Атырау, 20 сәуір 13:36
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Шатырдан шу шықты

4 618 просмотра

Атыраудағы Нұрсая ықшам ауданына қоныстандырылған Мақат ауданы Комсомол кенті тұрғындары ие болған баспаналарының жағдайына риза емес. Өздерін «алдап көшірді» деп санайтындықтарын мәлімдеген олар, наразылық акциясына шығып, сайлауға байкот жариялауға мәжбүр болып отырғандарын айтып отыр. Олардың басым көпшілігі «ЕмбіМұнайГаз» өндірістік филиалы мұнайшылары.

Атыраудың жаңадан бой көтерген Нұрсая ықшам ауданындағы бес қабатты үйге қоныстандырылған комсомолдықтар тура әлгі шведтік жазушының белгілі әңгімесі «Шатырда тұратын Карлсон» секілді... шатырда тұрады. Үйдің ішінен ылғалдың иісі мүңкіп, дем алатын ауа жоқ. Ал шатырдың қабырғалары сыздан көкпеңбек болып кеткен. Мұның барлығына «АЖ» тілшісі комсомолдықтардың үйіне барғанда көз жеткізген.

Олар бұнда көшіп келген тамыз айында бөлмелердің жағдайы жақсы болған көрінеді. Дегенмен комсолдықтар басында жайлы қоныстарын тастап көшкісі келмегендерін айтады. Өйткені олардың әлеуметтік-экологиялық жағдайы нашар делініп, күреліп тасталған Комсомол кентіндегі баспаналары 1991 жылы ЕмбіМұнайГазға қарасты Доссор мұнай-газ өндіру басқармасының (на русском НГДУ деп аудар)  кірпіштен салған үйлері екен. Күз түсіп, қолдағы бала-шағаның мектептегі оқуы жақындаған соң амалсыз келген. «Көшпейміз» деп өздерінше тіресіп баққан 4-5 үйге Мақат ауданы  әкімшілігіндегілер суды, жарықты қиып, қолдан келген құқайларын көрсеткен соң, олар да қазан айында ауылдастарына қосылыпты.

Шатырдан пәтер алғандардың бірі Тоғжан ДОСЖАНОВАНЫҢ  айтуынша олар енді бұрынғы үйлері үшін өтемақы да ала алмайды.

- «Сендер қалаға жайлы үйге көшесіңдер, қол қойыңдар» деген соң, «үйіміз апатты жағдайда тұр» деген актісіне қол қойып бердік. Енді бізге әкімшіліктегілер «өтемақы берілмейді, жасалған актіге сәйкес үйлерің құлағалы тұрған үй еді, ал мынау бәлен миллион теңге тұратын пәтер» деп отыр,-дейді ол.

- Біздің ақ кірпіштен салынған үйіміздің жалпы ауданы 114 шаршы метр еді. Бұған қоса қасымыздан жер алып, оған фундамент те құйып қойғанбыз. Мұнда келгенде тек екі бөлмелі ғана пәтер берді, онысының түрі мынау,-дейді шарасызданған әйел.

Мұнайшылар баспанасының жайын мұң қылып жазбаған жері қалмаған. Атырау қаласы әкімі Мереке Исмұратовқа да, облыс әкімі Бергей Рысқалиевқа да, «Нұр Отанға» да арызданыпты. Ал қала әкімі орынбасары Әділбек Нұрлығожиев баспанасын ауыстыруды сұраған мұнайшыларға «сендердің арыздарың енді қаралмайды» деп шорт кесіпті.

- Бәрінен батып отырғаны әр отбасында емшектегі жас бала бар. Қыстай дірдектеп шықтық. Ток пешпен күн көргендей болдық. Терезеге мұз қатып, бала- шаға ауру- сырқаудан көз ашпады,-дейді шатырдағы пәтерлердің бірінің иесі «Мәтін» БК мұнайшысы Жаңылсын ЖҰБАНҒАЛИЕВА.

Таң қалатының мұндағы шатырда тұратындардың барлығы да мұнайшылар. Яғни жүйелі ой олардың еңселі де жайлы, сәулетті қоныс та тұруы керек емес пе дегенге итермелейді. Аяныштысы, арасында дені-сау жанұяны сирек көресің. Ентікпе, талма, өкпе ауруы дейсіз бе сырқаттар шоғыры әр үйден табылады.

