Атырау, 23 сәуір 18:10
 ашықВ Атырау +16
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Бүлдіршін екпеден соң көз жұмды

6 776 просмотра

Мақат аудандық сотының тәжірибесінде алғаш рет медицина қызметкеріне қатысты бас бостандығынан айыру жөніндегі үкім шығарылды. Фельдшер М.Айтуаров бір жыл бас бостандығынан айырылып, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болды.

Біз Мақат аудандық сотының 10 жастағы қыз баланың өліміне қатысты қылмыстық істі қарап жатқандығы туралы бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз. Оның туысқандары, егер дәрігерлер дер кезінде дәрігерлік көмек көрсеткенде ол тірі қалатын еді, деп отыр.

Әр тараптың өзіндік көзқарастары бар. Сот мынадай фактілерді анықтады. 2010 жылдың 10 шілдесінде Доссор ауруханасында жедел жәрдем бөлімшесінде кезекшілікте болған фельдшер Медет Айтуаровты шамамен күндізгі сағат екілерде   Доссор поселкесінің тұрғыны Дарико Зихатова өзінің он жастағы қызы Аққыз Ізтұрғанованың ауырып қалғандығына байланысты шақыртқан. Бес минуттан кейін жедел жәрдем машинасы айтылған мекен-жайға келеді. Науқастың денсаулығы орташа, дене температурасы-38,5 болады. Қыздың анасы оның 9 шілде күні кеште піспеген өрік жеп, ауырып қалғандығын айтты. Түнде бірнеше рет құсып, іші өткен. Анасының айтуынша, қызы бұрын ауырып көрмеген, ешқандай дәрі екпелерін алмаған, ол сондай-ақ, оның жұмыртқа мен апельсинге аллергиясы бар екендігін де ескерткен. Алайда, фельдшер қыздың анасының шағымдарына аса мән бере қоймады. Анасының сөзіне қарағанда, қызда өткір ішек аурулары бола тұра оған алғашқы дәрігерлік көмек көрсету үшін ауруханаға апармай, оның сырқатын анықтамастан өз бетінше «өткір респираторлық вирусты инфекция» (ОРВИ) деген диагноз қойды. Артынша, фельдшер сырқат қыздың бұрын дәрі екпелерін алып көрмегендігін және оның аллергиялық анемнез екендігін біле тұра  ешқандай сынамасыз литикалық қосымшамен (анальгин 50% - 1, 0 + димедрол 1% - 1,0) екпе жасады. Содан кейін науқастың жағдайына бақылау жасамастан тиісті уақыттан бұрын кетіп қалды. Дәрі екпесін алған қызда анафилактикалық естен тану реакциясы жүрді. Оның барлық денесінде қызарған пайда болды. Қыздың анасы сағат 15.10-да жедел жәрдемді қайтадан шақырды. Шақырту алған жедел жәрдеммен бірге тағы да Медет Айтуаров келді. Бала бұл кезде анафилактикалық реакциядан есінен танып қалды. Айыптау қорытындысында былай деп жазылған: «Фельдшер М.Айтуаровтың сол сәтте шұғыл дәрігерлік көмек көрсетпеуінің салдарынан сырқат қыз Доссор орталық ауруханасының жедел жәрдем бөлмесінде 16.25 сағатта есін жинамастан қайтыс болды. Демек, фельдшер М.Айтуаров медициналық қызметкер бола тұра өзінің кәсіби міндетін тиісті дәрежеде орындаған жоқ».

ӨЛІМНЕН АЛЫП ҚАЛУҒА БОЛАТЫН ЕДІ

Бұл туралы 2010 жылы 12 шілдеде жүргізілген №208 сот-медициналық сараптама қорытындысы растап отыр: «Науқас анафилактикалық естен тану салдарынан көз жұмды. Дәрігерлік генездің кең тарауы нәтижесінде ми ісіктерінің, ішкі органдарда қан айналымының қатты бұзылуы салдарынан қанның тамыріші шашыраңқы ұюы синдромы пайда болды. Соның нәтижесінде жүрек бұлшық еттерінің тиісті жұмыс атқармауы салдарынан өлімге жеткізген. Дене зақымы болған жоқ. Анафилактикалық естен тану оң жақ жамбасы бұлшық етіне дәрігерлік екпенің салынуынан болды». Сондай-ақ, 2010 жылғы 30 қыркүйектегі №15 сот-медициналық сараптама комиссиясының қорытындысында сырқат адамға толық көлемде дәрігерлік көмек көрсетілмеген деп жазылған. Жәдел жәрдем шақыртылған бірінші жағдайда сырқаттың күдікті аллергиялық анемнезін ескеріп, литикалық қосымшаны десенсибилизация бойынша, яғни, жамбас бұлшық етіне супрастин немесе тавегил салып, екпеден кейін екпе орынын шамамен 7-10 минут бойына анасына аллергиялық реакция болатындығын ескерте отырып, бақылауға алу керек. Сырқатты міндетті түрде ауруханаға орналастыру керек еді. Жедел жәрдемді екінші рет шақыртқан кезде анафилактикалық естен тану барысында жедел көмек көрсетіп, екпе орнына адреналин, 3-5 мг\кг преднизолон салу керек болатын. Сырқатты өз уақытында ауруханаға жеткізіп, толық көлемде дәрігерлік көмек көрстету жасалғанда сырқаттың өмірін сақтап қалуға болатын еді».

