Атырау, 20 сәуір 15:31
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Шетелдіктер Қазақстан суретшілерімен танысты

6 981 просмотра

Ақпанның 12-сі күні Шаймардан Сариев атындағы облыстық көркемсурет және қолданбалы өнер музейінде республикамызға танымал суретшілердің көрмесі өткізілді. «Тәуелсіздік – тәңірдің берген сыйы» деп аталған көрмеге музей қорындағы 33 суретшінің 73 туындысы қойылыпты.

Атап айтсақ, көрмеде өзіндік қолтаңбасымен танылған Әмірхан Қастеев, Гүлфайруз Исмаилова, Сахи Романов, Жоламан Аралбаев, Рафаэль Слекенов, Садыр Кәрібаев, Мұхит Қалимов, Тұрсын Әбуов, Әбдірашит Сыдыханов, Табылды Мұқатов, Әділқайыр Жантасов, Қабдол Досниязов, Молдахмет Кенбаев, Қамбарбек Аманов секілді басқа да белді де белгілі қылқалам иелерінің жұмыстары орын алған.  

Көрмеге қаламыздың көрнекті өнер қайраткерлерімен қатар, жастар және шетелдік компания өкілдері қатысты. Көрменің басталуын біраз күтіп қалған олар алыстан ұшып келген мәртебелі меймандарымызды да көп кешікпей қарсы алды. Облыс әкімінің орынбасары Серік Аманғалиев ресми іс-сапармен жүрген азиялық партиялар халықаралық конфедерациясының бір топ мүшелерін ерітіп келді. Филиппиннен келіп отырған аталмыш конфедерацияның төрағасы Хосе де Венесиа, оның көмекшісі Кастро Едгардо Ортега және Пәкістан Ислам Республикасының «Cabdi» партиясының бас хатшысы Сайед Мушахид Хуссейн, Жапония елінің өкілі Киоши Вакамия көрмедегі суреттерге үңіле отырып, қазақ халқының болмысын, тарихын, ұлттық салт-дәстүр бояуын іздеді. Іздегенін тапты да. Жоламан Аралбаевтың «Менің ауылым» және Молдахмет Кенбаевтың ауылдың тыныс-тіршілігін суреттеген «Туған ауылда» картинасы, Мұхит Қалимовтың «Исатай-Махамбет» туындысы мен Қамбарбек Амановтың «Әбілхайыр хан» жұмысына ерекше қызығушылық байқатты. Әсіресе, суреттердегі бейнеленген дастархан басындағы ет табақтарды саусақтарымен нұсқаған қонақтар түскі уақыт болған соң, қарындары шұрқырады ма, бас шайқап, бір жұтынып қойды. Сондай-ақ, Хосе де Венесиа мырза музейдің қызметкерінен Исатай-Махамбет көтерілісінің тарихы мен Әбілхайыр ханға кеңірек тоқталуды сұрады. Одан бөлек, суретші Александр Богомоловтың «Балқаш балықшылары» жұмысына да үлкен мән берді. Көркемсурет өнерін бағалай білген көрермен бұл жұмыста пайдаланылған бояудың өзі көп нәрсені аңғартып тұрғанын жеткізді. Мәселен, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Алма Андарбаева да бұл суретте үш буын өкілдері суреттелген көріністе қиыншылық заманда болашаққа деген сенімнің жоғалмағанын білдіретінін баян етті. Ал «ТШО» компаниясының үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджерінің орынбасары Линси Крейн көрменің өте қызықты болғанын атап өтті.

Көрме бір айға жуық уақыт тұрады.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

17 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.