Атырау, 25 сәуір 21:33
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Биліктің басын «қатырған» сала

3 723 просмотра

Мақаттың суға жарымайтыны жайлы әңгіме айта-айта жауыр болған әңгіме. Ал таза су бекерге көшеге ағып, ысырап болып жатыр.

Неше жылдан бері Мақат ауданындағы ауыз судың әлегі жазылып келеді‑ақ. Бұған билік басындағылардың еті үйреніп кеткені соншалық, көшедегі бостан‑босқа ысырап болған суға басын қатырмайтын болды. Тіпті сырғанақ іздеп қажеті жоқ, Мақатқа келсең неше шұрайын көресің. Асылы көшедегі мұздарды жібітіп, болмаса тазартудың орнына аяғыңа коньки байлап жүргеннен абзалы жоқ болар. Ертең күн жылынса кент топан судың астында қалмай ма деседі «АЖ» тілшісіне телефон соққан мақаттықтар.

Мақаттағы коммуналдық проблема турасында бұдан бір ай бұрын, яғни үстіміздегі жылдың 3 ақпанында «Мақаттан мұң арылар емес» (№5 «АЖ») деген сын мақала жарық көрген болатын. Бірақ баяғы жартас, бір жартас болып шықты. Ештеңе өзгермеген таз қалпында. Есесіне орталық көшенің бойында сырғанақтар көбейіпті. Тесік құбырдан аққан сулар көк мұзға айналған. Жаяу жүргіншіге көп қиындық келтірген. Ал балалар болса үлкендердің салақтығынан пайда болған сырғанақтарда асыр салып жүр. Әкімшілік ғимаратының бұрылысындағы орталық көшеден басталған көкпеңбек мұз Теміржолшылар көшесіне ұласып барып жығылады. Осыншама судың ысырап болғанынша жайбарақаттыққа салынған суға жауаптылардың енжарлығына қайран қалдық. Енді келіп көшенің әр жеріндегі тесік құбырмен алысуда.

‑Біздің дүкеніміз судың ортасында қалды. Бұл ғимаратты бірнеше жылдан салып, кіргенімізге екі ай болып еді. Енді келіп басымызды уайым жайлады, күн жылынғанда мұзға құрсауланған дүкен суға кетіп қалмай ма деген қорқыныш басым. Негізі қаңтардың аяғында жарылған құбырды бітеуге «АтырауСуАрнасы» асыққан жоқ, филиалдың бастығы Жантоқовқа талай айттық та. Бірақ дер кезінде құлақ аспады. Қазір дүкеннің қақ алдында су құбырларының жарығы жатыр. Енді келіп жыртықты жамап әлек, бірақ есепсіз аққан суларды сорып алу қаперлеріне кірмеуде. Дүкеніміздің едені төмен түсіп, есіктерміз жабылмайтын болды. Осындай күлдей шығынға батырып отырған «АтырауСуАрнасын» сотқа бермекшімін,‑дейді жеке кәсіпкер Ұлмекен ШАПИЕВА ренішпен. 

Бұдан әрі көше‑көшелерді аралағанда қазылып, көмілмеген шұңқырдың бірнешеуін кездестіруге тура келді. Жанкелдин көшесінің машина жолының қақ ортасы, ІІБ алдындағы, үшінші ауыл, т. б. жерлердегі ондаған шұңқырлар қазылғанымен көмілмеген. Кейбірі атүсті қоршалған, бұл ойын баласы мен жүргізушілер үшін үлкен қорқыныш туғызып тұр. Кездескен тұрғындар ысырап болған сулар кімнің есебінен өтелетіні турасында сұрақтар қойды. Күн ерігенде кент топан судың астына қалатын болғандықтан ауданда төтенше жағдай туғызу қажеттігін де еске салып қойды.

ӘКІМ ҚАНША СУ ҚАЖЕТ ЕКЕНІН БІЛМЕЙДІ

«АтырауСуарнасы» КМК‑нің аудандағы филиал бастығы, ауданның бұрынғы экс‑әкімі Нұрлан Жантоқов аурулығы себепті демалыста болып шықты. Оның ұялы телефонына шыққанда жиырма күннен бері жұмыста жоқтығын және ештеңе білмейтінін жеткізді. Суды бітеумен айналысып жүргендер де жарытып ештеңе айтпады. Өзін «Мақат‑Атырау» трассасының учаске бастығымын деп таныстырған Аманғали МОЛДАҒАЛИЕВ Теміржолшылар көшесі бойындағы құбырлар тесігінің бірер сағатта жамалатынын жеткізгенімен ертесіне де әуреленіп жатты. Ал аудан әкімі Қилымғали Қайненов былай дейді.

