Атырау, 28 наурыз 22:16
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

«Алтын сақа-2011»

8 186 просмотра

Жыл басы - Наурыз балалардың басын тағы да қосты.  Жылдағыға қарағанда биылғы күннің райы әжептеуір жақсы болды деуге тұрарлық. Күннің қабағы түюлі болғанымен, тосын сый көрсете қоймады.

Газетіміз өткізетін дәстүрлі «Алтын сақа» асық ойнаған жеткіншектердің бағын тағы бір рет сынады. Биылғы ойынға асықтарын сайлап, жеңіске жетем деп келген балалар саны аз болған жоқ. Редакцияға күні бұрын мектептен алған анықтамалары мен бір жылға газетке жазылған түбіртектерін әкеліп үлгергендерден басқа, ойын өтетін алаң - Иманғали мешітінің алдына өздерімен бірге ала келгендер көп болды. Тіпті, ойын басталып кеткенде «қатысуға бола ма?» деп алқына жеткендер де аз болмады. Ауылдың да, қаланың да баласы бар. Қатысқандар ішінде жыл сайын қатысып келе жатқан Жақсылық Тұрдалы, Нұржан Басаролла, Қызылқоға ауданынан келген Төлеуіш Айдос, Мұрат Ұлан, Райымбектер бар. Ойыншыларымыздың ең кішілері және алғашқы рет ойынға қатысушы  Қызылтудан (Қызылқоға) келген Мейрамбек Бақтығалиұлы мен М.Өтемісұлы атындағы орта мектепте оқитын Әділет Шыныкенов болды. Оның екеуі де екінші сынып оқушылары. Сондай-ақ, Мұқыр орта мектебінен келген Қырықбай Сәбит те өз бағын алғаш рет сынап көрді.

Жас ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөлінген балалар «Омпыны» ойнап, сақаларын бәйгеге тікті. Ойын шарты бойынша сақаға дәл көздеп тигізген бала жеңімпаз атанады. Бірінші топтан сақаға дәл тигізген қызылқоғалық Ұлан Мұрат алғашқылардың бірі болып финалға шықты. Ұлан Ш.Еркінов атындағы орта мектептің 6-шы сыныбында оқиды. Екінші топтан да Қызылқоға ауданынан келген Райымбек есімді ойыншымыз жеңіп шықты. Ол да Ұлан оқитын мектептің оқушысы. Ал, үшінші топтан жеңіске жеткен Әділет болды.

Сонымен ақтық ойынға шыққан үш ойыншымыз өзара сайысқа түсті. Ақтық ойынның жеңімпазы Махамбет Өтемісұлы атындағы орта мектептің 2 «б» сынып оқушысы Әділет Шыныкенов  болды. Екінші орын Ұланға бұйырды. Үшінші орынды қызылқоғалық Райымбек жеңіп алды. Жеңімпаздарымызға сыйлықтар-бірінші орын иесіне велосипед, екінші орынға ролик, үшінші жеңімпазға скейтборд табыс етілді. «Ақ Жайық» газетінің мақтау дипломдары жеңімпаздармен қатар, қатысушы балалардың барлығына берілді. «Ақ Жайық» газетінің жыл сайын өткізіп келе жатқан дәстүрлі «Алтын сақа» ойыны сөйтіп өз мәресіне жетті. Жеңімпаздарымызды өз жеңістерімен құттықтаймыз! Қатысушыларымызға қашанда сәттілік тілейміз! Жеңісті күндерде жолыққанша!

Гүлсара ҚАЙЫРОВА

Суреттерді түсірген В.Истомин 

23 наурыз 2011, 21:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.