Атырау, 29 наурыз 01:35
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Ресей сәл үзілістен соң зымыранды өзінікі деп мойындады

4 275 просмотра

Бір апта бұрын Атырау облысының аумағына түскен «белгісіз ұшқыш аппараттың» сынықтары Волгоград облысында орналасқан ресейлік зымыран бөлімшесіне тиесілі екен.

«Ақ Жайыққа» Атырау облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент дереккөздерінің хабарлауынша, құлаған сынықтар Волгоград облысының Ахтуба қаласына жақын маңда орналасқан әскери бөлімшелердің біріне тиесілі «В-П» бұйымының бөлшегі боп табылады.

«ШТАТТАН ТЫС ЖҰМЫС»

Бұл жұма күні, 26 қарашада Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке Ресей қорғаныс министрлігінен ресми хат келіп түскеннен кейін белгілі болды. Хатта Құрманғазы ауданының Қоңыртерек елді мекенінің маңында «В-П» бұйымының құлауы «оның штаттан тыс жұмысының нәтижесінде» орын алған деп хабарланған. «В-П» бұйымының не екені және қандай зымыран класына жататындығы хатта нақтыланбаған.

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі құлаған аппараттың Ресейдің қорғаныс министрлігіне тиесілі екендігі туралы ақпаратты растады, алайда комментарий беруден бас тартты.

Осы жаңалық туралы  «Интерфакс» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлаған ресейлік www.newsru.com интернет-ресурсы, жұмбақ «В-П» аббревиатурасы «әуе – беткі қабаты» (воздух – поверхность) типіндегі зымыран болар деп жорамалдайды. Бұл жер бетіндегі, соның ішінде жақсы нығайтылған нысанаға, сондай-ақ, кемелер мен су бетіне шығып тұрған суасты қайықтарына дәлдеп тигізуге арналған басқарушы авиациялық зымыран.

Осы типтегі зымырандар зымыран жарағының ресейлік авиациялық кешенінің бір бөлігі боп табылады. Олар мақсаты, қашықтығы, ұшу сипаты, дәлдеу жүйесі, двигательдік қондырғылары бойынша ерекшеленеді. Тәжірибелік-конструкторлық «Звезда» бюросында жасақталған «әуе-беткі қабаты» класындағы басқарушы Х-29 (НАТО терминологиясында - AS-14 Kedge делінеді) зымыраны анағұрлым кең тараған.

ЗЫМЫРАН ҚҰЛАҒАН АУДАН

Естеріңізге салайық, Атырау облысы Құрманғазы ауданының Қоңыртерек селосының жанында ресейлік шекарадан екі километр қашықтықта 21 қараша күні белгісіз ұшқыш аппараттың өртенген сынықтары табылған еді. Осынау жұмбақ заттың далалыққа құлағанын жергілікті тұрғындар 19 қарашаға қараған түні байқаған. Олар бұл туралы жергілікті шекаралық бөлімшеге хабарлаған болатын.

Нысан құлаған жерге 22 қараша күні облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттен арнайы комиссия келген. Комиссия қайтып келгеннен кейін 23 қараша күні кешке ресми мәлімдеме жасалды.

- Ұзындығы екі жарым метр және диаметрі бір метрдей болатын белгісіз ұшқыш аппараттың сынықтары табылды, - деп хабарлады сол кезде Атырау облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басқарма бастығы Сәлімғали САЛЫҚБАЕВ. – Құлаған жерде көлемі төрт те бес метр, тереңдігі он сантиметр шұңқыр пайда болған. Радиациялық мөлшері қалыпты.

Енді «белгісіз ұшқыш аппараттың» ресейлік әскери ұшақтан жіберілген зымыран екендігі анықталды.

Бұл Құрманғазы ауданының аумағына ресейлік әскери зымырандар құлаған алғашқы оқиға емес. Негізінен бұлар ресейлік Ашулук пен Капустин Яр әскери полигондарынан жіберілген зымырандар. Кеңестік Одақ дәуірінен бері Атырау облысының аумағы түрлі қашықтықтағы зымырандарды ұшыруға арналған дәліз боп келген еді.

Азамат МАЙТАНОВ

2 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.