Атырау, 29 наурыз 11:33
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Қоянжырық қайдан пайда болады?

27 576 просмотра

Облыста іштей туа біткен ерін, қызыл иек, қатты және жұмсақ таңдай жарығымен туылған балалар саны соңғы мәлімет бойынша 172-ге жетіпті. Халық арасында ондай белгілерді «қоянжырық» және «қасқыр ауыз» деп атайтыны аян. Алайда, қаламыздағы бас балалар стоматологы Таласбай ОРАЗБАЕВ «осындай аномальді даму белгісін олай атауға мүлдем болмайды, бұл ота жасатып, оңалып шыққан балалардың және олардың аналарының жанын қайта жаралайды» дейді. Ал облыстың бас педиатры Гүлфара ӨМІРБАЕВАНЫҢ айтуынша, мұндай іштей туа біткен ақауларды нәресте жарық дүниеге келмей тұрып УЗИ-дің көмегімен алдын алуға болады екен. Қалай дейсіз ғой? Жүкті әйелдерге түсік жасатуға ұсыныс беру арқылы.  

БҰЛ АЛҒАШҚЫ ЖҮКТІЛІК БОЛСА ШЕ?

Бұл сауалды біз облыстың бас педиатрының өзіне де қойып көрдік. Ол бұған қатысты: «Балада аномальді даму байқалса, анасына айтылады. Кез-келген кісі де сау баланың туылғанын қаламай ма? Егер әйел адамның алғашқы жүктілігі кезінде де баласынан аномальді даму байқалса, оған да ұсыныс береміз. Ол түсік жасағаннан кейін емін толық алса, бәрі дұрыс болып кетеді ғой», деп жауап берді. Сондай-ақ, ерні жырық болып туылатындар сирек кездесетінін айтып өтті. Көбіне-көп таңдайындағы жарық пен ерніндегі жырық балаларда бірге байқалады екен. Одан бөлек, Гүлфара Жұмашқызы Атырау облысында УЗИ зерттеуін терең меңгерген білікті кадрлардың тапшылығынан жергілікті мамандарды министрлік арқылы Израиль мен Литва елдеріне арнайы оқуға жіберіп отырғандарын мәлім етті. Былтыр бір УЗИ маманы Израильге 3 ай оқуға, биыл 15 акушер-гинеколог Литваға 1 ай оқуға жіберілген. «Іштей туа біткен ерін, қызыл иек, қатты және жұмсақ таңдай жарығы бала жатырда жатқан кезде байқалмайды. Бірақ, 20-24 апта және 30-34 апта өткенде, жатырдағы сәбиді УЗИ арқылы қарағанда, аномальді даму белгілері білінуі мүмкін. Оны алдын-ала байқау үшін УЗИ маманы мықты болуы керек. Ең бастысы - диагностика жақсы болуға тиіс» дейді дәрігер. Алайда, біз түсіктің жүктіліктің 12 апта мерзіміне дейін жасалатынын білеміз ғой. Демек, шетелге оқуға кеткен мамандар енді бұл кемшіліктің орнын толтыратын болады деп сенгіміз келеді.

Десек те, бүгінгі күні іштей туа біткен ерін, қызыл иек, қатты және жұмсақ таңдай жарығымен туылған балаларға пластикалық ота жасалатынын айтып өткіміз келеді.

 

