Атырау, 25 сәуір 16:57
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

​Елімізде келісімшартпен жұмыс істейтіндер де зейнетақы жарнасын төлейді

1 681 просмотра


«Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңға осындай өзгеріс енгізілді. Осыған дейін фрилансерлер табыстарының 5 пайызын зейнетақы қорына тек өз еріктерімен ғана аударып отыратын. Ал 14 шілдеден бастап жарна төлеу заңмен бекітіледі. 

Жаңа талап бойынша енді келісімшарпен жұмыс істейтін қызметкерлер зейнетақы жарнасын төлеуге міндетті. Олардың қатарында жеке кәсіпкерлер, адвокаттар, нотариустер және сот орындаушылары бар.     

Сәуле Егеубаева, «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрайымының орынбасары: 

- 14 шілдеден бастап азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтіндер табыстарының 10 пайызын зейнетақы қорына аударуға міндетті болады. Жалақыларын қолма-қол алатын жұмысшылар  екінші деңгейлі банктерден немесе зейнетақы қорынан арнайы шот ашуларына болады. Сөйтіп зейнетақы жарнасын сол шоттарға ай сайын салып отырады. 

Осы күні елімізде өз еркімен зейнетақы қорына ақша аударып отырғандар саны көп емес. Салдарынан олар үй кезегіне тұратын кезде,  мемлекеттен жәрдемақы аларда немесе банктен несие рәсімдейтін болса біршама қиындықтарға тап болатын. Ал жаңа заң келісімшартпен жұмыс істейтіндердің әлеуметтік көмек алуларына жол ашпақ. Оның үстіне зейнетақы төлемдерін биылдан бастап тек бір ғана мекеме жүзеге асырады. 

Жанар Төлегенова, «БЖЗҚ» АҚ басқарушы директоры: 

- Заңға енген өзгеріс бойынша, енді зейнетақы төлемдері «Бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асады. Мәселен, бұрын қариялар зейнетақы алу үшін мемлекеттік корпорацияға өтініш жазатын. Ал базалық зейнетақыны тағайындау үшін қордың көмегіне жүгінетін. Бұдан былай осы жұмыстардың барлығын Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары атқаратын болады. 

Ал зейнетақы қорына ақша аударудан бас тартқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Оларға салынатын айыппұл көмегі 25 мың теңгеге жуық. Өткен жылы салымшылардың қорға салған ақшасы 32,1 млрд теңгеге жеткен. Оның 5,7 миллиардын келісімшартпен жұмыс істейтіндер өз еріктерімен аударған.

Дереккөз: 24.kz

13 шілде 2018, 10:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.