Атырау, 20 сәуір 03:34
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Президенттің Жолдауынан

5 477 просмотра

(«АЖ» редакциясының қысқартуымен беріліп отыр)

«Қазақстан-2050» стратегиясы – жаңа саяси бағыт

    Сурет akorda.kz сайтынан алындыСурет akorda.kz сайтынан алындыБіздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену. Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақмерзімді дамумен және экономикалық өсумен  айналысады.

Дәл осы себептен де Тәуелсіздік күні қарсаңында, қымбатты менің отандастарым, мен сіздерге жаңа Жолдау  ұсынып отырмын.

 

СЕЛОЛЫҚ ӘКІМДЕРДІҢ САЙЛАНБАЛЫЛЫҒЫ ТУРАЛЫ

...Мен Жергілікті басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекіттім. Сондықтан мен мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу туралы шешім қабылдадым. Сайлауды біз 2013 жылдың өзінде-ақ бастаймыз.

Барлығы 2533 әкім, соның ішінде селолық округтердің, кенттердің және аудандық маңызы бар 50 қаланың әкімі сайланатын болады.  Бұл барлық деңгейдегі әкімдердің жалпы санының 91,7%-ы!

Парламенттің өкілеттіктерін күшейту жөніндегі саясатымызды жалғастыру керек.

...Ең алдымен мемлекеттік аппарат реформаланатын болады. Мен мемлекеттік қызметтің жаңа жүйесі туралы Заңға қол қойдым. Біз Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия құратын боламыз. Мемлекеттік саясаттың нақты бағыттарын жүзеге асыруға жауапты кәсіпқой басқарушылардың мүлдем жаңа санаты – «А» корпусы  құрылады.  «А» корпусына бірінші кезекте жауапты хатшылар мен облыс әкімдерінің аппарат басшылары, комитет төрағалары, қалалар мен аудандар әкімдері кіреді. Өзімнің Әкімшілігіме «А» корпусына үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптары туралы Жарлық жобасын дайындауды тапсырамын. Бұдан былай мемлекеттік қызметші лауазымдық сатымен кезең-кезеңмен, билік иерархиясының бір сатысынан келесісіне өзінің машығын жетілдіре және кәсіби деңгейін арттыра отырып көтерілетін болады.

 

«МҮЛДЕМ ТӨЗБЕУШІЛІК» ТУРАЛЫ

Үкіметке 2013 жылы менің Әкімшілігіммен бірлесіп атқаратын мынадай тапсырма беремін:

Парламентке 4 жаңа кодексті: Қылмыстық-іс жүргізу, Қылмыстық, Қылмыстық-орындаушылық және Әкімшілік құқық-бұзушылық туралы кодексті әзірлеп, енгізу керек.

Мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстануға тиіс.  Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені, осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді.

Менің Әкімшілігім мен Қауіпсіздік Кеңесіне және Үкіметке бірлесіп атқаратын мынадай тапсырма беремін:

құқық  қорғау органдары қызметкерлерін ақшалай қамтамасыз ету және зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын дайындау керек. Осы 2013 жылдан бастап арнайы атақтар үшін төленетін қосымша ақы мөлшерін әскери атақтар бойынша төленетін жалақы деңгейіне дейін көтеруді тапсырамын.

 

ЛАТЫН ҚАРПІНЕ КӨШУ ТУРАЛЫ

...Қазақ тілі - біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз.  Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет.

Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз.

Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады.

Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз.  Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар, әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет.  Бүкіл әлемде бірдей қабылданған терминдер бар. Олар кез келген тілді байытады.

Мен қазіргі тілде жазылған кемінде жүздеген қазіргі кітаптардың тізімін жасап, қазақ тіліне қазіргіше аударуды ұсынамын. Бәлкім, жастар арасында конкурс жариялау керек шығар: өздеріне не нәрсе қызықты әрі пайдалы екенін олар да айтсын.

Сіздер біздің саясатымыз туралы – 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігін білесіздер. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс.

Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін.

Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады. Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарамайық.

Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз. Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек.