ОТА ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ

Ота облыстық денсаулық сақтау басқармасынан медициналық көмек ретінде бөлінетін арнайы квота арқылы Алматыдағы «Ақсай» балалар клиникасында тегін жасалады. Бас педиатр Гүлфара Өмірбаева ота бағасының әртүрлі болатынын айта келе, баланың ернін тігуге («қоянжырық») бағытталған ота сәл арзандау, ал таңдайын жабуға («қасқыр ауыз») уланопластика отасы жасалатындықтан бағасы қымбатырақ түсетінін мәлім етті. Және, екі түрлі отаға төленетін квотаның құны ортақ - 270 мың теңге екендігін атап өтті. Негізінен, ерні жырық болып және таңдайы жоқ болып туылған балаларға берілетін квота санына шек қойылмаған екен. Себебі, мұндай белгілермен туылған баланың саны көп емес дейді дәрігер. Былтырғы жылы осы аномальді дамуы бар 20 сәбиге, биылғы жылы да әзірге 20 балаға пластикалық ота жасалыпты. Оның 11-і жаңа туылған сәбиге, 9-ы стоматолог дәрігердің тіркеуінде тұрып, қайталама ота жасатушылар. Стоматолог тіркеуінде болатын себебі - ауыз қуысына қатысты аномальді даму болғандықтан. Мұндай даму белгілеріне отаны сәби үш айға толғанда, яғни бес келі салмақ жинағанда жасауға болады және отаны бала 3 жасқа толғанға дейін жасап болғаны жөн, дейді мамандар. Таңдай жарығы бар балаларға өсіп-жетіліп, физикалық даму кезеңдеріне сай таңдайын жапқан пластикалық материалды белгілі бір уақытында ауыстырып тұрады. Ал қаладағы балалар стоматологиялық емханасының бас дәрігері Таласпай Оразбаевіштей туа біткен ерін, қызыл иек, қатты және жұмсақ таңдай жарығы бар мектеп жасына дейінгі балаларды тіркеп отыратынын айтады. Сондай-ақ, ота жасатқан балалар қайтып келген соң, 14 жасқа дейін бақылуымызда болады, дейді ол. Енді ересектер жағы облыстық стоматологиялық емханада қаралады.

Отаны бала жасында жасатса, нәтиже де айтарлықтай болады, ал ересек кезінде ота жасатқан адамда тігілген жері тыртық болып көрініп тұрады, дейді ақхалаттылар. 

 

АНОМАЛЬДІ ДАМУ НЕДЕН ПАЙДА БОЛАДЫ?

Жоғарыда айтылған 172 баланың 89-ы ауылда тұратындар, 83-і қалада тұрып жатқандар болып отыр. Облыстың бас педиатры Г.Өмірбаева одан бөлек, осы белгілермен туылған балалар саны бұрынғы жылдармен салыстырғанда азайған дегенмен, биыл 20 бала тіркеліпті.  Алайда, бұл жағдай реттелді, енді қолды қусырып отыруға болады деген сөз емес. Себебі, мұндай белгімен туылған балалар саны бес жылда азайса, кейінгі бес жылда көбейюі мүмкін екен. Одан қалды, мамандар «қоянжырық» пен «қасқыр ауыз» белгісі жатыр ішінде дамып келе жатқан сәбиде білінбей пайда болады дейді. Оған әр түрлі жағдай себеп бола алады. Сондай себептердің бірі – баланың анасында фолий қышқылының жетіспеушілігі мен анемия байқалғанда кездеседі.

Бір өкініштісі, нақты себебін әлі ғалымдар таба қоймаған. Ал «жүкті әйелдің қоян етін жегеннен баласы қоянжырық болып туылады» деген әңгіменің ақиқатқа жанаспайтынын түсіндірді Гүлфара Жұмашқызы. Балалар стоматологиялық клиникасының бас дәрігері Т. Оразбаев болса, іштей туа біткен ерін, қызыл иек, қатты және жұмсақ таңдай жарығының адамдардың әлеуметтік ахуалына, баланың ата-анасының жұмыс орнына, тұқым қуалаушылыққа байланысты пайда болады дей келе, негізінен 50-60 пайызы экологиядан деді. Сонымен бірге, анасының жас кезіндегі жыныс ауруларынан болатынын, әсіресе, кіндігін ашып жүретін және, темекі тартып, арақ ішетін қыздардың аномальді дамуы бар балаларды дүниеге келтіріп жататынын сөз етті.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

18 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.