Атырау, 20 сәуір 00:38
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Әкімдік D аралындағы дауды реттеді

2 673 просмотра

«Кейп» компаниясы жұмысшыларының Қашаған теңіз кенішіндегі жұмыс берушілерге қатысты еңбек дауы мемлекеттік органдар араласқаннан кейін тоқтатылды.

Естеріңізге салайық, 6-шы ақпанда D аралында «Кейп» компаниясының – халықаралық NCOC консорциумы мердігерінің жұмысшылары еңбекақы мен еңбек шарты бойынша талап қойып, жұмысқа шығудан бас тартқан болатын.

- Ереуіл тоқтатылды, біз жұмысқа шықтық. Әкімдік пен жергілікті мемлекеттік органдар еңбек дауын үйлестірушілер ретінде араласып, жұмыс берушілермен толыққанды келісімді реттей алды.  Біздің талаптарымызды арнайы комиссия қабылдап алып, «Кейп» басшылығымен бірге бәрін қарап, жұмыс тәртібінде осы мәселелерді шешуге уәде берді, - деп телефон арқылы хабарлады фамилиясын атамауды өтінген «Кейп» компаниясының жұмысшысы Нұрлан.

«АЖ»-ға Атырау облысы әкімінің аппарат жетекшісінің орынбасары Лариса Ж¦МАҒАЛИЕВА хабарлағандай, облыс әкімі құрған арнайы комиссия ауа-райының қолайсыздығынан D аралына тек 9-шы ақпанда ғана барып, ереуілге шығушылармен кездескен.

- Шынымен де жұмыс берушінің тарапынан кейбір еңбек заңнамалары бұзылған екен. Атап айтқанда, компания қызметкерлері еңбек тәртібін сәл бұзғандықтан материалдық өтемақы өтеуге наразы болған. Мәселен, жұмысшы шылым шегуге шығып кетсе немесе сәл ғана кідіріп қалса - еңбекақысынан 50 долларды кесіп тастайды екен. «Кейп» басшылығы жұмысшылардың еңбекақысы 950 доллар екендігін, ал қосымша 50 доллардың өз қалаулары бойынша төлеп отырған сыйақы екендігін түсіндірді. Ал осынау сыйақылар бұйрықпен рәсімделмеген және еш жерге құжат түрінде тіркелмеген. Бұдан басқа, еңбекақының тарифтік-біліктілік кестесі таза шартты түрде жасалған. Мәселен, жұмысшылардың бұрынғы жұмыс өтілдері ескерілмеген, - деп әңгімеледі Л.Жұмағалиева.

Оның айтуынша, осы және басқа да заң бұзушылықтар жұмыс ұжымының ішінде бұрмалаушылықтар мен түсінбестіктер тудырған. Комиссия жұмыс берушіден сараптама жасау үшін жұмысшылардың жеке еңбек келісім-шарттарын сұрап, «Кейп» компаниясынан тұрба монтаждаушы жұмысшылар үшін разрядтық жүйе жасақтауды талап етті.

- Еңбекақы мөлшерін көбейтуге келер болсақ, 1000 доллардан алатын жұмысшылар бәріне оны жоғарғы мөлшерде, яғни 1600 долларға дейін көбейтуді өтінген. Алайда компания басшылығы жоғары білікті және төменгі білікті еңбек қалай болғанда да, түрліше төленуі тиіс деп негізді дәлел келтірген. Жұмысшылардың бүкіл шағымдары мен талаптары ескерілетін болады, соның негізінде комиссия жұмыс берушіге ұсыныстар жасақтап береді. Жалпы, біздің келіссөздеріміз табысты болды деп есептеймін. Кешкісін ереуілге шыққандар бізге келіп, жұмысқа шығатындықтарын мәлімдеді, - дейді Л.Жұмағалиева.

Естеріңізге салайық, Қашаған жобасы Қазақстанның мұнай-газ саласындағы негізгі жоба боп табылады. Қашағандағы күтілетін мұнай өндіру көлемі келесі онжылдықтың аяғында жылына 50 миллион тоннаға дейін құрауы тиіс.

Азамат МАЙТАНОВ

16 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.