Атырау, 28 наурыз 22:26
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Белгілі әнші Амангүл ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ: «Өмірде бір адамнан көңілім қалды»

11 648 просмотра

Қазақ қыздарына қайран болған қайсар жігіттеріміз аруларын алақандарына сап аяласа, әлем де қаруланып, адамдар да қатігезденбес еді деп ойлаймыз, біз іштей қиялдарға беріліп... Аналарымызды «бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген» деп айтуы  жәй емес қой. Сондай бір ұлттық болмысын сақтап, рухынан адаспаған белгілі өнер иесі, екі ұлдың анасы да әбден ерекше құрметке лайықты. Жаһандану жолында қаймағы бұзылмаған қалпында қалып отырған талантты әншілеріміздің бірі - бұрынғы «Жібек жолы» тобының мүшесі Амангүл ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ. Жақында оның жеке концерті облыстық Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрында өткен болатын. Бізге әншімен сұхбаттасудың сәті түсті.   

- Амангүл, ең алдымен концертке тоқталсақ. Шығармашылығыңызда қандай өзгеріс бар?

- Мен Атырау қаласында ең алғаш рет концертті 2007 жылы 4-наурызда берген болатынмын. Бұл жылғы 18-ақпандағы «Әнім сенсің – Атырау»атты жеке концертім екінші рет өтті. Сол кеште орындаған «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп келетін жолдары бар «Өзім айтам» әнін репертуарыма қайта жаңғыртып қостым. Ол әннің сазы мен өлеңін жазған ақын Қасым Аманжолов. Оны бала кезімде әкем екеуміз көптеген орталарда бірге қосылып шырқайтынбыз. Мен туып өскен ауылда күй жарысы жиі өткізіліп тұратын. Әкем екеуміз сонда күймен жарысамыз. Одан бөлек, репертуарға Ясира Заханқызының әні мен сөзіне жазылған «Ана тілегі» әні қосылды. «Дос іздедім» әні де жаңа. Әннің өлеңін ақын Ибрагим Иса, сазын композитор Мақсат Жәутіков жазған. Жалпы концертте орындалған әндердің біразы жаңа болатын. Ақын Қалидолла Ізекеновтың өлеңіне жазылған композитор Сейсенбі Құлмағанбетовтың «Анашым» әнін әнші Майра Ільясованың жыл сайын ұйымдастырып жүрген «Жан анам» концертінде бірнеше рет орындадым. Менің репертуарым халық әндерімен толған.

- Отбасыңыз жайлы айта отырсаңыз?

- Мен 1972 жылы Қызылқоға ауданы, Қарабау елдімекенінде дүниеге келдім. Кейін арман қанатына мініп, білім қуып, Ақтөбе институтына оқуға түстім. Осында «Жібек жолы» ансамблі құрылып, өнер көрсеттік, халыққа танылдық. Басында гитарамен ән шырқап жүрдім. Негізі, алғаш рет 5 жасымда домбыраны қолға алып, ән айта бастағанмын. Алла-тағала өміріме өнерді серік қылған. Өнер бойыма әкемнің қанымен дарыған. Әкем өнер туын берік ұстанған адам болатын. 1958 жылы Мәскеудегі декадаға қатысып, домбыра шертіп, күйшілігімен танылды. Марқұм Ғарифолла Құрманғалиев, Мұхит Мералыұлының әндерін керемет шырқайтын. Шегенің ариясын қиналмай орындайтын. Өте кең диапазонды әндерді орындай алатын әнші, күйші болған Орынбасар Өтегенов деген кісі. Елге де танымал еді.   

- Ал Атырауға қайта оралуыңызға не себеп болды?

- Туған жер жантағына дейін киелі дейді ғой. Өлкемді сағынғандықтан да оралған болармын. Туған топырағыма оралуға себеп болған өмірімдегі үлкен өзгеріс деп те айта алмаймын. Өзімнің жан дүниемнің қалауымен оралдым.

- Достарыңыз көп пе? Бірде «Адал достар аз, амал достар жетеді» деп қалдыңыз.

- Достарым шүкір, тәубе деймін. Шындығына келгенде, адал достар саусақпенен санарлық. Амал дос кез-келген пендеде бар. Мен кейде «Менің достарымның жас ерекшелігі 7 жастан 70 жасқа дейін» деп күлемін. Менің достарымның арасында бала да бар, менен жасы үлкендер де бар. Жанымда жүрген амал достар да жетеді.

- Өмір жолында кейбір жандардан түңілген сәттеріңіз көп болған сияқты?

- Халықтың батасын алып жүріп, көңілім қалды деп айта алмаймын. Бірақ, өмірде бір адамнан көңілім қалды. Шыны керек, содан қатты түңілдім. «Атаңнан мал қалмаса да, бата қалсын» дейді ғой. Халықтан бата алып жүргенімізге қуаныштымыз.

