Атырау, 28 наурыз 20:35
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

АН-72 ұшағының апаты борттағы ақаулар мен экипаждың қателігінен орын алған - Бас прокуратура

3 211 просмотра
АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат  - Шымкент маңында апатқа ұшыраған АН-72 ұшағы бойынша тергеудің алдын ала нәтижелері анықталды.

Оған сәйкес, апат борттағы жабдықтардың ақауы мен экипаж тарапынан кеткен қателіктерден орын алған. Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.

Еске сала кетейік, 2012 жылғы 25 желтоқсанда Шымкент маңында Шекара қызметінің АН-72 әскери-көліктік ұшағы апатқа ұшырап, экипаждың барлық мүшелері және оның жолаушылары мерт болды. Осы факт бойынша қозғалған қылмыстық істі (Қылмыстық кодекстің 392- бабы «Ұшу немесе оған даярлану ережелерiн бұзу») тергеудің алдын ала нәтижелерін Бас прокуратура өкілі жария етті. Оның айтуынша, тергеу Бас әскери прокуратураның арнайы прокурорының басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобымен жүргізілуде.

«Ұшақ 2012 жылғы 25 желтоқсанда 16 сағат 52 минутта Астана әуежайынан Шымкентке ұшқан. Ұшып шықпас бұрын экипажға ұшу алдындағы медициналық қарау жүргізіліп, олар ұшу тапсырмасын орындауға жіберілген. Қысқы кезде авиаотынға қосылатын сұйықтықтың сот физикалық-химиялық сараптамасы жүргізіліп, ол сарапшылармен жарамды және басқа сұйықтықтардың қосындылары жоқ деп танылды.

Ұшып көтерілу штаттық жағдайда өткен, экипаждан құралдардың істен шығуы жөнінде ешқандай хабар түспеген. Ұшқыштардың сөздерінің мазмұнын ашу барысында ұшып көтерілгеннен кейін ұшақ автопилотының істен шыққаны анықталды. Командир ұшуды қолмен басқару режимінде жалғастырған, ол АН-72 ұшақтарын ұшуда пайдалану басшылығына қайшы келмейді», д- ейді Н. Сүйіндіков.

Оның сөзіне қарағанда, 2 минут 29 секунд өткен соң борт командирі ұшақты басқаруды өзінің көмекшісіне берген (екінші ұшқыш), ал бұған жолаушыларды тасымалдау кезінде тыйым салынған.

Ұшу деректерін тіркеу мәліметтері негізінде тергеумен, сондай-ақ ұшып көтерілгеннен кейін 2 минут 40 секунд өткен соң радиобиіктік өлшегіші істен шыққандығы, бұл ретте, жердің жақындағанын ерте ескерту жүйесі (TGPWS Mark VIII) қосылмағандығы анықталған. Ұшу барометрлік биіктік өлшегіш құралдарының көрсеткіштері негізінде жалғастырылған.

«Алдын ала тергеу деректеріне сәйкес ұшу кезінде барометрлік биіктік өлшегіштің жұмысында да іркілістер байқалған. Атап айтқанда, ұшудың 19 минутында биіктіктің көрсеткіштері 696-дан минус 1 375 метрге дейін, 22 минутында 749-дан 2 672 метрге дейін секірмелі өзгеріп тұрған. Сонымен қатар, ұшқыштардың сөздеріне қарағанда ұшу кезінде ұшақтың «мұздануы» орын алған. Бұл оқиға болған жерді қарау барысында да расталды, онда ұшақ қанаттарының бөлшектерінде «үрпек» мұздың болғаны байқалған», д- ейді Н. Сүйіндіков.

Ал 18 сағат 31 минутта ұшақ қонуға бет алған. Экипаждың әңгімелерінің мазмұны, метеоқызметтердің деректері және куәгерлік жауаптар АН-72 қонуға күрделі ауа райы жағдайында, көрінудің шектеулі дәрежесінде бет алғанын көрсетеді.

«Сонымен қатар, тергеу барысында қону кезінде командирмен диспетчердің барометрлік биіктік өлшегіште Шымкент әуежайының қысымын орнату жөніндегі нұсқауы орындалмағаны анықталды. Нәтижесінде, төмендеу кезінде биіктік өлшегіштің көрсеткіштерінде 385 метрге дейінгі бұрмаланудың орын алуы мүмкін болған. 2012 жылғы 25 желтоқсанда 18 сағат 54 минутта Шымкент әуежайының бақылау нүктесінен 21 шақырым қашықтықта ұшақ сай бөктерімен соқтығысып, апатқа ұшырады.  АН-72-нің қозғалтқыштары жермен түйіскенге дейін істе, ал шассиі істен шығарылған жағдайда болған. Ұшқыштардың сөздерінің мәтінін талдау ұшақты қондыру штаттық режимде, үрейсіз және қандай да болсын алаңдаушылықсыз жасалғанын, ұшудың соңғы секундтарында сайдың бөктері түріндегі бөгеттің пайда болуы олар үшін күтпегендік болғанын көрсетті», - дей келе прокуратура өкілі тергеумен жинақталған материалдардың Шекара қызметінің АН-72 ұшағының апатының себептері бірқатар негізгі жағдайлардың жиынтығы болған деген тұжырым жасайтынын мәлімдеді.

Атап айтқанда, біріншіден, ұшақтың борт жабдықтарындағы ақаулар (автопилоттың және радиобиіктік өлшегіштің істен шығуы; барометрлік биіктікті өлшеу құралдарының іркілістері) болған. Екіншіден, ұшақты ұшыру кезіндегі экипаж командирінің қателіктері (жердің жақындағанын ерте ескерту жүйесін қоспағандығы; ұшақты басқаруды тәртіпке қайшы командирдің көмекшісіне беруі; барометрлік биіктік өлшегіште Шымкент әуежайының қысымын орнатпағандығы) орын алған. Үшіншіден, күрделі метеорологиялық жағдайлар (жаңбыр аралас қар; тоңазытылған тұман; көру шектеулігі; қатты мұздану) әсер еткен.

Тергеудің бұл тұжырымдары Авиаапатты тексеру жөніндегі комиссияның қорытындысымен де расталады.

«Борт жабдықтарындағы аталған бірқатар ақаулықтардың анықталуына байланысты, ағымдағы жылдың 4 қаңтарында ұшақтың ресурсы 2012 жылы қалпына келтірілген Украинаның құқық қорғау органдарына халықаралық тергеу тапсырмасы жолданды. Тапсырмада ұшақты жөндеуімен, оның ішінде түйіндерін, бөлшектерін және агрегаттарын ауыстыру бойынша жасалған жұмыстың көлемімен және сапасымен байланысты сұрақтар қойылды. Тергеу жалғасуда. Тергеумен жерүсті қызметтерінің және ұшақ тіркелген әскери бөлімнің қолбасшылығының әрекеттеріне олармен ұшуды дайындау ережелерінің сақталуы бөлігінде құқықтық баға берілетін болады», - дейді Н. Сүйіндіков.

Дереккөз: inform.kz

22 қаңтар 2013, 12:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.