Атырау, 20 сәуір 03:21
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Қанат Ғалямов: «Слесарь болып кірсем де, футболшы ретінде ақша таптым»

2 414 просмотра

Бүгін біз 70-ші жылдары танымал футболшы болған және аты аңызға айналған адам Қанат ҒАЛЯМОВПЕН (суретте)әңгімелесеміз. 

«СТАНДАРТТАР» ШЕБЕРІ»

Қанеке, сіз бір кездері облыстық футбол командасының жетекші ойыншысы болдыңыз. Өзіңіздің қалай «жұлдыз» атанғандығыңыз туралы айтып өтсеңіз?

-Жалпы біздің отбасымызды спортшылар жанұясы деуге болады. Менің үлкен ағам Серік Ғалямов волейболдан танымал жаттықтырушы, «Трудовые резервы» Қазақ ерікті спорт қоғамы құрамасының капитаны болды. Біз Абай атындағы мектепте оқыдық. Мен де волейболмен айналыстым, бірақ, 6-сыныпта бойымның кішкентайлығынан футболға кеттім.

Күн сайын мен жаттығудан соң жалғыз өзім алаңда қалып, айыппұл шеңберінен допты айналдыра тебуді үйрендім. Сөйтіп, стандартқа сәйкес барынша жақсы орындаушыға айналдым. 1968 жылы мектепті бітірдім, ал, бір-екі күннен соң мені алып кетуге Жаңаөзеннен «Нефтяник» командаларының жаттықтырушылары келді. Қолыма аттестат алғаным сол еді, кәсіби футбол командасының ойыншысы атандым. Иә, ол команда іс жүзінде нағыз кәсіби команда болатын. Сол жылдары «Нефтяникте» Украина, Молдавия және Шешенстаннан келген (сол кезде Жаңаөзенде еңбекақыға коэффициенттер қосылатын) футболшылар ойнады. Сол жылы мен осы команданың құрамымен Қазақ КСР біріншілігінің қола жүлдегері атандым.

«ЖС» мәліметі: Қанат Меңдешұлы Ғалямов, 63 жаста, спорт ардагері, «Нефтяник» (Жаңаөзен), «Каспий» (Гурьев) командалары үшін орталық жартылай қорғаушы (хавбек) болды, «Нефтяник» стадионының директоры, облыстық спорт басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарып, облыстық спорт қоғамдарының жұмыстарын басқарды. Қазір көлік колледжінде (бұрынғы №7 арнаулы кәсіптік техникалық училище) дене тәрбиесі кабинетін басқарады.

1969 жылы мен екі команда үшін ойнадым, оның бірі дене шынықтырушылар ұжымдарының арасында КСРО «Миллиондар кубогіне» қатысқан «Труд» (Шевченко) командасы және «Нефтяник» (Жаңаөзен) болатын. Артынан «Труд» командасына ауыстым. 1970 жылдың желтоқсанында мен Гурьевке демалысқа ата-анама келдім. Мені бірден облыстық партия комитетіне шақырып, жаңадан ғана құрылған «Каспий» командасында ойнауға көндіре бастады. Мен де олардың алдына талап қойдым, пәтер берсе қаламын дедім. Ақыры, «Каспийде» бір маусым ойнап, Авангард ықшам ауданында жаңадан бой көтеріп келе жатқан жаңа үйдің бірінен 3 бөлмелі пәтерге ие болдым. Сол кезде менің жасым 21-де болатын және мен кәсіби футболшы едім. Ал менің еңбек кітапшамда былай деп жазылды: «Гурьевнефтехимстрой тресі үй-құрылыс комбинатының 6-шы разрядты слесарі». Командада мен диспетчердің қызметін атқардым. Барлық айыппұл доптарын соқтым. Бір кездері аяғымның жіліншігін жарақаттап алып, бірақ соған қарамастан  новокаин салдыртып алып, ойынды жалғастыра бердім. Соның нәтижесінде қазір ақсаңдап жүрмін. Байқалып тұр ма?

Алғашқы жылы «Каспий» Қазақ КСР біріншілігіне қатысу құқығына ие болды және одан әрі біріншіліктің мықты командаларының біріне айналды. 1974 жылы команда таратылды.

 

ТҰҒЫРСЫЗ КОМАНДА

«Нефтяник» футбол командасы, Жаңаөзен қаласы, 1968 жыл, Қанат ҒАЛЯМОВ - оң жақтағы екінші

-Ал «Прикаспиец» командасы қалай құрылды? Осы команданы құруға сіздің тікелей араласқандығыңызды білемін.

–1975 жылы мен  «Нефтяник» стадионының директоры болдым. 1978 жылы маған жаңа команданы жасақтауды жүктеді. Мен директорлық қызметпен қатар команда бастығы және оның жаттықтырушы міндеттерін атқарып жүрдім. Командада тек жергілікті балалар ғана ойнады. «Прикаспиец» бірінші айналымды қайтарып ұтып алғаннан соң мен облыстық спорт комитетінің төрағасы  Өтеген Олжабаевқа барып, үш бірдей лауазымды алып жүре алмайтындығымды, командаға жаттықтырушы іздеу керектігін айттым. Сол кезде Алматыдан Әлібек Әміровты шақырдық.

- Биылғы жылы «Атырау» командасына премьер-лигадан шығып қалу қаупі төнді. Тәжірибелі жаттықтырушы ретінде айтыңызшы, ойынға немесе команданы ұйымдастыруға не жетіспейді?

– Біздің футболда проблемалар көп. Команда жаттықтырушыларының неліктен жиі ауысатындығын түсінбеймін.

«Атырауға» мықты сүйеніш – балалар, жасөспірімдер, жастар керек. Облыстық команданың қатары жергілікті балалармен толықтырылуы тиіс. Ал бізде, мәселен, 2003 жылдан бері училищелер арасында ешқандай, оның ішінде толық форматты футболдан жарыстар өткізілген жоқ. Мен бұл жерде 25-те 25 метрлік спорт алаңдары туралы айтып отырғаным жоқ. Бұл футбол емес, оны біз байырғы футболшылар «дыр-дыр» деп атаймыз. Бұл торда жаттыққандар үлкен алаңға шыққанда, тіпті, 40 метрге допты соға алмай, 60 метрге жұлқып тебе алмайды. Қалада аула футбол командалары жоқ. Стадион директоры болған кезімде аула командаларының арасында турнир өткізіп тұрдық. Сондай жарыстарда табиғатынан ойынға талантты балаларды іріктеп алатынбыз.

Атырауда футбол алаңдары  жетіспейді. «Мұнайшы» стадионы тек облыстық «Атырау» командасына ғана қызмет көрсетеді, «Судоремотник» – футбол клубының базасы, «Ривьерді»   қалалық чемпионатқа қатысушы командалардың әрқайсысынан 100 мың теңгеден жинап, жалға аламыз. Тағы бір алаң – АМУ спорт кешенінде, тек оған ректор рұқсат етпейді.

15 мың адамнан тұратын халқы бар Голландияның қаласында 10 толыққанды стадион бар. Сол елге барған сапарымызда біз оларға сонша стадионның қажеттілігі қанша деп күлгеніміз бар. Олар бізге стадион жұмысының күн тәртібін көрсетті, таңертеңнен кешке дейін бос емес. Неге бізге солар секілді болмасқа? Бізде оған барлық жағдай бар емес пе?

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

31 қазан 2012, 15:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.