Атырау, 18 сәуір 22:19
 ашықВ Атырау +18
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

Тарифтер тағы құбылды

3 360 просмотра

Бейсенбі күні Табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаментінің алқа мәжілісі болып өтті.

Департамент басшысы Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВАНЫҢ айтуынша, өткен жылы тарифтерді көтеру жөніндегі монополистердің сегіз өтінішінің бесеуі бекітілген. Оған себеп қызмет көрсетушілердің инвестициялық бағдарламаларын жүзеге асыру қажеттілігі боп отыр. Сондықтан енді ақшаларымыз бізге арналған қызмет сапасын көтеруге мүмкіндік береді деп үміттену ғана қалады.

Қызмет көрсетушілердің шикізатқа, материалдарға, отын мен электр энергиясына жұмсалатын шығындарын оңтайландыру арқылы 91,4 млн. теңге үнемделді,- деп хабарлады өкілетті органның басшысы. - Оған қоса 12,1 млн. теңгеге әкімшілік аппарат шығындары азайды. Осы қаржылардың барлығы да инвестициялық жобаларға жұмсалды.

Өткен жылы тұтынушылардың шығындарын өтеу мақсатында департамент уақытша алты тарифті енгізген. Соның нәтижесінде тұтынушыларға 46 млн. теңге қайтарылған.

Департамент басшысы үстіміздегі жылы су шаруашылығы жүйесі саласында барлық табиғи монополия субъектілері бойынша тұтыну көлеміне байланысты дифференциалдық тарифтер бекітіледі деп ескерткен еді.  

Бұл мәселені Құрманғазы ауданының Ақкөл селосының тұрғындарын сумен қамтумен айналысатын «Есенаманова» ЖК бірінші боп қолға алды. 1-ші қаңтардан бастап су үшін төлемақы мынадай сызба бойынша алына бастады. Бірінші топқа бір адамға шаққанда айына 2,8 текше метрден кем емес су тұтынатын ақкөлдіктер кіреді. Олар үшін тариф текше метрі үшін 38,5 теңгені құрайды. Екінші топқа осы нормадан көп тұтынатын және есептегіші жоқ тұрғындар, сондай-ақ, жылу энергиясын өндірумен және таратумен айналысатын және бюджет қаржысының есебінен қызмет етіп отырған кәсіпорындар кіреді. Олар бір текше үшін 57,8 теңге төлейді. Үшінші топты заңды тұлғалар құрайды. Олар бір текше үшін 376,5 теңгеден төлейді (бағалар қосымшы құн салығынсыз көрсетілген). Бір текшеде 1000 литр су болады. Яғни, төменгі тариф бойынша төлеу үшін ақкөлдіктер айына 2800 литр су пайдалануы тиіс. Бұл күніне 93 литр су деген сөз.

«Атырау-Жарық» АҚ президенті Айвар РАХМАНОВТЫҢайтуынша, өткен жыл ішінде тұтынушылар 1286 млн. кВт/сағ. электр энергиясын жұмсаған. Бұл 2009 жылға қарағанда 3 пайызға көп. Құны 952,9 млн. теңге тұратын 2010 жылдың инвестициялық бағдарламасы толығымен орындалған. Лесхоз ауданындағы №17 «Южная» және Привокзальныйдағы №88 «Локомотивная» қосалқы стансаларын қайта жарақтау жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ, апатты жағдайда тұрған жеті төмендеткіш трансформаторлық пункттер ретке келтірілген. Үстіміздегі жылы Привокзальныйдағы №18 «Строительная» қосалқы стансасын және қала орталығындағы ГРЭС базасын қайта жарақтау жұмыстары күтіп тұр.

«АЖЭО» АҚ президенті Мұханбетқали ҚАЛИЕВ бастапқыда департаментте құны 1 млрд. 430 млн. теңге (2010 жылы 475 млн., 2011 жылы 470 млн. және 2012 жылы 485 млн. теңге) болатын АЖЭО-ның үш жылдық инвестициялық бағдарламасы бекітілгенін хабарлады. Оның ішінде 1 млрд. 200 млн. теңге электр тарифіне, ал 230 млн. теңге жылу тарифіне салынған. Алайда 2010 жылдың сәуірінде Атырау ЖЭО-на табиғи газ жеткізетін «Теңізшевройл» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, компания газ бағасын көтермеуге келісім берген (шамасы, АЖЭО акционерлері қатты өтінген болуы керек). Нәтижесінде үш жыл ішінде инвестиция сомасы 6 млрд. 372 млн. теңге сомасына жетіп көбейген.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

17 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.