Орыс тіліне және кириллицаға біз қазақ тіліне қандай қамқорлықпен қарасақ, сондай қамқорлықпен қарауымыз керек. Орыс тілін білу – біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға белгілі. Дәл осы орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен араласатын ортасын кеңейтіп келе жатқанын жоққа шығармауға тиіспіз.

Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады.

 

ШЕЖІРЕ ТУРАЛЫ

Сурет akorda.kz сайтынан алындыСурет akorda.kz сайтынан алындыБірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады. Бұл – тарих заңы.

Сондықтан қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі. Қазақстанның елдігі асқан, ерлігі тасқан, кемел де келісті елге айналуына бізден – қазақтардан артық мүдделі кім бар?!

Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасы ретінде мені алаңдатпай қоймайды.

Ондай жымысқы ниеттілердің айқайына құлақ асып, айтағына ілескен жан әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкін. Ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі.  Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға – қазақ деген ұлтқа барып тіреледі. Қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтастығын әйгілейді. Шежіре – қазақты бөлшектейтін емес, керісінше, біріктіретін ұғым.

 

БҮКІЛҚАЗАҚСТАНДЫҚ БІРЕГЕЙЛІК

2050 жылғы Қазақстан прогрессивті идеалдар қоғамы болуға тиіс. Бүкілқазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс.

Бүгінде кез келген этносқа жататын немесе дінді ұстанатын қазақстандық – өз елінің тең құқықты азаматы.

Қазақ халқы және мемлекеттік тіл даму үстіндегі қазақстандық азаматтық тұтастықтың біріктіруші ұйытқысы болып келеді. 

 

ДІН ТУРАЛЫ

Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз.

Біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл – факт. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген болмайды. Ол дегеніміз – хаос. Барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиіс.

Әркімнің таңдау құқығы бар. Діни таңдауға өте үлкен жауапкершілікпен қарау керек, өйткені, адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соған байланысты.

Бүгінде, интернет пен жоғары технологиялар ғасырында, ақпараттар тасқындаған заманда, «сүзгі» адамның ішінде болу керек.

Ішкі «сүзгі» сұрақтар қойып отыруға тиіс: аналарымыз, әпке-қарындастарымыз, қыздарымыз орамалға оранып алып, басқа халықтардың киімін кигені бізге керек пе? Бізбен бір дастарқанда отырып тамақ ішпеуге тиіс пе? Көлік жүргізбеуі керек пе? Мұның бәрі – басқа елдердің орныққан дәстүрлері, біздің даламызда ондай дәстүрлер ешқашан болған емес. Классиканы оқыңыздар, фильмдерді көріңіздер.

Біздің әйелдерде ұлттық тәкаппарлық, қалыптасқан киіну стилі бар, оны олар ибалылықпен ұстана біледі және біз, ерлер, әйелдердің осы қасиетін жиі теріс пайдаланамыз.

Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз.

Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген.

Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал.

Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда.

Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек.

Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек.

Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз өзін өзі ұстаудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз. Мен жария етіп отырған стратегия біздің халқымызды орта ғасырларда емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындайды.

Мемлекет пен азаматтар радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құруға тиіс.

Діни экстремизм қаупі ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Дінбасылар да ортақ алаңдаушылық білдіруде.

Біз Жаратушыға деген кіршіксіз сенімнің агрессиялы және қырып-жойғыш фанатизммен алмасуына жол бермеуіміз керек.

Соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат. Ол Қазақстанның мұсылмандары ұстанатын ханафи мазһабына қарама-қайшы.

Қазақстандағы экстремизм мен терроризмде идеялық емес, қылмыстық негіз бар. Жалған діни көпірмеліктің артында қоғамның негізін күл-талқан еткісі келетін қылмыстық іс-әрекет жасырынып жатыр.

Бұл – біздің еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа шабуыл. Бұл – біздің мемлекеттігіміз бен азаматтық кемелдігіміздің мықтылығының сынға түсуі. Біздің мемлекетіміздің зайырлы келбеті – Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты.

Мұны Қазақстанның қазіргі және болашақ саясаткерлері, барлық қазақстандықтар айқын түсінуге тиіс.