- Ән кешіңізде «өмірдің қиын сәттерінде табалаған да, аяғандар да болды, осындай қиын сәттерде ұлдарым мен анам демеуші болды» дедіңіз. Сонда нені меңзегеніңізді білуге бола ма?

- Ол енді жеке тағдырыма байланысты. Менің өмірімде көптеген қиыншылықтар өтті басымнан. Сол кездерде жаныма ең жақын деген адамнан күтпеген, үш ұйықтасам түсіме кірмеген, мүлдем ойламаған жағдайды көрдім . Оны халық біледі. Адам өмірге талпынған сайын қиындықтарға тап болады. Жалпы, ана ретіндегі тілегім - адамзаттың бар баласы қиындық көрмесе екен деймін. Жеке концертімде көңілімде қалып қойған мұңымды халықпен бөліскім келді, ақтарғым келді. Халық өзі ақ пен қараны айырады ғой. Уақыт емші. Бәрін де өмір өз орнына қояды деп ойлаймын.

- Әншіліктен бөлек, ақындығыңыз да бар сияқты?

- Менің екінші мамандығым – қазақ тілі және әдебиет пәнінің ұстазы. Кейде оңаша қалғанда қағазға үңіліп, жыр шумақтардан төгетінім бар. Іштегі сырымды қағазға төккенді жақсы көремін.

- Сіз концертте жанды дауыста ән шырқадыңыз. Қазір көпшілік мәдениет өкілдері фонограмма туралы заң шығару керек дегенді айтып жүр. Осыған қалай қарайсыз?

- Мен фонограммамен айтқандар жанды дауыста айта алмай қалады дегенді жиі естимін. Соны ести тұра жүрегім қынжылады. Себебі, бұрын фонограмма болған жоқ. Біз сол бұрынғы талапқа төселіп қалғанға ұқсаймыз. Себебі, таңертең ән айт десе біреу, тамағымызды бір кернеп алып айта аламыз. Кейінгі кезде халықты еш нәрсемен алдауға болмайды, оны таңғалдыру да мүмкін емес. Мен концертім біткен соң халық неге кетпей отырды деп ойладым іштей. Мен қоштасып тұрғанда, халық әлі отырды. Себебі, халық шынымен де, жанды дауыста орындағанды сағынып қалған екен. Артынан халықтың ілтипатына бөлендім. Халықтың тұрып қол соққанына қуандым. Әрине, фонограммаға сүйенуге болмайды. Халық кімнің қандай дауыста айтып тұрғанын, кімнің қандай әнші екенін біледі, ақымақ емес. Өз басым фонограммаға қарсымын, содан да концертімде жанды дауыста ән шырқадым. Бірақ, үлкен концерттерде, телевидениеде техникалық себептерге байланысты фонограммамен айтуға тура келеді.

- Имиджіңізді өзгерту туралы ойланған жоқсыз ба?

- Ол туралы ойланып көрген жоқпын. Керісінше, репертуарымды кеңейту туралы көп ойлаймын.

- Қоғамда орын алған қандайма бір жайттарға көңіліңіз толмайтын тұстар бар ма?

- Мен ана мен балаға деген қамқорлықты үкімет аямаса екен деймін. Жүрген жерімде де осы мәселеге көбірек көңіл бөлсе екен деп айтамын. Былтырғы жыл - ана мен бала жылы деп үш жыл қатарынан белгіленді. Мен ана мен балаға неге тек үш жыл ғана мән берілуі керек деп ойлаймын. Денсаулығы жоқ балаларға жыл сайын шипажайға жолдама беріліп, жиі жағдайлары жасалса деймін.

- Қайырымдылық концерттерді өткізу туралы ұсыныстар болып жата ма?

- Өз бастамаммен-ақ, қайырымдылық концерттерді жиі өткізіп тұрамын. Концерттен түскен қаражатты мүгедектер үйі болмаса, қарттар үйіне апарып, қаржылай көмек немесе тегін концертімді өткізіп тұрамын. Алматыда да біраз концерттерді өткізіп жүрмін.

- Алдағы 8-наурыз – халықаралық әйелдер мерекесіне орай біздің қыз-келіншектерімізге тілегіңіз?

- «Жұмақ - ананың табан астында» дейді. Біріншіден, елдің тыныштығын тілеймін. Әйелдердің тыныш ұйқысын ойлап отырған азаматтар аман болсын! Елбасымыз аман, бауырымыз бүтін болсын. Үйдегі амандығымызды тілеп отырған аналар аман болсын. Аспанымыз ашық болсын! Балаларымыз жыламасын! Бес күндік тірлікте одан басқа байлықтың қажеті жоқ деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

3 наурыз 2011, 01:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.