Атырау, 19 сәуір 02:23
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Атырауша кейтеринг: сапа мен баға сай ма?

8 740 просмотра

Соңғы кезде Атыраудағы мейрамхана рыногындағы бәскелестік күшейе түскендей. Мұны Атыраудағы тойханалар мен кафелердің, бар-клубтардың көптігінен аңғаруға болады.

Әзірге атыраулық тойханалар банкетке ставка жасайды. Тек аптаның соңын күтетін де мейрамханалар бар. Соған қарамастан Атырауда мейрамхана, кафелер  өте көп. Бірақ бос тұрған үлкен банкет залдарын кез-келген уақытта таба алмайсыз. Олардың аз ақша тұрмайтынына қарамастан Атырауда той да көп. «Мал мүлкін шашу үшін жинайтын» қазақы көңілді қатаң экономика тәрбиесіне бұру әсте ойымызда жоқ. Дегенмен, соншалықты қаражатты шашып той жасаушылар тойханалар мен кафелердің өздеріне көрсеткен қызметтеріне разы ма?

МЕЙРАМХАНАЛАРДАҒЫ ҰРЛЫҚ

Атыраудың тұрғыны Ақдина Кенжеғалиева осындай мейрамхана жалдап, той жасағандардың бірі. Осыдан бірнеше ай бұрын ол Привокзальныйдағы көп жарнамаланып жүрген ойын-сауық кешендерінің бірінде құдалық шақырған. 70 адам үшін 96 мың теңгеге банкет залын 5 сағатқа жалдапты. Алдын-ала 40 пайызын төлеген Ақдина апайға мейрамхана администраторы керекті ас мәзірінің есебін берген көрінеді. Оның айтуынша, бешбармақ үшін (еске сақтаңыз - тек бешбармақ үшін) 48 кг ет, қазы-қарта, спирттік ішімдіктер, басқа да  қажетті той жабдықтарын алу үшін жалпы сомасы 231 мың теңге ақша жұмсаған. Бұған жоғарыдағы жалға алу құнын қосыңыз.

- Дастарханнан әкелген қазыларымды да, келісін 1500 теңгеден сатып алған балыкты да, свежий тілімді де көре алмадым. Олар менің тағамдарымды ауыстырып жіберген. Ал дастарханды көркемдегеніне қарап қонақтарымнан ұялдым. Даяшылар суып кеткен шай құйды, - деп тізбелейді Ақдина Кенжеғалиева.

Өкінішке орай, Ақдина Кенжеғалиева әлгі мейрамхананың сапасыз қызметі жайлы да, дастарханынан жоғалған азық-түлігі жайлы да ешқайда шағымданбады. Баяғы қазақылыққа салынып «құрысыншыдан» арыға бармады. Өзінің тапа-тал түсте тоналғанын дәлелдей алмаған зейнеткер апайға біз де көмектесе алмадық.

КЛИЕНТТІ АЛДАУДЫҢ ТӘСІЛДЕРІ

Әрине, тойхана, кафе, бар болған соң шындығын айту керек, ұрлықсыз болмайды. Тіпті онда бәрі - аспаз да, даяшы да, бармен де бәрі де ұрлайды. Бірақ қалай? Сандаған рестораттарды, даяшылар мен аспаздарды, кафеге баруды жақсы көретін таныстарымды сөзге тарта келе мынадай мәліметтер алдым.  Мәселен, аспаздар қауымы бөтеннің асын ұрлаудың даяшылармен бірлесе отырып ерекше тәсілдерін де ойлап тапқан тәрізді. Осындай банкетке тапсырыс берген тағы бір танысым алдын-ала еттің керекті мөлшерін айтып, ал той басталарға бір күн қалғанда жетпей қалғанын көлденең тартып, тағы 10-20 кг сұратқанын айтады. Сонда алдыңғы бір сиырдың еті қайда кетті деп таңқалады әлгі танысым. Оны ешкім білмейді. Тағы бір жолы ескіріп қалған тағамдарды көпшілік банкетке араластырып, сіздің әкелген азық-түлігіңізді VIP клиенттерге жаңа тағам ретінде ұсынады. Мұндай пайдалы жағын кейбір мейрамхана директоры білсе де білмегенсуі мүмкін.

«Менің қалада даяшы болып жұмыс жасайтын інілерім апта сайын жәшіктеп коньяк жібереді» деп бөліседі тағы бір танысым.

