Атырау, 20 сәуір 09:06
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Көктемгі балық аулау маусымы болады!

8 566 просмотра

- деп мәлімдеді атыраулық балықшыларға облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ. Алайда өткен жылы «Ерекше қорғалатын аумақтар туралы» ҚР заңына енгізілген түзетулердің салдарынан Бас прокуратура көктемдегі балық аулау маусымына тыйым салған болатын. Қара балық аулайтын балықшылардың торына жоғалу қаупінде тұрған бекіре тұқымдас балықтардың сөзсіз түсетіндігі тыйым салу үшін негіз болды.

Биылғы жылдан бастап мемлекет бекіре тұқымдастарды аулау, өңдеу және сатуды монополияға алды. Жоғалып бара жатқан құнды балықты сақтау жөніндегі басқа, батыл қадам дүние жүзіне қара уылдырықты экспорттауға тыйым салу болды, ал биылғы жылы Каспий өңірінің бес елімен бекіре аулауға 5 жылдық мораторий енгізіледі деп күтілуде. Жобаны мақұлдаудағы бірінші редакциялау Түркіменстан мен Иранның көңілінен шықпады, енді елдер оны қайтадан мамыр айында талқылау үшін бас қоспақ.

ЖАЙЫҚ ТОРҒА ШЫРМАЛЫП ҚАЛДЫ

Өткен жыл бойына прокуратура өкілдері балықшыларды қара балықпен бірге торға түскен бекіре тұқымдастарды суға кері жібермейді деп айыптаған болатын. Бас прокуратура өкілдері Атырауға келген жазғы сапарында бекіре уылдырық шашатын кезде оның жолына қара балық аулауға ресми рұқсаты бар балықшылардың торы кедергі болатынын белгілеп кеткен еді.

Прокуратура қызметкерлерінің өзен сағасының түбін зерттеу тәжірибесі Жайықтан көптеген алуан түрлі құралдармен балық ауланатындығын көрсеткен. Өзен уылдырық шашу жолы үшін жабық деуге болады. Ал тордан тазартылған учаске қайтадан жабдықтармен толып қалады.

Алайда өткен жылы балықшылар көктемде балық аулап, содан соң Ауыл шаруашылығы министрлігінің екі өкілі – сол кездегі Балық комитетінің төрағасы мен Атырау балық қорғау қызметінің бастығы өз қызметтерінен босатылған болатын. Бұдан басқа, оларға қарсы қылмыстық істер де қозғалған еді. Бас прокуратура оларға атыраулық 16 табиғат пайдаланушыда (бұрынғы «Атырау-Балық» АҚ-ын қосқанда облыстағы барлық балық аулау кооперативтері, сондай-ақ, Атырау бекіре өсіру зауыты мен Балық шаруашылығы институты) 2006 жылдан бастап болуы тиіс мемлекеттік сараптама қорытындысы жоқ деп айып таққан болатын. Оларды ғылыми мақсатта аулаудың өте жоғары квотасын бекіткені үшін айыптаған еді. Ұсынылған 676 тоннаның орнына жергілікті балық шаруашылығы инспекциясының бұйрығымен лимит 4 045 тонна мөлшерде бекітілді – бұл нақты қажеттіліктен 6 есе көп. Сол кезде, балық шаруашылығы саласы қылмыстанған және оны барлық құқық қорғау органдары қамқорлыққа алған, деген негізгі тұжырымдар жасалған еді. Өткен жылдың жазында болған балық мәселелері жөніндегі кеңесте Атырау облысының басшылығы бұған балық қорын қорғау үшін жауапты құқыққорғау органдары қызметінің қайталануы себеп болып отыр деп мәлімдеп,  бақылау қызметін жергілікті билікке беруді ұсынған болатын.

ОЛАРҒА ҚАРМАҚТАРЫН ЖИНАУҒА БОЛМАЙДЫ

Дегенмен, көктемгі балық аулау маусымына тыйым салудың ұзарып кетуі облыс билігін де алаңдатты – облыстың балықпен күнелтіп отырған жағалауда орналасқан аудандарындағы тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашарлап кетуі мүмкін. Әрине, бұл жерде әкімдіктің жемісі – «Жайық-Балық» КМК тағдырына алаңдаушылық та рөл ойнаған болатын.

