Атырау, 20 сәуір 13:41
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Редактор қоржынынан: Экспаттар мен “спецтар” туралы іс

3 737 просмотра

Зэкон мырза еңсесі төмен түсіп, өзін жайсыз сезінді. Сыбайлас жемқорлықпен күрестің жеке көрсеткіштері төмендеп кетті, долларлардың жұқарып қалған бумасына көзі түскен басшылықтың қабағы қатулы, ол аз дегендей кезекті жеке коттедждің құрылысы да тұралап қалды. Бүкіл әлемді үркіткен қаржы дағдарысы бірінші кезекте жемқорлықпен күресушілерге, оның ішінде Хатроу-ситидегілерге оңай соққан жоқ.

- Қайдағы күрес... Мені одан да екінші қабатты көтеру үшін ақшаны қайдан алам деген ой мазалауда, - дейді көңілі қалған Зэкон өзінің әңгімелесушісі «Уайт ривер» хитроулық газеттің тілшісі Мэльс Эвангардскиге. Жұмыс күні аяқталған соң Мэльс «Бычье сердце» мейрамханасына бір шыныаяқ болса да түрік кофесін ішуге кірген еді. Сол мейрамханада текиладан жұтыңқырап отырған Зэкон мырзаға кезікті. Біраз сілтеп алған ол өзінің кристалдай таза көңілімен репортер алдында шерін тарқатқысы келген еді.

- Түсінемісің, тілші, мен мынау әлемді қалайша тазартуға болатындығын ойлап, түнімен көзімді ілмеймін, ал, мына FBI айлакерлерінің не ойлап тапқанын білсең ғой!-деп қорланған бет-бейне танытты. Ақпараттар ағынына жасалған кіріспенің назар аудартқаны соншалық, Мэльс өзіне тағы бір шыны кофеге тапсырыс берді.

- Кез-келген шетелдіктің шетелдік барлау қызметінің потенциалды өкілі болып табылатындығын сен жақсы білесің. Бұл әсіресе, заңды және «темірбетонды» панасы бар, ақпарат жинаумен, оның ішінде тергеу жүргізумен барынша заңды айналысушы сенің ағаңа, журналистке қатысты. Әрине, мұны сөз реті келген соң айтып жатқаным ғой. Бұл жердегі тақырып одан гөрі маңыздырақ,-деді Зэкон мырза ішімдігінен жұтқан күйі қызара бөртіп. - Қысқасы, шетелдік азаматтардың әрқайсысына FBI жігіттері оперативті іс жүргізеді екен. Әсіресе, бұл еуропалықтар мен батыс секторынан (Қара қалпақтылар тайпасының үндістеріне қатысты емес) келгендерге қатысты екен. Ал, экспаттарды өзің білесің Хатроу-ситиде санаудан жаңыласың, сондықтан да арнаулы қызметке жұмыс жетерлік. Сонымен, елге келген қонақ туралы мәлімет астаналық орталыққа жіберіледі. Ал егер шетелдіктің әлдебір күмәнді іске араласқандығы белгілі болса, онда жоғарыдан оны «қалпаққа» алып қысуға бұйрық келеді.

Алайда, олардың саны көп емес. Көпшілігі біздің табиғат байлығымызды игеруге келген қарапайым ғана шетелдік мамандар. Ондайларды профилактика үшін ақпараттар жинау арқылы-байланыстары, құмарлықтары және барынша компраматтар жинақталады. Мұндай сызбамен әлемнің көптеген елдерінің арнаулы қызметтері ертеден-ақ жұмыс жасап келеді.  Бәрі де қалыпты. Алайда, одан әрі қандай қадамды басу, міне, ол қалыпты болып есептелмейді.

Егер объект (шетелдік) оперативтік қызығушылық туғызбайтын болса, онда оның ісі мерзімі біткеннен соң мұрағатқа кетуі тиіс. Кейін ол басқа бір қызығушылықты тудыра бастайды. Мұндай ойдың кімнің басына келгенін қайдам, алайда, батыс психологтарының бұған жүргізген есебі дұрыс болып шықты. Әрине, көз қырына қалтасы қалың шетелдіктер алынады. Орташа буындағы менеджерлер мен инженерлік-техникалық құрамның еңбекақылары кем дегенде сегіз мың доллар. Енді барлап көріңіз...

Сонымен не керек, ендігі іс техниканың еншісінде. Көз қырындағы нысанның тамырын басып көруді бастайды. Оның жұмысындағы әріптестерінің, бильярдты бірге ойнайтын серіктестерінің, сыралас таныстарының мінездемесіне құлақ түреді. Ал, оның бәрі ол адамның құлағына бірден жетеді. Кейде тіпті, оның Отанына қоңырау шалып: «Сіздің күйеуіңіз қайда? Бұрын қайда жұмыс жасады?» деп түкке тұрғысыз сұрақтың астына алады. Мұндағы бастысы - ол туралы қатты сұрастырып, оған қызығушылықтың туып жатқандығын сездірту. Осы арқылы оның жүйкесіне әсер ету. Ал, оны қалай жасаудың түрлі жолдары бар. Алайда, алға қойған бір ғана мақсат бар. Уақыт өте келе - екі аптадан бір айға дейінгі уақытта шетелдікке FBI көптен бері іс көтерілгендігі туралы ашық мәтінмен мәлім етеді. Бірақ! Біздің республикамызда қандай іс болсын оны отыз американдық теңгеге сәтті шешуге болады.

- Шынымен де барлық экспаттарды осылайша қолжаулық етуге бола ма?-деп Мэльс күмәнді күйде қарады.

- Иә, «істі» көрсетуді, тіпті, жауап алуға ресми түрде шақыртуды талап ететіндер  де бар,-деді Зэкон. - Ондай «шағылуы қиын жаңғақтарды» бірден тынышына қалдырады. Көпшілік қорқып қалған ашық ауыздар ақшаларынан осылай айырылады.

* * *

- Мені не ойлады дейсің, бәлкім, арнаулы қызметке үлеске кірсем бе екен? - дейді таксиге дейін Мэльстің қолтығынан демеп келе жатқан Зэкон мырза. - Сөйтіп, екінші қабатымды да бітіріп алмаймын ба?...

«Біз қайда барамыз? - деп еріксіз тоқтаған репортер, есіне шығыстың мына бір дана сөзін түсірді: «Керуеннің соңында ең кәрі түйе келеді, өзі ақсақ, жүндері түсіп қалған. Алайда, керуен кері қарай бұрылып, бағыт алғанда манағы кәрі түйе бәрінің алдына түсіп, соңынан ерген керуеннің бәріне жол бастаушы болады».

(Хатроу-сити мен Атырауда болған оқиғаларды кездейсоқтық деп есептеулеріңіз сұралады)

1 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.