Атырау, 29 наурыз 12:29
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Түрмелерде көлік жоқ

3 116 просмотра

Атырау облысындағы қылмыстық атқару жүйесі комитетіне қарасты бірқатар мекемелер көлікке жарымай отыр. Мәселен, УГ 157/9 түзеу мекемесіндегі мектепте жұмыс істейтін мұғалімдер қыстың қақаған күндері қала сыртына жаяу сабылып жүрсе, әйелдер колониясында оқыс жағдай туа қалса селбесетін көлік жоқ.

УГ 157/9 түзеу мекемесіндегі мектептің директоры Тұрсын СҰЛТАНҒАЛИЕВАНЫҢ (суретте) айтуынша, қала сыртындағы СИЗО-ға ұстаздар жаяу тентіреп жүр. Ал олардың саны да бірталай, 11 адам. Бұған есепші мен шаруашылық қызметкерін қосыңыз.

Тұрсын Сұлтанғалиеваның осы колонияның жанындағы мектепте қызмет етіп келе жатқанына 11 жыл болыпты. Осындағы орыс сыныптарындағы қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Ол мәселенің мәні жайында былай дейді:

- «Біздерді мекеменің автобусы жұмысқа таңғы сағат 9-да әкелу керек. Сабақ біткен соң, түскі сағат 2-де қалаға қарай апарып тастау керек. Алайда өткен жұмада бір топ мұғалімдер сағат түскі 2-де тоңып-шаршап жаяу кеттік үйге. Бүгін тағы 21-ақпанда ала таңнан келе жатқанда, автобусымыз көпірдің үстінде (Атырау мұнай өңдеу зауытының технологиялық сулар каналын кесіп өтетін көпір  - А.А.) тоқтап қалды. Артымызда тергеу изоляторының автобусы келе жатқанын көрдік. Ол біздің тоқтап тұрғанымызды көре тұра  алмай кетті.

Тұрсын Сұлтанғалиева кей күндері амалсыздан жұмыс болған соң таксилетуге тура келетінін айтады. Оның бағасы да арзан емес-2000 теңге.

- Осы мәселені мен жаңа бастыққа екі рет кіріп айттым. Бірде ауызша, екінші рет  жазбаша. Ол: «Бара беріңіз, мен 20 жыл жұмыс істеп, «выговор» алып үйренген адаммын. Маған дым да істей алмайсың» деп отыр. Мен заңды нәрсені талап еткенім үшін жек көрінішті болып отырмын.

Түзеу мекемесіндегі мектеп мұғалімдері оқулықтар мен еңбекақыларын облыстық білім беру басқармасынан алады, ал түзеу мекемесі оқу құралдарымен қамтамасыз етуге тиісті. Алайда, былтырғы жылдың қыркүйек айынан бері мектепке «бір дәптер, бір қалам берілген жоқ» деп отыр мұғалім. Сондай-ақ, «Жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасау керек болса, біз оны өз күшімізбен жасаймыз. Кезекті демалысқа шыққанда әктасымыз бен бетонит әкеліп, өзіміз ақтап-сырлаймыз. Мына мекемеден ештеңе ала алмаймыз. Олар мұны өздері істеуге де құлқы жоқ. Ешқайсысы да мектептің жағдайын қарағысы келмейді» деді ол.

Осы мәселені баяндап, мұғалімдер облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығы Дидар Рахымбердиевтің атына ұжымдық өтініш хат жолдаған. Алайда,  осы күнге дейін мәселе әлі де түзелген жоқ.

«АЖ» тілшісі мәселенің мәнісін УГ 157/9 түзеу мекемесі бастығының міндетін атқарушы Ержан МОЛДАБЕКОВТЕН сұраған еді.

Оның айтуынша, түзеу мекемесі көліктері кестеге сай тұрақты қатынап тұрады. Автобустың бұзылып қалғаны рас, бірақ, көрші тұрған мекеменің автобусы жолда бұзылып тұрып қалғанын көргенімен, қызметкерлерді «перегруз» болмас үшін алып кете алмаған.

Одан әрі әңгімені облыс әкіміне сілтеді. Бұған қатысты облыс әкімі түзеу мекемесіне қарай мамыр айына дейін тас жол салып, маршрут шығарамыз дегенді айтыпты. Соңғы аялдама осы түзеу мекемесі болмақ. Біздің «қызметкерлер көліктің жоқтығынан кешігіп қалып жатса қалай болады?» деген сауалымызға Ержан Калпашұлы «оларды жаяу жүргізбеуге, кешіктірмеуге тырысамыз» деп жауап берді. Сондай-ақ, Астанадан жөндеу жұмыстары үшін қаражат сұратып отырғанын айтып қалды.

Қысқасы, жаңа бастықтың сөзіне сенсек, мәселенің бәрі таяуда шешілмек.

Айтпақшы, мұғалімдер көлік қатынасы жаңа басшының келуімен қиындап кеткенін түсіндіреді. Сейсенбі күні тағы да көлік болмай, түрменің кәсіптік лицей ұстаздары жұмысқа бармай қалған. Ал ол күні таңертең ауа температурасы - 30-33 градус суықты көрсеткен.

ӘЙЕЛДЕР КОЛОНИЯСЫНЫҢ КӨЛІКТЕРІ ҚАЙДА?

Естеріңізде болса, бұған дейін УГ-157/11 әйелдер колониясы қызметкерінің өлі денесі жақында анасының қабірінен табылғаны жазылған болатын. Оның туған-туысқандары жұмыстан шыққан адамды үйіне жеткізуге тиісті мекеменің көлігі қайда деп сұрайды. Заңды сауал. Алайда әйелдер колониясы бастығы демалыста болуы себепті жауап ала алмадық. Бірақ біздің бейресми дерек көзіміз қылмыстық атқару жүйесі департаментінен әйелдер колониясына үш көлік бөлінгенін айтып отыр. Алайда, ол тек қағаз жүзінде ғана көрінеді. Іс жүзінде әйелдер колониясында мүлде көлік жоқ. Ал түрмеде шұғыл әрекетті талап ететін түрлі жағдайлар шығып қалса ше? Сонда оған жауаптылар қайтпек?

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

24 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.