Атырау, 19 сәуір 04:56
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Көтерем малдың көктемеге жетуі неғайбыл

10 901 просмотра

Индер ауданынының шаруалары сын сағаттарды бастан кешіруде. Көктем басталмай жатып  көтерем малдар арам өліп жатыр. Естуімізше, кей қыстақтарда өлген мал басы 100-ге дейін барған. Шаруалар қолдан келер қайран жоқ деседі.

ЖЕКЕ ШАРУА КІМГЕ КЕРЕК

Көктемнің алғашқы айы өң берместен тұр. Бұл өңірдің табиғаты тым қаталдық танытуда. Түннің өзі ‑18-20 С төңірегінде. Қырдың қалың қары бұрынғысынан жұқарғанымен қатып, машина дөңгелегі әзер кеседі. Сол себептен бізден бұрын түскен іздікті қуалап, бес‑алты қыстаққа барып қайттық. Есбол мен Елтай округіне қарасты шаруалар онша қуанышты күйде қарсы алған жоқ.Олар қыстың малға жайсыздау болғанын жарыса жеткізеді.

«Шойбастағы» Ерболат  ҚАРТАБАЕВТЫҢқарамағындағы малдың арасынан отызшақты қой арам өліпті, бірен‑саран ірі қаралар қысты көтере алмаған. Мал арасында жаппай «іш тастау» орын алыпты. Шаруалары оқсамай жатқан жас жігіттің мал бағуға араласқанына екі‑үш жылдай болған. Мүмкін тәжірбиенің аздығы әсер етті ме, әйтеуір ол тура әңгімеден басын алып қашумен болды. Еңсе түсіңкі.

‑Мені қайтесіз, бес‑алты рейс шөп алғанмын, дым болмады. Көмекшім малды дұрыс бақпай, мал қысқа қоңсыздау түскенінен болды ма, білмеймін,‑дейді Ерболат кінәні қайдан іздерге білмей.

Бір ғажабы, қора басынан шөп көрмедік. Шөп әлдеқашан таусылған, кебек жем онсызда буаз малға жұғын бола емес. «Алатөбедегі» Науанов Қайраттың ұлы қыстақ басында жалғыз екен, Әке‑шешесі Елтайға кетіпті. Шөп болғанымен Нұрғуаттың айтуынша қолдағы жеті сиырдың бесеуі арам өлген. Ауылдағы адамдардың жеке малын бағумен айналысатын Қайраттың бұл ежелгі қыстағы. Бұрыннан мал бағады, бірақ бұл қыста шаруалары оқсамай қалғаны ауа райының жайсыздығынан, - дейді Нұрғуат НАУАНОВ.

Ал олардан әріректегі «Сұлтан» ШҚ‑дағылар жадыраңқы қарсы алды. Бүкіл ғұмырын ата кәсіпке арнаған Табылды Жұмашевтың ұлы Құмарғали уақ жандықты түстен кейін шығаратынын, оған дейін шөптейтінін жеткізді. Әйтпесе қатты қар малдың сирағын жеп бітіруде екен.  

‑ Өлім‑жітім бар ма?

‑ Құдай сақтасын, осы қыстан бір бас малды шығын етпедік. Оншақты рейс шөпті сатып алып едік, сосын жемді алып қойдық. Биыл ауа райы шынымен қытымырлық танытты. Жаз шамадан тыс ыссы болса, ал қыс созылып кетті ғой. Біз шағыл арасында болғандықтан азды‑көпті жайылыс бар, қатқылдағыларға қиын тиіп жатыр деп естігем. Негізі малдың өлуі азығының нашар болуынан және қысқа жайсыздау түскенінен ғой. Әу бастан мән бермегендіктен енді кеш, оның үстіне қозысын көтере алмай өліп жатқаны сондықтан,‑дейді Құмарғали ЖҰМАШЕВ.

Жеке шаруаларАмандық ИЗИМОВ, Болат САРИЕВТАР көктемге жеткендеріне шүкіршілік етті. Биыл түз тағылары да құтырып тұр екен. Жайылған мал көзден таса болса болды жәукемдеуге әзір тұратынын шаруалар қынжыла әңгімеледі. Болаттың көмекшісінің айтуынша тапаталтүсте айқайлағанына, сес көрсеткеніне қыңбай төрт қойын «қолды» етіпті. Жоғардағы қыстақтар Елтай округіне қарасты еді. Жеке шаруа жайын үкімет ұмытқан. Тіпті құзырлы орындардың өзі аса мән беріп отырған жоқ. Малдың азаюы онсызда еттің килосы 1300 теңгеден түспеуіне себепші болғандай. Ал базардағы баға нарқын төмендетудің айла‑тәсіліне бас қатырып жатқан билік басындағылар онсызда қалт‑құлт етіп отырған кейбір жеке шаруалардың қаліне көңіл бөлсе дейсің. Өлсе өзінің жеке малы деген пиғыл ғана бар, сосын оларға бас қатырмайды, ұмытқан.

