Атырау, 29 наурыз 03:30
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Айыппұл төледік, енді тиіспеңіз

3 105 просмотра

Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің бастығы Тимур ЕСТЕБАЕВ таяуда өткен облыстық мәслихаттың сессиясында еңбек туралы заңнаманың сақталуы туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, облысы-мыздағы «ҚазМұнайГаз» ҰК бөлімшелерінде 16 мың адам еңбек етеді екен. Өткен жылы жұмыс берушілер еңбек құқықтарының салмақты бұзылуына жол бермеген.

Шетелдік компанияларда және шетелдік қатысы бар компанияларда халық екі есе көп жұмыс істейді (оның 5,1 мыңы шетелдіктер), бірақ жағдай қарама-қайшы. Ол жерлерден департаментке заңсыз жұмыстан шығу, негізсіз штатты қысқарту, төменгі жалақы, жергілікті және шетелдік қызметкерлердің жалақыларындағы айырмашылық, жұмысқа қабылдау кезінде қойылатын негізсіз біліктілік талаптары және т.б. қатысты шағымдар жиі түседі.

Сонымен, өткен жылдың қаңтарында «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас мердігері боп табылатын «Сенімді Құрылыс» компаниясының қызметкерлері еңбекақыны көтеруді және тұрмыстық жағдайды жақсартуды талап етіп, жұмысқа шықпай қалды. Тексеру кезінде инспекторлар қазақстандық жұмысшылардың айына 35-45 мың теңгеден алғанын анықтады. Ереуіл аяқталғаннан кейін компания жұмысшылардың жалақысын 25 пайызға көтерді.

Бірдей қызметтерді атқаратын жергілікті және шетелдік қызметкерлердің жалақыларындағы айырмашылық мәселесі сол күйінде қалып отыр. Бұл проблемаға 20 жыл болған. Бұрын шетелдіктердің жоғары жалақылары олардың жоғары біліктіліктерімен және жергілікті қызметкерлердің арасында осындай деңгейдегі кәсіпқой мамандардың жоқтығымен негізделетін. Бүгінде жағдай өзгерді, облыстың жоғары білікті өз мамандары жеткілікті.

- Бүгінгі күні шетелдік мамандардың бәрі бірдей қазақстандық кадрлардан білімі мен дағдысы бойынша асып түспейді. Жұмыс істейтін шетелдіктердің бір бөлігі – егде жастағылар. Жұмыс берушілер қазақстандық кадрларды оқыту және жұмысқа орналастыру шарттарын орындамай отыр, - деді Естебаев.

Өткен жылдың қаңтарында «Қазақстан Каспиан Оффшор Индастриз» компаниясына жүргізілген жоспардан тыс тексеру жұмыстары шетелдік және қазақстандық жұмысшылардың жалақыларында айырмашылық бар екендігін анықтады. Техник-электрик боп жұмыс істейтін шетелдікке күніне 30 585 теңге мөлшерлеме белгіленген, ал осындай жұмыс орнындағы қазақстандық 10 мың теңгеге жұмыс істеген. Басқа мамандықтағы мамандардың жалақыларында да айырмашылық болған.

Кәсіпорын заңбұзушылық фактісін мойындап, айыппұл төледі. Бірақ жалақыларды теңестіру туралы ұйғарымды орындамады. Өткен жылдың сәуірінде департамент ұйғарымды мәжбүрлі түрде орындату және анықталған айырмашылықты кемсітушілік деп тану жөнінде сотқа талап-арыз жолдапты. Алайда екі сатыдағы соттар жалақыдағы айырмашылықты кемсітушілік деп танудан бас тартты.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

 

«Біздің инженерлер ешкімнен кем емес»

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтында (www.enbek.gov.kz) Егемберді деген біреудің шетелдіктермен салыстырғанда қазақстандықтар үшін өзекті болған жалақы айырмашылығы туралы мәселені шешу ұсынысы жазылған хаты жарияланды. Хаттың анағұрлым қызықты тұстарын назарларыңызға ұсынамыз:

«Аджип ҚКО мен ТШО секілді ірі компанияларды мысалға алғым кеп отыр. Әрине, өңірдің өзінде кәсіпорынның сұранысын жабу үшін жергілікті мамандар жетіспейді.

