Атырау, 28 наурыз 14:08
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

«Біз білетін Шариполла бұл емес»

3 731 просмотра

Газетіміздің өткен санында жарияланған «Облыс прокуроры Бауыржан Сматлаев: Шарифолла Сайфуллин есірткі және әскери қарумен қолға түсті» деген мақаладан кейін редакцияға айыпталушының ет жақын туысқандарының бір тобы және оның адвокаты хабарласты. Олар өздерінің талаптарын төмендегі жолдаған хаттарында баяндайды (қысқартылып басылып отыр). 

«Біздің туысқанымыз Шариполла Сайфуллинді 26 желтоқсан күні күндіз балаларына кинотеатрға билет алып, үйіне қайтып бара жатқан кезінде ұстаған. Оның автокөлігін Авангард-3 мөлтек ауданында тоқтатып, бетперде киген екі адам  қолынан шап беріп ұстап, тағы бір-екеуі оның шұлығына есірткі салу үшін аяғына ұмтылған. Қолына қол кісен салып, бетімен жерге жатқызып тастаған, сол кезде машинаның артқы орындығынан «түсініксіз» жағдайда автомат салынған сөмке тауып алған. Сол жердегі аузын ашып қарап тұрғандарды қуа бастаған. Өздерінің шектен шыққан әрекеттеріне куә болмас үшін тіпті, кейбіріне қару (кейін бұл туралы қорқып кеткен жасөспірімдер айтып берді) кезенген. Оның ұсталу сәті бейнетаспаға жазылмаған, түсірілім тек оның қолына қол кісен салынған сәттен бастап түсіріле бастаған. Ол қалай болғаны? 

Бір кездері біздің отбасымыздың басынан ауыр күндер өтті. Әкеміз ерте бақилық болды. Сол кезде барлығымызға қамқоршы болған Шариполла еді. Күндіз оқып, кешкісін нан комбинатында жұмыс жасады, ешқайсымызды балалар үйіне бермеді. Ол біздің барлығымыздың қандай да болмасын мамандық алып шығуымызға жағдай жасады. Қазір оның асырауында зейнеткер анасы мен мүгедек-ағасы, ата-анасыз қалған екі жиені және өзінің төрт баласы бар.

Оны танитындардың барлығы оның спортшы екендігін және жағымсыз әрекеттермен, оның ішінде есірткіге әуестік секілді жат қылықтармен жаны қас екендігін жақсы біледі. Айдың күні аманында машинада ашықтан-ашық қару-жарақ салып жүру үшін қаншалықты бейқам, қаншалықты өз-өзіне сенімді болу керек? Сайфуллиннің жеке басына құқық қорғау органдары тарапынан үнемі қысым көрстету 2 жылдан бері жалғасып келеді. Бірде қалалық ІІБ, бірде ІІД-не, кейде ҰҚК-не (шақыртулары бар) шақыртып жатады. Ол түрлі деңгейдегі прокуратураларға жазды. Таныстары (оның ішінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері де бар) оған барлық уақытта: «Сақ бол, саған жасырын жала жауып, қамауға алуы мүмкін» деп айтып отыратын. Сонда қалай, адам полицияға жақпаған болса, өмір бойына жасырынып жүруі керек пе?

Жастардың бүгінгі күні қандай жолға түскендігі, ол ата-аналарының тәрбиесінің қателігі. Ата-аналарының есебімен өмір сүретін, ол аздай ата-анасын үйлерін қуып жіберіп жатқан  құбыжықтар арамызда өсіп келеді. Бұған Шариполланың қатысы қандай? Біздің барлығымыз бірдей намаз оқымаймыз, бірақ Аллаға сенеміз. Ол бізбен арадағы туыстық қатынасымызды үзген емес, анамызды сыйлайды, жақсы көреді. Оның қайын атасы кәріс, қайын енесі орыс, олармен де ара-қатынасы керемет.

Тағы да ойға мына бір сауал оралады: «Ол қашаннан бері есірткіге әуес бола бастады?». Өз уақытында кейбір полицейлердің өзі оған жаттығуға барды және оның жағымсыз қылықтарға деген көзқарасын жақсы біледі. Ол тіпті, елбасының қолы қойылған Тәуелсіздіктің 10 жылдығы құрметіне орай Құрмет грамотасына ие болған еді.

Біздің қалада құқық қорғау органдары тарапынан жала жабу мақсатында ұйымдастырылатын мұндай жағдайлар аз кездеспейді.

Ш.Сайфуллиннің туысқандары

24 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.