«БІЗДІҢ ҚЫЗЫМЫЗДЫ КІМ ҚАЙТАРЫП БЕРЕДІ?»

Қыздың туысқандары М.Айтуаровқа шығарылған үкімді тым жеңіл деп есептейді. Бұдан басқа, олар барлық кінәлілер жазаланған жоқ деп отыр. «Бір жылдан кейін жас жігіт үйіне, анасына оралады. Ал, біздің қызымызды бізге кім қайтарып береді? Бізде оның жеке басына деген өшпенділігіміз жоқ. Бірақ, ол балаларды емдеуді қолға алған болса, онда ол оны дұрыс атқаруы керек емес пе,-дейді қайтыс болған қыздың әпкесі Айгүл ТОҚМАМБЕТОВА. –Фельдшерге жәй ғана қызды ауруханаға орналастыру керек еді. Онда оған көмек көрсетілетін еді. Алайда, ол балада ішектің қатты улануы болғандығын анықтай алмады. Мұндай  қорытынды жасауға жаз мезгілі екендігі және ол аз болғандай оның піспеген өрікті жеп қойғандығы, сондай-ақ, баланың құсуы мен ішінің өткендігі дәлел еді, алайда дәрігер оны ескермеді. Ол оның орнына ОРВИ деп диагноз қойып, үйде емдеуді бастаған. Баланы ауруханаға орналастыру және емдеу мәселесін кезекші педиатр-дәрігер шешуі керек еді. Алайда, ол орынында болған жоқ. Ал, кезекші педиатр-дәрігер  бұл уақытта моншада болған. Және ол оны еш қысылмастан сотта мәлімдеді. Біз кезекші педиатр-дәрігердің  әрекетіне қатысты және аурухана басшылығының үстінен прокуратураға шағымданатын боламыз. Дәрігер өз кезекшілігінде үнемі байланыста болуы тиіс қой. Қансұлу Шихиева өзін фельдшердің іздегенін біле тұра, ауруханаға қоңырау шалуды ойламаған да. Бұл оның өзінің міндетіне салақ қарағандығын және басшылық тарапынан бақылаудың жоқтығын білдіреді».

АЙТУАРОВТЫҢ  БОЛЖАМЫ

Басты сот мәжілісінде Медет АЙТУАРОВ өз кінәсін толық мойындаған жоқ. Ол өз жауаптарында былай дейді: «Сырқат қыздың температурасы болды, мен оң жақ жамбас бұлшық етіне әдетте салынатын литикалық қосымша екпені 50% - 1,0 + димедрол 1%-1,0 салдым. Кейін оны 5-7 минут бақылап отырып, анасына көп су және парацетамол беру керектігін айттым. Сырқат қыздағы ауру белгілеріне қарап ОРВИ деп диагноз қойдым. Баланың денсаулығы туралы айту үшін сол күнгі кезекші педиатр-дәрігер Қансұлу Шихиеваның үйінің телефонына қоңырау шалдым. Тұтқаны басқа бір адам алып, оның үйде жоқ екендігін және ұялы телефонын да қалдырып кеткендігін айтты. Кейін мен өз жұмыс орныма поселкелік орталық ауруханаға кетіп қалдым. Шамамен 15.10 минутта арухананың жедел жәрдем бөліміне Д.Зихатова тағы да қоңырау шалды. Шақырту алып, мен сырқатты қарап көрдім: оның барлық денесінен қызыл және көк дақтар байқалды, жағдайы орташа болды, әлсіз ғана сөйлеп тұрды, денесінің қызуы-37,5 болды. Мен Қансұлу Шахитованың ұялы телефонына тағы да қоңырау шалдым. Ол жауап бермеді. Бірнеше минуттардан соң аурухананың басқа бір педиатр-дәрігері Сәулеш Измайлованың ұялы  телефонына соғып, баланың жағдайын айттым, ол баланы шұғыл түрде ауруханаға жеткізу керектігін айтты. Шамамен 15.40 сағатта ол келді. Мен жағдайды баяндап, сырқат баланы қарап көруін сұрадым. Баланы қарап шыққан С.Измайлова баланы шұғыл түрде ауруханаға жеткізу керек деді.  Біз бәріміз баланы аурухананың қабылдау бөлмесіне алып келдік, ол кезде оның жағдайы аса ауыр болған еді».

