Атырау, 25 сәуір 11:14
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

​Министр қылтима, бұрқақ, сазгер терминдерінің қайдан шыққаны туралы айтты

2 219 просмотра


Қазір қоғамда жиі сынға ұшырап жүрген терминдердің басым бөлігі Терминологиялық комиссия тарапынан бекітілмеген. Бұл туралы Парламент Сенатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Елбасы Жолдауында айтылған үлкен мәселенің бірі - қазақ терминологиясын жетілдіру және терминдерді біріздендіру. Жолдауда Президенттің: «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет», - дегені бәрімізге белгілі. Осы тапсырманы орындау мақсатында Министрлік бүгінге дейін бекітілген терминдерге мониторинг жүргізді. Қазірге дейін 21 мың термин бекітілсе, оның 40,8 проценті (8571 термин) - төл терминдер, ал 59,2 проценті (12429 термин) кірме және аралас терминдерді құрап отыр. Осы терминдерге жасалу және аудару тұрғысынан толық лингвистикалық сараптама жасалуда. Бұл ретте тіліміздің тазалығын сақтап қана қоймай, оны ғылым тіліне айналдыру үшін терминдердің принциптері мен қолданбалы терминтанудың негізгі міндеттерін айқындау мәселесі қолға алынды», - деді А. Мұхамедиұлы.

Осы орайда, терминдерді бекітумен тікелей айналысатын ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық терминологиялық комиссия жоспарға сай жұмыс істейді. 

«Шет тілінен енген бірқатар терминдердің қазақ тіліндегі нұсқаларын халықаралық нұсқалармен қайта сәйкестендірді. Ретіне қарай мұндай жұмыстар бұдан былай да жалғасын табатын болады. Бір ескеретін дүние - қазір қоғамда жиі сынға ұшырап жүрген терминдердің басым бөлігі Терминологиялық комиссия тарапынан бекітілмеген. Ел арасында терминтану мәселесіне деген теріс көзқарастың қалыптасуына сондай бекітілмеген терминдер кері әсерін тигізіп жатыр. Мысалы, бұқаралық ақпарат құралдарында, қоғам арасында қолданылып жүрген қылтима, бұрқақ, сазгер сынды бірқатар терминдер  2014 жылы Терминологиялық комиссия отырысында қаралып, балкон, фонтан, композитор болып бекітілген», - деп түсіндірді министр. 

Сонымен қатар, ол өткен жылы терминологиялық жұмыстарды жүйелеу, терминдерді біріздендіру, халықтың терминдер қорымен танысуын қамтамасыз ету мақсатында «termincom.kz» сайты ашылғанын еске салып өтті. 

«Қазіргі уақытта терминдердің бірізді қолданылуын қамтамасыз ету - терминология саласындағы ең өзекті мәселе. Осы ретте Терминком бекіткен терминдерге міндетті сипат беру мақсатында, халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, салалық терминдерді Ұлттық стандартпен бекіту мәселесі қарастырылуда. Бұл мәселе Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тілінің терминологиялық қоры: интеграциялау, жаңғырту және стандарттау» ғылыми бағдарламасы жобасының негізінде жүзеге асырылатын болады», - деп түйді Арыстанбек Мұхамедиұлы.  

Дереккөз: inform.kz

26 маусым 2018, 16:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.