өзіне қолайлы деген күйде, тіпті тұрып та босана алады,-деп түсінік береді перзентхана үйінің бас дәрігері Гүлзейнеп ДҮСІПОВА.

-Бізде соңғы кездері біраз әйел резинді кілемше үстінде, яғни, еденде жатып босануды қалады. Және біз олардың қалауына кедергі бола алмаймыз. Біз тағы да әйелдерге бүгінгі күндері босанғаннан кейін ішке салқын мұзды салмайтындығын түсіндіріп айтудан шаршадық.

НЕМЕРЕЛЕРІНЕН БАС ТАРТПАЙДЫ

Бас дәрігермен әңгімені жалғастыра бердім:

- Жұмыстарыңызда бастаған сәттен бері сіздерде баласынан бас тартқандар саны қанша болды?

 - Бастапқыда балаларынан бас тартып, кейін анасымен және туысқандарымен болған біздің әңгімелесулерімізден кейін балаларын алып кеткен бірнеше жағдайлар болды. Әзірге бірде-бір баланы, тіфә-тіфә, сәбилер үйіне жібере қойғанымыз жоқ. Әңгіме жас қыздар туралы қозғалғанда, әсіресе, селолық жерлерден келгендердің  ата-аналарын шақыртып аламыз. Әдетте, әжелер немерелерін тастап кетпейді, өздерімен бірге алып кетеді.

- Жансақтау бөлімінен маған түрлі кемістік ақаулары бар қыз баланы көрсетті. Мұндай балалар бізде көптеп дүниеге келе ме?

 - Құдайға шүкір, көп емес. Менің бақылауым бойынша мұндай жағдайлар азайды. 2007-2008 жылдары аурулы бала дүниеге көп келді. 

- УЗИ арқылы сәбидегі осындай кемістік ақауларды көруге тиісті емес пе?   

- Иә, оның үстіне ол әйелдің үлкен балаларының бірінің осындай кемістік сырқаты бар, демек, оны дәрігерлік-генетикалық сараптамаға жіберуге тиіс еді.

- Сіздердің перзентханаларыңызда қанша ана мен бала өлімі тіркелді?

- Жыл басынан бері бізде, тіфә-тіфә, аналар өлімі тіркелген жоқ. Бірақ, бала өліміне қатысты 4 жағдай орын алды. Барлық жағдайда да сәбилер дамуында кемістігі болып туылды. Біздің перзентхана үйінің екінші деңгейлі мекеме болып табылатындығымызды айта кету керек. Қажеттілік жағдайлар орын алған сәттерде әйелдерді үшінші деңгейлі мекеме болып табылатын облыстық перзентханаға жібереміз.  

ХОЛЛДАН БАСҚАНЫҢ  БӘРІ КӘДЕГЕ ЖАРАП ТҰР

Маған әрқайсысында кәріздері бар палаталарды, емшек сүтін берудегі артықшылықтар туралы роликтерді теледидар арқылы болашақ аналарға таныстыратын демалыс бөлмелерін көрсетті. Бір-бірінен әйнекті қоршаулармен бөлінген, ортақ кәріздері бар тар боксты палаталар. Біз бас дәрігермен арадағы әңгімемізді одан әрі жалғастырдық: 

- Сізге қандай шалағай істер туралы айтып жүр? Иә, басында проблемалар болды. Мердігерлер орнатқан құрал-жабдықтар бізге ұнамады, кейін біздің қойған талаптарымыздан соң бізге бәрін ауыстырып берді,-дейді Г.Дүсіпова. – Бізде басқа клиникаларда жоқ құрал-жабдықтар бар. Барлық жансақтау палаталарында ана мен баланың жағдайын бағалайтын мониторлар, әрбір науқас туралы мәліметтерді дәрігерлер орталық компьютер бойынша бақылап, алып отырады. Мен саған әрқайсысы 12 млн. теңге тұратын кювезді, барлық палатадағы «аисты» (жылытқышы бар жаялыққа арналған үстел-Л.С.), операциялық мониторлар, жаңа туған сәбилерді және реанимобильді тасымалдау үшін транспорттық кювезді көрсеттім. Біздің мақтанышымыз- плазмалық залалсыздандырғыш және медициналық құралдарды залалсыздандыру қондырғысы. Ондай қондырғылардың құны-31 млн. теңге, 9 млн. теңге болады.

-Аталмыш ақпарат көздерінен белгілі болғанындай, ғимараттың тек жартысы ғана жұмыс істеп тұрғанға ұқсайды?

- Бұл қысыр әңгіме. Біз толығымен жұмыс жасап жатырмыз. Тіпті, күндізгі стационар ашқымыз келген, алайда, бос бөлмелер таппадық. Ғимарат үлкен холлдардың салдарынан бос болып көрінеді, бірақ, барлық алаңдар бос тұрған жоқ. Екі операция бөлмесінің орынына үшеу етіп қойдық. Лапароскоп сатып алуды жоспарлап отырмыз, облыстық әкімдік ақша бөлді. Қазір мамандарды оқытып жатырмыз. Ал, жыл аяғында экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) зертханасын ашуды жоспарлап отырмыз.

КЕЛУШІЛЕРДІҢ ӨРЕСІ ӨСКЕН ЖОҚ

- Дегенмен, сіздердің перзентханаларыңыз неліктен режимді нысанға ұқсайды?

- Біз ашылғаннан кейін холлды бір айға ашқан едік. Одан не таптық? Дивандарды тілімдеп кесіп, гүлдерді ұрлап, стендтерді бүлдірді. Содан кейін біз орталық кіру есігін жауып тастадық, ал, келушілерді холлға лифтімен шығарамыз.

- Қыста ғимарат іші өте салқын...

- Иә, салқын. Өйткені, әр қабаттағы холлдағы екі радиатор үлкен кеңістікті жылытуға шамасы жетпейді. Болашақта үлкен ойық жерлерді гипсокартонмен жабуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, әйелдер мен балаларға жылы және қауіпсіздеу болады.

- Мені қашан да дәл осы перзентханадағы санитаркалар мен медбикелердің пациентеріне дөрекі болатындығы таң қалдыратын.

- Қазір олай емес. Дәрігердің еңбекақысы кезекшілігімен қосқанда -100 000-180 000 теңге, ал, медбикелердікі -40 000 теңгеге дейін.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

30 наурыз 2011, 19:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.