«ЕСБОЛДАҒЫЛАРДЫҢ» ДА ХАЛІ МҮШКІЛ

Есбол округіне қарасты қыстақтардың басым көпшілігі «Есбол» ЖШС‑не қарайды. Бірлі‑жарым жеке шаруалар бар. Дегенмен серіктестікке қараған малшылардың жағдайы әнебір мәз емес. Мұнда да мал өлімі бар. Шөп сапасы нашар, жемнің кеш келуінен көтерем мал көбейген. Қыстақ басындағылардың әрқайсысы он бес, жиырма қойдың басын кесіп, өлгендігін дәлел ретінде ұстауда. «Мұқанғазыдағы» Жанесен СИДЕҒАЛИЕВ (суретте) қойларды далаға ұзатып барады екен. Түйесін тоқтатып, әңгімеге араласқан ол онсызда сапасыз шөптің таусыла келгенін жеткізді. Жиырма шақты арық‑тұраққа соны беруде, жем де жақында келіпті.

‑Жасыратыны жоқ жиырма бестей қой өлді. Негізі барлық қыстақтарда орын алған. Қойды жайып жүрмін, биыл шөп сапасы нашар болған, қара шағыл. Далалықта жантақтар қазір жақсы, сосын өзім бағып жүрмін. Енді аз күнде қар кетсе жақсы болар еді, аяз әлі қатты. Еруіне мүмкіндік берер емес. Жер жібісе, қазіргі шаруаның бар тілегі сол. Қолға енді он күндей қарап қалса, онда мал жаппай қырылуы мүмкін,‑дейді Жанесен Сидеғалиев.

Жанесеннің жұбайы Әлия да малға өзі шығып, арық‑тұрақты шөптеуде. Тіпті кейбір орнынан тұра алмай қалған қойларды тұрғызып та жатыр. Жатып қалса, әл кетеді. Енді он күннен кейін төлдеу басталады екен.

Бұлардан әріректегі Қайрат ШАМАРОВТА да жағдай біз көргендей. Қатқыл бойында отырғандар қойды ауладан шөптеуде. Жерде шөп жоқ. Қайраттың анасы елу жылын мал соңына арнапты, бүгінде зейнеткер атанған Бағыт ЖҰҚИЕВА қыстың тым ұзаққа созылғаны малшыларды тығырыққа тіреп отырғанын жеткізді.

‑ Бұл 1996 жылдан бері болып тұрған қыс. Сосын ғой абдырап қалып жатқанымыз. Бұдан бұрын қыс болып жарытпады, малды далаға жайып үйренген малшылар шөпті, жемді аз алып жайбарақат отыр еді. Мына аяз үлкен соққы болды. Мал арасында өлім бар, оны несіне жасырайық. Наурыздың он бесінен кейін отамалы болады, сол оқсатып кетпесе,‑дейді Қайраттың анасы.

БҰЛ ҚЫС ШАРУАЛАРҒА САБАҚ БОЛДЫ

Индер ауданы бойынша 47 мың тонна шөп қажет болса, өткен жылғы қалдықтың үстіне 39 мың тонна дайындалып, пішен 100 пайызға орындалды деген есепке қанық боласың. Ақпар бойынша осылай болғанымен шөптің аздығы және жеткілікті пішеннің барлығына сенбейтінін аудан әкімі Жанкелді РАХМЕТҚАЛИЕВ қыс басталмай жатып, әкімшілікте болған жиында атап көрсеткен болатын. Ал округтерден алынған мәлімет бойынша шаруалар қажетті шөбін дайындап алған‑мыс. Сонда кімдікі дұрыс? Ақыры шөп ақпары күмәнді болғаны ғой. Енді келіп, осының дәлеліндей соңғы жылдары болмаған мал арасында өлім‑жітімнің көбеюі, буаз малдың іш тастауы орын алып отыр. Тәжірбиелі малбегілердің мәлімдеуінше малшылар малға қарауды қойған, тіпті қыс боларын ұмытып кеткен деседі. Бұрынғы есеп бойынша 90-100 күнде қыстан шықса, енді бұл 130 күнге созылып отыр. Аяз әлі қатты, малшылар енді онкүндік қыстың өзі малдың жаппай өліміне әкеліп соқтыруы мүмкін екенін өздері мойындайды. Қыр тұрмақ ауылдағылар да шөпке сұраныс беріп, округтерге арыз тастаған. Шөп бағасы үш есеге дейін шарықтауда. Елтай округінің өзінде жиырмашақты арыз жатыр.

‑ Биылғы қыс шаруаларға үлкен сабақ болды. Тіпті қыс боларын ұмытып кетіп, арқаларын кеңге салуды әдетке айналдырып еді. Енді жинақталатын болды, шөпті, жемді жеткілікті түрде дайындап алмаса нәтижесі осылай боларына көз жеткізуде. Жеті сиырдың бесеуі неге өлді, ақыры мал азығы сапасыз болғаны. Соның екеуін сатып, мал азығын ерте жинағанда былай болмас та еді,‑дейді Индер ауданы ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Сатыбалды ОРАЗҒАЛИЕВ.

‑ Шөп сұрағандар бар ма, олар азықты енді қайдан алады?

‑ Малымыз қырылып, шөпсіз қалып жатырмыз деген ақпар түскен жоқ. Қазір жаппай жеке шаруалар ғой, сонда да бірдеңе ұйымдастырармыз.

 Жылма‑жыл Индер ауданы аумағынан пішен дайындау оңай болмай отыр. Шабындық болар жер құрып барады. Өткен жылы «Есбол» ЖШС бірнеше шақырымдағы Батыс Қазақстан облысынан шөп дайындаса, ал жеке шаруалар сырттан келгенді сатып алды. Каналдарға үкімет тарапынан қамқорлық сезілмеуде.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА       

Суреттер автордікі

17 наурыз 2011, 16:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.