Екі компанияда да 20-30 жылдық тәжірибелері бар қазақстандықтар, мамандар, инженерлер 250-300 мың теңгеден алады. Олардың өздері баспана жалдауы тиіс (екі бөлмелі пәтер жалдау: айына 100-200 мың теңге тұрады).

Басқа жақтан келген отбасылар-дың балалары үшін балабақша кезегіне тұруға мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан балаларын мектепке дейінгі жеке мекемелерге беруге мәжбүр (орташа алғанда 1 балаға – 50 мың теңгеден).

Жұмыс берушілер (атап айтқанда, олардың қаржы және кадрлар бөлімі) біздің азаматтарымыздың еңбекақыларын төлеу межесін қайта қараудан үзілді-кесілді бас тартады. Мұның неге байланысты екенін: үкіметпен келісім жасалған ба, әлде тағы басқа нәрселер бар ма, түсіне алмаймын.

...Алайда жоғарыда айтылғандардың нәтижесі ретінде, бүкіл кеңселік және инженерлік құрамның жартысы дерлік шетелдік қызметкерлер екенін айтқым келеді. Оларға неліктен екені белгісіз, компаниялар кем дегенде 20 мың еуро еңбекақы тағайындайды. Оған қоса балабақша мен Атыраудағы жалғыз ғана халықаралық мектепке бару ақысын төлейді (бір балаға жылына 50 мың доллар). Бұған отбасы мүшелерінің саны шектеусіз бүкіл отбасы үшін ұшу билетін қосыңыз. Кем дегенде бұл бір инженер үшін жылына 50-100 мың доллар құрайды. Оған қоса коттеджді жалға алу ақысын – айына 5-20 мың долларды қосыңыз. Бұл инженерлер жергілікті мамандармен бір жұмыс деңгейінде (Job Grade) есептелсе де, тәжірибе көрсетіп отырғандай, біздің бауырларымызға қарағанда қосатын үлестері шамалы.

Неліктен қазақстандықтар осы мамандар сән-салтанатпен өмір сүру үшін ақша төлеуі тиіс (шетелдік мұнай компанияларының шығындары өндірілген мұнаймен өтелетіндігін айтып отыр – «АЖ»)? Жалпы шетелдік кадрларды тарту жөніндегі минималды талаптар қайда? Неліктен инженерлердің (басқарушылар емес) басым бөлігі – экспаттар? Өйткені қазақстандық өзіне зиянын тигізіп, жұмыс істемейді: жұбайының жасап жүрген жұмысы бар, басқа өңірден көшіп келмейді, азғана жалақысын пәтерді жалға алуға, балабақшаға және басқа да қосымша шығындарға жұмсамайды (Өйткені компания экспаттарға жасап отырғандай, ол оған осы шығындардың барлығын төлемейтіндігін меңзеп отыр – «АЖ»).

Тиісінше, жобаның табыстылығы тікелей байланысты болатын бөлім басшылығы жергілікті мамандардың жоқтығына және инженерлерді сырттан әкелу керектігіне шағымданады. Қазақстандықтарға ұсынатын бір ғана нәрсе – жұмысшы маман өзі жұмыс жасайтын қаладан ипотекалық несие алса, банктік шығындарды жабуға көмектеседі. Бірақ Алматы немесе Орал қаласының тұрғынына Атыраудан пәтер алудың қажеті қанша? Шетелдіктерді Атыраудан баспана алуға ешкім мәжбүрлемейді ғой?

Қазақстандықтарды тартудың шешімі: лайықты еңбекақы немесе әлеуметтік пакет ұсыну керек, ал дұрысында экспаттар үшін жасап отырғандай, екеуі де болған жөн. Олар экспаттарға (Атыраудағы кеңсе жұмысы үшін) 60 пайыз зияндылық ақысын да төлейді. Шетелдіктерді жұмысқа тарту деңгейін/шегін қайта қарауды: тек жоғарғы буынды басшыларды ғана тартуды, ал қалғандарын жергілікті (қазақстандық) мамандармен алмастыруды ұсынамын».

14 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.