Үкіметке менің Әкімшілігіммен бірлесіп, Діни экстремизммен және терроризммен күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама дайындауды тапсырамын.

Сөйте тұрып, мен ұлтты да сақтандырғым келеді. Экстремизммен күрес әйтеуір жазықтыны іздеп табуға айналып кетпеуге және дінмен күреске жалғасып кетпеуге тиіс.

Дін мәселелерінде ойластырылған қадам және өте мұқияттылық қажет. Мемлекет діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпауға тиіс. Біз ұят, толеранттылық және төзімділік еркіндігі принциптерін қастер тұтуымыз керек.

 

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ

Сурет akorda.kz сайтынан алындыСурет akorda.kz сайтынан алындыБолашақтың Қазақстанын мен қалай елестетемін?

Мен 2050 жылғы қазақстандықтар – үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы екеніне толық сенімдімін.

Олар – әлемнің азаматтары. Олар саяхаттап жүреді. Олар жаңа білім меңгеруге құштар. Олар еңбексүйгіш. Олар – өз елінің патриоттары.

Мен 2050 жылғы Қазақстан – жалпыға ортақ еңбек қоғамы екеніне сенімдімін. Ол – барлығы да адам игілігі үшін жасалатын, экономикасы мықты мемлекет. Білім беру саласы да, денсаулық сақтау саласы да үздік. Бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрған. Азаматтары еркін және тең құқықты, ал билігі әділ. Онда заң үстемдік етеді.

Мен біздің дұрыс бағытпен ілгерілеп бара жатқанымызға сенемін және бізді ештеңе де түзу жолдан тайдыра алмайды.

Егер біз күшті болсақ, бізбен санасатын болады. Егер біз таңғажайыпқа сенсек немесе басқаларға иек артсақ, қол жеткізген жетістіктерімізді жоғалтып аламыз.

«Қазақстан 2050» Жаңа стратегиялық бағытын жүзеге асыруда бізге – қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі.

Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар тәлімімізбен біз алдағы асулардан алқынбай асамыз.

Үдеудің сыры – бірлікте,

Жүдеудің сыры – алауыздықта.

Осыдан 3 ғасыр бұрын Аңырақайда болған ұлы шайқаста ата-бабаларымыз бірліктің құдіреті қандай боларын өзіне де, өзгеге де дәлелдеген. Сын сағатта туған елге деген перзенттік парызды бәрінен биік қоя білген. Сол шайқаста төгілген қан барша қазақтың тамырында бар. Бізді бір-бірімізбен біріктіретін де, бауыр ететін де бабалардың бостандық жолында төгілген осы қаны деп білемін. Бейбіт күндегі белестерді бағындырып, алдағы сындардан сүрінбей өтеріміз, ең алдымен, өзімізге, бірлігіміз бен берекемізге байланысты.

Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат  қылдық.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі.

Тәуелсіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кәміл сенемін.

Сондықтан барлық буын өкілдеріне үн қатамын!

Алдымен, алдыңғы толқын – аға буын!

Сіздердің көрегендіктеріңіз бен өмірлік тәжірибелеріңіз кейінгі буынның ақиқат жолынан адаспай, алға басуына септігін тигізеді.

Ортаңғы буын отандастарым!

Сіздердің еншілеріңізге алып империяның күйреп, жас, тәуелсіз мемлекеттің түлеген кезеңі дөп келді.

Сіздердің күрделі де қиын шешімдер арқылы жинаған өлшеусіз тәжірибелеріңіз – қиындықтардан қыңбай өтуімізге қажетті баға жетпес қазына.

Ал кейінгі толқын жастарға айтарым: Сендер – болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер.

Біздің бүгінгі атқарып жатқан қыруар шаруаларымыз тек сендер үшін жасалуда.

Сендер тәуелсіз Қазақ елінің перзенттерісіңдер.

Тәуелсіз елде туып, тәуелсіз елде тәрбие алдыңдар.

Сендердің азат ойларың мен кемел білімдерің – елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиянда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш.

Мен барша халқымды жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары – ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырамын.

Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық.

Біз көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз.

Астана, Ақорда, 2012 жыл

20 желтоқсан 2012, 16:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.