Атырау, 19 сәуір 12:02
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Ұрылар Алмагүлдегі лифтіні тоқтатып тастады

3 196 просмотра

Өткен аптада Алмагүл ықшам ауданындағы 16 қабатты алты үйдегі лифт двигательдері оралған мыс сымдар ұрланған.

«Атыраулифт» ЖШС директоры Жандос ЖАКУАЛИЕВТІҢ айтуынша, соның нәтижесінде №17 (бір подъезде), №19 (барлық подъезде), №20 (барлық подъезде), №21(екі подъезде), №22 және №23 (бір подъезден) үйлердегі лифтілер қозғалыссыз қалған.

Барлық жағдайда да қастық қылушылар белгілі бір жоспармен әрекет еткен – үйдің шатырынан кіріп, лифтінің машиналық бөлімінің гипсокартоннан жасалған қабырғасын теуіп сындырған. Рубильникті ажыратып, двигательдің орам сымын түсіріп алған. 17-ші үйде лифтіні тіпті жөндеуден кейін қосып үлгермеген. Қылмыскерлердің олжасы - әр лифтіде қалыңдығы 4 миллиметр болатын мыс сымның бес метрі еді. 17-ші үйдің лифтісінің сымын күндізгі уақытта ұрлап әкеткен. Жоғарғы қабаттағы тұрғындар лифтілерін күндіз қарауылдай бастаған соң, қалған үйлердің көтергіштерін түнгі уақытта бөлшектеп кеткен.   

Тұрғындар егер ұстап алсақ, ұрыларды оңдырмаймыз деп тіс қайрап отыр. «Атыраулифт» ЖШС өз кезегінде оларды қырағы болуға шақырады. Олар лифт компаниясы қызметкерлерінің арнайы киімі мен қызметтік куәлігі болуы тиіс екендігін ескертеді.

Өткен жылы қалалық әкімдік Алмагүл ықшам ауданындағы 9 қабатты үйлердің лифтісін жөндеуге 20 млн. теңге бөлген. Ж.Жакуалиевтің айтуынша, желтоқсан айында лифтілер №5, 12, 13, 14, 15 және 16 үйлерге орнатылған. Алайда проблема мынада - компания осы жердегі ПИК-пен пайдалану келісім-шартын жасамаса, облыстағы төтенше жағдайлар департаментінен рұқсат ала алмайды. Ал ПИК-пен лифтіні ұстап тұру үшін тұрғындардан ақшаны кімнің жинайтындығы жөнінде келісе алмай отыр. Уақыт өтіп жатыр. Бұл лифтілер енді металл сынығына тапсырылып кетпесе жарар еді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

24 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.