КЕЗЕКШІ ДӘРІГЕРГЕ АРНАЛҒАН МОНША

Сол қырсық шалған күні бекітілген кесте бойынша кезекші педиатр-дәрігер Қансұлу Шихиева болды. Сот мәжілісіндегі оның берген жауаптарына қарағанда, ол сол күні түске таман моншаға кеткен. Моншадан үйіне шамамен сағат 18.30 келген. Келіні оған  фельдшер М.Айтуаровтың іздегенін айтқан. Алайда, ол оған кері қоңырау шалмаған. Оның айтуынша, ол оның өзі соғады деп ойлаған. Бұрын Аққыз Ізтұрғанова ауырмаған, оның емделуінде болмаған. Сотта куәгер ретінде аурухананың бас дәрігері Раушан ЖИЕНӘЛИЕВА сөйледі. Қыздың қайтыс болғандығы туралы оған фельдшер Медет Айтуаров хабарлаған. Демалыс күндері кезекші педиатр-дәрігерлер кезекшілік кезінде өз үйлерінде болады. Тек жедел жағдайларда ғана шақыртылады. Кезекші дәрігер Қ.Шихиева еңбек тәртібін бұзғаны үшін жазаланды. М.Айтуаровтың лауазымы орташа медициналық топ санатындағыларға жатады, ол жедел көмек көрсетеді, шешімді сырқаттың жағдайына қарап қабылдайды, сырқатты ауруханаға әкелу, әкелмеу мәселесін науқастың сырқатына қарай шешеді.

«ФЕЛЬДШЕР ӨЗ ЖҰМЫСЫН ОРЫНДАДЫ»

Облыстың бас педиатры Гүлфара ӨМІРБАЕВАНЫҢайтуынша, баланың өліміне байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасынан тексеру тобы құрылды. 11 қаңтарда медицина қызметкерлерінің жиналысы болды. Оған Доссор аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы С.Құлғазиев, бас дәрігердің орынбасары З.Т. Елешова, сол күні кезекші болуға тиісті педиатр-дәрігер Қансұлу Шихиева, дәрігер-педиатр Сәулеш Измайлова, жедел жәрдем фельдшері Медет Айтуаров, кәсіподақ ұйымының төрағасы  қатысты. Жиналыста ауруханада кезекші дәрігерлердің қызметтік міндеттерінің тізбесі және жедел кезекшілік кестесін бекіту туралы бұйрықтың жоқ екендігі анықталды. Аса ауыр халде ауруханаға түсіп, ауруханада қайтыс болған бала туралы мәлімет облыстық денсаулық сақтау басқармасына берілмеген. Нәтижесінде комиссия ауруханада демалыс күндері кезекшілікті ұйымдастыру дұрыс  ұйымдастырылмағандығын және дер кезінде дәрігерлік көмектің жасалмағандығын атап өтті.

Оның үстіне, Г.Өмірбаеваның пікірінше, фельдшер өз жұмысын атқарған:

- Шақыртуға келген ол балаға дәрі екпесін салған. Ол екпеге аллергияның берілуі өте сирек. Және ол дәрігерлік оқулықтарда да айтылған. Сондықтан да фельдшер ағзаның осылайша реакция беретіндігін күтпеген болар. Екіншіден, ол сырқатты ауруханаға орналастырды. 

- Алайда, фельдшер телефон арқылы кезекші дәрігерді іздестіргенде біраз уақытты жоғалтып алды емес пе? Ал, дәрігер болса, өзі мойындап отырғандай бұл кезде моншада болған...

 - Жедел көмек көрсетуші дәрігер өзінің кезекшілік кезінде қайда болатындығынан хабардар етуге міндетті. Аурухананың бас дәрігері мен жедел көмек көрсетуші дәрігер –педиатр сөгіс алды. Сот істі қарап, жедел жәрдем фельдшері Медет Айтуаровты ҚР ҚК-тің 114-бабында қарастырылған қылмыстық әрекеттерге кінәлі деп танып («Медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы»), 1 жылға бас бостандығынан және кәсіби қызметімен айналысу құқығынан 2 жыл мерзімге дейін айыруға үкім шығарып, жаза тағайындады.

Мақат ауданының прокуроры Жұбан ҚАДЫРОВТЫҢайтуынша, бұл аудандағы медицина қызметкерлеріне бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған алғашқы жағдай. Екі тарап та - жәбірленуші жақ та, айыптаушы жақ та үкіммен келіспей, апелляциялық шағым берген.

 Зульфия ИСКАЛИЕВА

17 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.