Атырау, 29 наурыз 11:30
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

«Жаралы жолбарыс» қайта жаңғырды

10 897 просмотра

"Жаралы жолбарыс" спектаклінен көрініс

Ақпанның 24-і күні Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрында «Жаралы жолбарыс» атты трагедиялық спектакль cахнаға қайта қойылды.

Баймағамбет сұлтанның өмірін суреттейтін бұл туындыны белгілі халық ақыны Қадыр Мырза-Әлі жазған еді. Ал осыдан 17 жыл бұрын спектакльді осы театрда алғаш сахналаған талантты режиссер Шоқан Кәрібаев болатын. Ол кісі де бүгінде өмірде жоқ.

«Жаралы жолбарыс» спектаклін театр сахнасында қайта жаңғыртқан – ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Төлеген ЖАНГЕЛДИЕВ. Ондағы мақсат – осыдан екі жыл бұрын дүниеден озған аяулы әріптесі, сахна шебері, актер Төлеген ҚУАНЫШЕВТІ еске алу. Спектакльдің қойылымы да актердің дүниеге келген күніне сәйкес келді. Ақпанның 24-ші жұлдызында марқұм Төлеген аға тірі болса, 60 жасқа толар еді. Тумасынан дарынды актер Баймағамбет сұлтан, Бейбарыс сұлтан, Ақан сері секілді ірі тарихи тұлғалармен қоса, 100-ден астам рөлді сомдады. Сондай-ақ, «Қауышу», «Біржан сал» секілді бірнеше фильмге түсіп, 2006 жылы Мәскеуде өткен кинофестивальде режиссерлер Аманжол Айтуаров пен Сатыбалды Нарымбетовтің «Дала экспресі» фильмінде шарасыз әкенің рөлін тамаша ойнағаны үшін «Үздік ер бейнесі» жүлдесіне ие болды.   

Актерді еске алу кешінде өнердегі ұстазы, облысымызға белгілі режиссер Шапай ЗҰЛҚАШ шәкірті жайлы былай деп толғанды:

«Бүгін Төлегенім 60 жасқа толып отыр. Толып отыр дегенім, оның рухы дәл қазір осында, театр сахнасында!.. Өнер саңлақтарының бірі болған Төлешім, Төлегенім, арамыздан тым ерте кеткені елімізді, өзінің қадірлі көрермендерін, өзінің сүйкті әріптестерін ауыр қайғыға ұшыратып, мені ініден, інілерін ағаларынан айырып кеткен тағдырға не жазарсың?.. Оның өнер жолы ғажап қой! Өнердің шарықтау шегіне келіп, әлі биікке шырқап шығар сәтінде үзіліп кетті... Оның жарқын бейнесі, азаматқа тән өжет мінезі, қайсарлығы, оның бір айтқан сөзден қайтпайтын жүректілігі... өз ісіне де соншалықты мұқияттылығымен ерекше жан еді. Біз оны сағынамаз... Бірақ, амал қанша..»

Төлеген ағамыздың «Жаралы жолбарыс» спектакліндегі сомдаған Баймағамбет сұлтанның образы театр тарихында алтын әріптермен жазылды. Әріптестері актердің рухын, асыл бейнесін көз алдарына келтіру үшін осы спектакльді қайта даярлап шыққандарын айтысты. Баймағамбет сұлтанның рөлін мұнда ҚР мәдениет қайраткері, қарымды актер Сәбит ҚОЖАБЕКОВ әдемі ойнап шықты.

Актердің жары Хадиша Қуанышева (бүгінде арамызда жоқ сүйікті актрисамыз Фарида Шәріпованың сіңлісі-А.А.):

«Мен бүгін сіздердің алдарыңызда жалғыз тұрмын. Сұм ажал сүйген жарымды алып кетті. Бірақ, ол марқұмның жүрген жолы, басқан ізі әлі көз алдымызда сайрап тұр. Төкеңнің арманы, мақсаты көп еді. Оның жетпеген армандарына әріптес інілері мен қарындастары жетеді деп сенемін. Баймағамбет сұлтанның бейнесін жүрексінбей, батылдықпен сомдаған Сәбит бауырыма рахмет айтамын! Спектакль Төлегенді қайта тірілткендей болды», - деді, көзіне жас ала.

Актер Төлеген Қуанышев 1951 жылы Қызылқоға ауданы, Миялы селосында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолы 1972 жылдары бұрынғы Торғай облысы, Арқалық орталығындағы драма театрында басталды. Ондағы Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» шығармасының желісі бойынша сахналанған спектакльде Павел Корчагиннің рөлін сомдап, ҚР мемлекеттік лауреаты атағына лайықты деп танылды. Сол өнер баспалдағы оны әрі қарай алға жетелеп, талай асулардан асырды. Шығармашылық еңбегінің жемісін көруге жаздырды. Оған дәлел – актердің жұмысына риза болған халықтың жоғары бағасы мен әріптестерінің ерекше ілтипаты, сондай-ақ, мәдениет саласына сіңірген еңбегін бағалаған марапаттары.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Е.Алтыбаев

2 наурыз 2011, 23:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.