Атырау, 29 наурыз 18:33
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

"Денис Қазақстанның нағыз патриоты еді" Назарбаев Теннің отбасына көңіл айтты

2 146 просмотра


Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы бүгін Алматыда пышақ жарақатынан көз жұмды. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев Денис Теннің қайтыс болуына байланысты туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Теннің қайғылы қазаға ұшырауына байланысты оның отбасына көңіл айтты.

"Қазақстанның белгілі спортшысы, 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Юрьевич Теннің қайғылы қазаға ұшырағаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Орны толмас қазаға байланысты көңіл айтамын", — делінген жеделхатта.

Денис Тен мәнерлеп сырғанаудың отандық мектебін қалыптастыруға және дамытуға, Қазақстан спортын жоғары деңгейде ілгерілетуге зор үлес қосты. Оның жарқын жетістіктері еліміздің абыройын асқақтатып, жастар арасында спортты дәріптеуге септігін тигізді.

"Таланты әлемнің көптеген елдерінде мойындалған Денис даңқты спортшы ғана емес, сондай-ақ бітімі ерекше тұлға, Қазақстанның нағыз патриоты еді. Денис Юрьевич Теннің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады", – делінген жеделхатта.

Бүгін күндіз Алматыда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге шабуыл жасалды. Автокөлігінің айнасын ұрламақ болған қаскөйлерді тоқтатпақ болған спортшы пышақ жарақатын алған еді. Спортшы ауруханаға өте ауыр хәлде жеткізілді. Бірнеше сағаттан кейін Денис Тен ауруханада көз жұмды.

"Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Спортшыға шабуыл жасаған екі адамды полиция іздеп жатыр.

Дереккөз: sputniknews.kz

19 шілде 2018, 21:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.