Екі баласы бар жас отбасы Қайрат Опиндер де осы шатырдан тұрақ тапқан.

Балаларының үлкені 10 жасар Мейрамбек Атырауды дендеп тұрған өкпе ауруынан екі жыл емделіп, үйіне өткен желтоқсанның аяғында келген екен. «АЖ» тілшісі келгенде сыз тартқан аңыраған бөлмеде құрақ көрпені бүркеніп, бүк түсіп жатты.

Сыз бен көк өкпе құрты үшін таптырмас орта емес пе?

- Мына баланы қайта емханаға жібергендеріңіз дұрыс болар деймін жаным ашып. Сөзімді құлағы шалған Мейрамбек жанталаса басын шайқап жатыр. «Бармаймын» дегені.

Анасы  Зәмзәгүл ЕРБОЛАТОВА қала әкімі орынбасары Әділбек Нұрлығожиевтан жазған шағымына «пәтерлер бөлініп қойылды, 9 мың адамның үй күтіп жүр, балаңның аурулығы туралы анықтама алып, сен де кезекке тұр» деген жауап алдым дейді.

 Ал отағасы жұмыссыз. Комсомолда тұрғанда темір жолда еңбек еткен. Енді қалаға  көшкен соң  жалдамалы жұмыспен күн көріп жүр.

- Әлгі шатырда тұратын Карлсонша ойласақ «мұның бәрі түзеуге болатын, өмірдің ұсақ-түйек мәселелері». Бірақ қалай? Әзірге мұнайшылар бұл сауалға жауап тапқан жоқ. Дегенмен тығырықтан шығудың жолын өздеріне ойлап отыр:

- Жағдайымызды тікелей айтуға Рысқалиевтың өзіне кіргізбеді. Орынбасарының бірі қабылдап «сендерді Атырауға кім шақырды? Ұнамаса қайта Комсомолға көшіп кетіңдер» деді.Ендігі қалған амал ауылдастардың басын құрап, наразылық акциясына шығу. Тым құрымағанда сайлауға байкот жарияласақ, мұңымыз елді тағы басқаруға ниет етіп отырған елбасының құлағына шалынар,-деп үміттенеді комсолдықтар.

Облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ болса жыры бітпеген мұнайлы ауылдар көшін ірілі-ұсақты мінбелерден жарнамалаудан жалығар емес.

- Облыс басшылығы Комсомол, Қошқар, Бек–бике тәрізді болашағы жоқ ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту үшін кешенді шаралар жасады. Соның нәтижесінде осы 3 елді мекеннің 211 отбасы облыс орталығы мен Махамбет  ауылындағы жайлы заманауи үйлерге көшірілді,-деп тағы бір астын сыза атап көрсетті ол ақпан айында жасаған жылдық есебінде.

Бұған дейін «АЖ»  бетінде Комсомолдан басқа үдере көшкен үш ауылдың бірі Қошқар кентінің 11 отбасы да елсізде үйсіз-күйсіз қаңғырып жүргені жайлы  жазылған еді. Бізге белгілі болғандай олар әлі күнге дейін өздерінің Қошқар ауылының тұрғыны екенін дәлелдей алмай, соттасып әлек. Ал облыс әкімі аппараты жетекшісі Асқар Керімов болса, қошқарлықтардың шынымен үйсіз жүргеніне білдірген күмәнінен арылар емес. Кезінде «АЖ» тілшісіне айтқан «олардың барлығы еретеректе ауылдан кетіп қалып, кейін үй алу мақсатында жүргендер» деген пікірінен басқа түсініктеме айтқанын естімедік.

Ал «ЕмбіМұнайГаз» тентіреп жүрген мұнайшыларының жайын білсе де білмегенсіп жақ ашпайды. Олардың аузы толтырып айтары «ҚазМұнайГаз» компаниясы  осы көшке 750 миллион теңге бөлгені ғана.

Сания  ТОЙКЕН

Суретті түсірген автор

23 наурыз 2011, 19:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.