БАС АСПАЗДЫҢ АҚЫЛЫ

Галина атты таныс аспазым менімен бір тойға кететін шығынды  нақты есептеп беруге келісті.  Онымен сөйлесе келе, атыраулықтарға бір үйлену тойының дастархан мәзірінің есебі жайлы ақпарат ұсынуды жөн көрдім. Жалпы Атыраудағы мейманханаларда  150-300 адамға  лайықталған банкет өткізу үшін залды жалға алу бағасы 250 000-270 000 теңге арасы. Галинаның айтуынша, қазір қоғамның орта табына жататын атыраулықтардың өзі той өткізу үшін кем дегенде 300 адамды шақыратын көрінеді. Сондықтан  бас аспаздың ас мәзірі осыншама адамға арналған:

300 адам әр үстелге 16-дан бөліп отырғызылады. Тағам жалпы саны 37 сыбағаға есептеледі.

Салқын тіске басар.Бір үстелді жабдықтау үшін 2 тарелка  салқын тіскебасар, 2 тарелка ет ассортиі, 2 тарелка тауық ассортиі, 2 тарелка балық ассортиі кетеді.

Оған қажетті тағамдар: қазы әр адамға 45г-13 кг (турағанда 15-18 кесектен шығады), тіл - 1 данасы 6 тарелкаға есептеледі - 7 дана тіл, колбаса - әр адамға 20 гр - 6 кг, сыр - әр адамға 10 гр - 3 кг.

Тауық ассортиіүшін әдетте тартылған және пісірілген түрлері қолданылады. 37 сыбағаға әр түрінен 37 данадан. Егер қанатшалары қолданылса әр түрінен 111 данадан алынады.

Балық ассортиіүшін 17 кг көксерке: котлет үшін тартылған ет 30 гр әр адамға - 9 кг, ал клярдағы балық - әр адамға 27-28 гр - 8 кг. Қызыл балықтан, егер асылған болса әр адамға 50 гр - 15 кг, ақсерке 10 гр - 3 кг (әр тарелкаға 8-10 кесектен), балыктан әр адамға 20-25 - гр- 5 кг жұмсалады.

Салаттар.Оның түрлері әдетте тапсырыс пен талғамға орай. Жиі тапсырыс берілетін түрлері «Президент салаты», «Хан салаты», «Пекин салаты», «Сельд под шубой», т.б. Олардың әрқайсысы әр адамға 600-650 г - 51 сыбағадан есептеледі.

Ал қызанақтар мен қиярлар 51 данадан алынады. Көкөністер бумамен есептеледі: 60 бума жапырақ салаттар, орамжапырақтың үлкен бумасы - 4, аскөктің үлкен бумасы - 4, бұйра петрушкалардан - 12 бума қажет.

Ет. Бешбармақ үшін әдетте сүйегі жоқ еттер сатып алынады - 54 кг сүйексіз ет жұмсалады.

Тефтели үшін әр адамға 80 гр - 24 кг, болгар бұрышына салынған ет - 15 кг ет қажет.

Спирттік ішімдіктер.60 бөтелке ақ арақ, 30-32 бөтелке коньяк. Шырындар - 180-200 л, газсыз минералды су - 5 қорап, газды минералды су - 5 қорап.

Жемістер.3 кг вазаларға есептеледі. Әр вазаға 3 алма, 2 апельсин, 2 алмұрт, 2 киви деп саналып бір-бірден сатып алынады және талаптарына сай жүзім, ананас, банандар қойылады.

Шай жабдықтары.1,5 кг шай, 15  банкадағы, 6 қораптағы сүт алынады. Кәмпиттен 37 сыбағаға 6 кг, ал өрік, мейіз, жаңғақ, т.б. кептірілген жемістерден 250 гр - әр түрінен 2 кг алынады. Пирожныйдан 222 дана, бәліш-тен 222 дана қажет.

ЗАҢГЕРДІҢ КЕҢЕСІ

Александр РОТЕНБЕРГ - заңгер:

- Қызмет көрсетуші тараппен жан-жақты баяндалған келісім шарт жасалуы тиіс. Онда клиент өзі әкелген азық-түлігін бағасымен қосып толық тізімдеп көрсетуі керек. Егер басқа салат тәрізді ас мәзірлері прейскурант бойынша болса, оның да бағасы көрсетілуі тиіс. Егер келісімге қол қойған жақтың бірі оны орындамаса, екінші тарап соның салдарынан тартқан шығынды өтеп беруді талап етуге құқылы.

Бұдан бөлек, заңгердің айтуынша, алынған азық-түліктердің чектерін жоғалтпай сақтағаны жөн. Тіпті тағамдарын пайдалануға дейін және дайындалған дастарханды бейне таспаға жазып, суретке түсіріп алудың да артықтығы жоқ. Өйткені, мұның бәрі қажет кезінде таптырмайтын дәлелдер.

Сәния ТОЙКЕН

2 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.