‑ Күні бүгінде су беріліп жатыр, оған ешкімнің өкпесі жоқ. Рас апат жиі орын алуда, оны «АтырауСуАрнасы» өздері Атыраудан бригада әкеліп жөндеп жатыр. Су апаты көп болғандықтан игере алмай жатыр. Ол бұрынғы ескі су құбырының әлегінен болып жатқан жайт. Бірнеше жылдан бері жаңартылмай, тозығы жеткендіктен жиі жарылады. Доссордың басындағы су құбырлары 1966 жылғы, қайта соларда мұндай жай тым аз орын алуда. Су құбырын ауыстыруға тағы да қаржы бөлінбекші, жаңа линия әлі тапсырылған жоқ. Және жаңа мен ескі су құбырының картасы жасақталу үстінде,‑дейді ол.

‑ Кентке тәулігіне қанша су берілуде және қанша су ысырап болып жатыр?

‑ Мен оны білмеймін, керек кезінде сушылардан сұрап аламын, қанша су берілетінін судың бастығы Жұмашбаевтан білесің. Суды беретіндер де солар, төлемақысын жинайтын да солар, сондықтан мен ештеңе білмеймін.

‑ Сіз жақында өткен тұрғындар алдындағы есеп беруіңізде ауданда су проблемасы толық шешілді дедіңіз, оны неге сүйеніп айттыңыз?

‑ Халыққа су беріліп жатыр, судан проблема жоқ қой.

Бұдан кейін «АтырауСуАрнасы» КМК басшылығына хабарластық, олар төмендегдей уәжді алға тартқан болатын.

‑ Кентте су апаты көп емес және оны апат деуге болмайды, көбіне үйлерге қосқан жерден жиі ши шығуда. Жөндеу жұмысын жүргізгенде бір‑екі сағаттап су беруді тоқтатамыз. Негізі күні бүгінде халыққа тәулігіне шамаман 1000-1200 текше метр су берілуде. Ал ысырап су онша көп емес. Әкімшілік су және канализацияның құжатын біртіндеп тапсыруда, толық емес. Біз халықпен енді келісім шартқа отыра бастадық. Ал қазылып, көмілмеген шұңқырлар барын білеміз, олар күн жылына қалыпқа келетін болады. Су линиясы қатқан көпқабатты бір үйге водовозбен су берілуде. Бұрынғы жылдарға қарағанда судың мұқтаждығы шешілу үстінде,‑дейді «АтырауСуАрнасы» КМК бастығы Серік ЖҰМАШБАЕВ..

СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

Екенін аудандық прокуратура жасырмастан бірнеше құжаттармен таныстырған болатын. Соңғы бес жылда су мен канализацияға қанша қаражат бөлінгені белгісіз. Аудан әкімінің мәлімдеуінше тек өткен жылдың өзінде коммуналдық жұмысқа бюджеттен  210 млн. теңге бөлінген. Кенттегі су құбырының сексен пайызы жаңартылған, тек жарамсызына жиырма пайызы жатады. Және жаңа су құбырын ауыстырудың бірнеше жылға созылуына байланысты оны қабылдап алу жүргізілмеген. Бірақ қазірдің өзінде коммуналдық мәселеге бөлінген қаржылардың ұрлануы бойынша қылмыстық істер көтеріле бастағанын Мақат ауданы прокуроры Жұбан ҚАДЫРОВ жасырған жоқ. Мәселен, 2005 жылы Жаңа Мақат тұрғындар қалашығына магистральдік су құбырын жүргізу үшін 147 млн. теңге АдЖИП арқылы шығарылған. Бірақ су құбырын тарту кезінде жобадағы жұмыстардан ауытқыған «Газтехстрой» ЖШС 3 млн. 573 мың теңгені ұрлаған. Осы бойынша ЖШС бастығы А. Куликов 2010 жылдың 19 сәуірінде ҚР ҚК 177 бабы 3 бөлігі «б» тармағы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып, аудандық соттың үкімімен 3 жылға бас бас бостандығынан айырылған. Ал 2008 жылдан бері 300 текше метрлік екі резервуардың жұмысы сағызша созылып кеткен. Бұған бюджеттен 105 млн. теңге бөлініп, «ЭХИН» ЖШС мен аудандық әкімшіліктің құрылыс бөлімі арасында №8 санды келісім шарты жасалады. Бірақ 2009 жылдан бері резервуар бой көтергенімен жұмыс аяқтала қойған жоқ. Күні бүгінде осыған қатысты қаржы полициясы тергеу жұмысын жүргізіп жатқанын прокурор Ж. Қадыров мәлімдеп отыр. Ал кент басындағы судың жайы жоғарыдай.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

3 наурыз 2011, 00:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.