Көктемгі балық аулау маусымына тыйым салу орынсыз екендігі туралы дәлелді күтпеген жерден ғалымдар да қолдады. Қазақстандық Қолданбалы экономика агенттігі мен Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты өкілдерінің пікірінше, тыйым салу жағалаудағы 70 мың село тұрғындарының өмір деңгейінің төмендеуіне және әрі қарай экономикалық күйзеліске ұшыраған елді мекендердің көбеюіне әкеп соғады екен.

Құрманғазы ауданының әкімі Аманжан ТӘКЕШЕВ сол жазғы кеңесте мынадай дәйектерді келтірген еді:

- Ауданда 15 мыңнан аса тұрғындар тұрады, олардың тек 1350-інде бес балық аулау кәсіпорындарында тұрақты жұмыстары бар. Балық аулау маусымында қосымша тағы 300 адам жұмысқа тартылады. Балықшылардың орташа жалақылары – 55 мың теңге. Жылдық балық аулаудың 80-85 пайызы жергілікті кооперативтер мен цехтарда өңделіп, еліміздің басқа аймақтары мен таяу шетелдерге сатуға жіберіледі. Ал табиғат пайдаланушылар қызметінен бюджетке түсетін жыл сайынғы төлемдер 120 млн. теңге шамасын құрайды.

Аудан әкімінің айтуынша, жылдық балық аулаудың 65-70 пайызы көктемгі балық аулау маусымына тура келіп, бұл ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалына кері әсерін тигізеді екен. Сондай-ақ, балықшылардың айтуынша, Қиғаштағы балық аулау маусымын шектеу орынсыз. Ол жерде қазақстандық балық аулайтын жерлер сол жақ жағалауда, ал ресейлік балық аулайтын жер – оң жақ жағалауда екен. Сөйтіп, бізде ауланбаған балық ресейлік балықшылардың торына түсері сөзсіз.

Мұны «Қазақстандық балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» Атырау филиалы директорының орынбасары Юлия КИМ де қостап, қара балықтарды көктемгі аулаудан бас тарту орынсыз деп, ғылыми әдебиеттер мен көпжылдық зерттеулерді негізге алып, растады. Оның айтуынша, бұл ересек топтағы балықтар санының көбеюіне және азық жерлер үшін бәсекелестік салдарынан табиғи өлімнің артуына әкеп соғады; популяцияның аса тығыздығынан сырқаттану деңгейі көбейеді; азықтың жетіспеуі балықтың ұсақталуын туғызады. Ақтабан, қаракөз бен карась балықтары басқа түрлерді ығыстыра бастайды. Жазғы уақытта балықтардың аса тығыздығынан оттектің тапшы болу салдарынан жаппай қырылу құбылысының орын алары сөзсіз. Ғалымдар сол кезде көктемгі балық аулау маусымының басталу мерзімін заңда уылдырық шашу үшін өзендегі температураның оңтайлы кезі - сәуірдің аяғынан мамырдың аяғына дейін деп белгілеуге ұсыныс білдіріп, ал балықшылар қолдаған болатын. Балықшылардың барлық ескертпелерін облыстық басшылық ескеруге және Астанаға жолдауға уәде берген еді.

ӘЗІРГЕ – «АРНАЙЫ РҰҚСАТ» БОЙЫНША

Өткен аптада Бергей Рысқалиев ҚР Премьер-министріне облыстық әкімдік атынан жаңа заң қабылданғанға дейін көктемгі балық аулау маусымын жоймау туралы өтініш-хат жолданғанын мәлімдеді. Әкімнің айтуынша, премьер бұл өтінішті қанағаттандырған. Енді биыл арнайы рұқсатқа сәйкес, таяудағы балық аулау маусымы мерзімінде өткізілмек. Сол арнайы рұқсатпен облыстық прокуратураға заң бұзылғандығы анықталған жағдайда кооперативтерді лицензиядан айыру құқығы берілді.

Осы рұқсатты, атап айтқанда, балық аулау маусымының мерзімі мен квотаны бөлу туралы егжей-тегжейлі анықтау әрекетімізден түк шықпады. Атырау балық қорғау қызметінің бастығы Амантай АЙЖІГІТОВ қоңырауларға жауап бермеді, ал оның орынбасары Әлібек БҰХАРБАЕВ түсінік беруден бас тартты.

Балық қорғау шенеуніктерінің бірі мәлімдегендей, қазір заңнамада бәрі де балықшыларға көктемгі балық аулау маусымын қайтаратын түзетулер енгізіле ме, жоқ па, соған байланысты болмақ.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

16 наурыз 2011, 22:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.