Атырау, 25 сәуір 10:22
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Қиыршық тастағы апат-2 немесе жол жөндеу жұмысындағы келеңсіздік

3 801 просмотра

43 жастағы Талғат М. Атырау-Орал трассасында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан алматылық жол компаниясына қарсы сот процесін жеңіп шықты. Бүлініп қалған жаңа шетелдік көлігі және оған қосымша келтірілген моральдық шығындары үшін жолшылар оған 3 миллион теңге төлеуге тиісті болды. 

ІСТІҢ БАСЫ БЫЛАЙ БАСТАЛҒАН ЕДІ

Бұл оқиға туралы біз жазған едік. 2009 жылдың қазан айында Талғат Оралға іс-сапарға өзінің 2008 жылы несиеге алған «Тойота Королла» көлігімен аттанған. «Атырау-Орал трассасының 115 шақырымында машина күтпеген жерден төселген қиыршық тастардың үстінен бір-ақ шығады.

«Мен сағатына 90-100 км болатын жылдамдықпен жүріп келе жаттым. Алдымда жөндеу жұмыстары жүріп жатқандығын білдіретін ешқандай белгілер болған жоқ. Мен тіпті, тежегішті басып үлгере алмадым, машинам жолдан шығып үш рет аударылып түсті. Жұрттың бәрі менің тірі қалғаныма қайран»,-дейді Талғат. Сәл үнсіздіктен кейін ол күлімсіреп, сөзін былай деп жалғады: «Бұл тұрғыда менің болжамым басқаша. Мен жол апатынан кейін, Оралдан үйге оралғанымда маған әйелім өзінің жүкті екендігін айтты. Қазір сәбиімізге 8 ай толды. Алла тағала мені сол үшін де тірі қалдырған болар».

Шынында да оның қалай тірі қалғаны түсініксіз. Автокөлік қайтадан қалпына келтірілмейтін жағдайда (суретте). Жол апаты кезінде Талғат басымен алдыңғы әйнекке қатты соғылған. Есеңгіреп қалған ол ештеңені сезбеген, жанының аман қалғанына қатты қуанған.

«Барлық ауырған жерлерім келесі күні ғана біліне бастады. Басым қатты ауырып, бүткіл арқаммен қоса екі иығым қозғалтпай қалды. Іс-сапардан үйге келген соң ғана мен учаскелік дәрігерге көріндім. Ол мені емханаға невропатолог дәрігерге жіберді. Олар менің бас сүйегімнің жарақат алғандығын және миымның шайқалғандығын анықтады. Емдеу шараларын әскери госпитальда алдым».

ЖӘНЕ ШАҒЫМДАР ҚАРДАЙ БОРАДЫ

2010 жылдың мамырында Талғат Атырау қалалық сотына талап-арыз беріп, істі жеңіп шыққаннан кейін оқиға одан әрі былайша өрбіді.

Жауапкер  (жол компаниясы) облыстық сотқа апелляциялық шағым берді. Алайда, апелляциялық алқа қалалық соттың шешімін еш өзгеріссіз қалдырды. Бірақ, жауапкер мұнымен қатар Индер аудандық сотына ЖКО болған жердегі толтырылған хаттаманы жарамсыз деп тану жөніндегі талап-арызын берген болып шықты. Индер аудандық соты бұл талап-арызды қанағаттандырды. «Жол-көлік оқиғасының барлық жағдайы дәл осы хаттамада көрсетілген,-дейді жәбірленушінің өкілі Аслан ЖОЛБОЛОВ. –Біз қалалық   сотта осы хаттаманы алға тарттық емес пе?! Сонда Индер аудандық соты өз шешімімен ЖКО-ның барлық тіркелген фактілерін жай ғана сызып тастап отырғаны ма?».

Жәбірленуші өз кезегінде Индер аудандық сотының шешімін жарамсыз деп тану жөнінде облыстық сотқа апелляциялық шағым жолдады. Бірақ, облыстық сот аудандық соттың шешімін өз күшінде қалдырды. Алайда, облыстың апелляциялық алқасы бірін-бірі жоққа шығаратын екі сот шешімін де өз күштерінде қалдыра отырып, таңғалдырарлық жағдай тудырды.  Одан әрі жолшылар Атырау қалалық сотының және облыстық апелляциялық алқаның шешімдеріне кассациялық шағым берді.

Жәбірленуші болса, өз кезегінде Индер аудандық сотының шешіміне кассациялық шағымды облыстық апелляциялық алқаға да берді.

Соның нәтижесінде 2010 жылдың 23-желтоқсанында бірінші сатылы сот шешімі бойынша кассациялық алқа мәжілісі болды, онда қалалық сот шешімін өз күшінде қалдыруға қаулы шығарды. Осылайша, Атырау қалалық сотының бұл шешімі заң күшіне енді. Бұл оқиғаның соңғы нүктесін Индер аудандық сотының шешімін бұзған Индер аудандық сотының кассациялық алқасы болды.

«Бірнеше фактілер менің пайдама шешілді,-дейді Талғат. –Олардың бірі бүгінгі күні экономикалық сотта облыстық автокөлік жолдары департаментінің талап-арызы бойынша осы мердігерге қатысты, яғни, алақол қызмет көрсетуші ретінде тану және 295 млн. теңге сомасындағы қаржыны қайтару ісі қаралуда екен».

АТЫ БАР ДА, ЗАТЫ ЖОҚ ЖАУАПКЕР

Пайдаға шешілген 3 млн. теңгеге келетін болсақ, Талғат оны ешкімнің де оңайлықпен бере қоймасын түсінеді. Сондықтан да запастағы подполковник үшін күрес әлі аяқтала қойған жоқ.

«Мен Алматыға өзім барып, қалалық сот шешімін сот актілерін орындау жөніндегі департаменттің сот орындаушыларына тапсырып кеттім. Мердігер компания Алматыда тіркелген, көрсетілген мекен-жайда болмай шықты. Сондай-ақ, олардың мемлекеттік және сот органдарына көрсеткен банк реквизиттері де анық болмады. Іс жүзінде сот шешімін орындау тығырыққа тірелді. Әрине, сот орындаушының өкілеттілігі бұл проблеманы шешуді қарастырады. Алайда, тағы да уақытты жеп, жүйкені жұқартатын болады. Сот орындаушылар компанияның банктегі есепшотын тексеру мақсатында банкке сұрау салғанда ондай есепшоттардың жоқ екендігін айтқан. Сондай сұрауды салық комитетіне де жолдаған, ол жерден олардың есепшоты табылғанымен, онда ақша болмай шыққан. Менің білуімше, қазір ол мердігер Қызылорда облысында екі жоба бойынша жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ, ірі халықаралық автотрасса құрылысына да қатысады екен. Маған енді тек олардың келесі тендерге қатысып, ұтуын және есепшоттарына ақша түсуін ғана күту қалып тұр». Талғат әлі де өзінің автонесиесін төлеуді жалғастыруда. Өз кезінде ол алғашқы жарнаны зейнеткерлікке шығу жәрдемақысының (әскери қызметкерлерге зейнеткерлікке шығу барысында төленетін бірнеше жалақы) арқасында төлеген болатын. Несие 5 жылға рәсімделген. Машинаның қызығын ол бар-жоғы бір жыл көрді. Ай сайынғы банкке төленетін жарна-56 мың теңге. Ал, оған оны әлі үш жыл төлеу керек. 

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

9 наурыз 2011, 21:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.