Атырау, 20 сәуір 06:08
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

"Күдер үзуге әлі ерте"

2 868 просмотра


24 мамырда сайтымызда футбол жанкүйерлерінің Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВҚА ашық хаты жарияланғаннан кейін дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат БЕКЕТ оларды стадионда кездесуге шақырған еді. Ол жерде WestSide фанқозғалысының мүшелері «Атырау» клубының директоры мен қаржы директорын қызметтерінен босатуды талап етті. Бұл тақырыпты талқылаудан бас тартқаннан кейін жанкүйерлердің жас әрі ең белсенді бөлігі кездесуден кетіп қалды. Жақында олардың бірі «АЖ» редакциясына қайта хабарласты.

- Ел чемпионатының 14 турынан кейін біздің облыстық команда турнир кестесінің соңына жайғасты. Мүмкін, футбол клубының қаржылық бөлігі де таза емес шығар. Әйтпесе, командаға жасы кеп қалған арзан ойыншыларды іріктейтінін қалай түсінуге болады? Ал қарсылас командалар жас спортшылармен күшейіп жатыр. «Атырау» ФК-ға бөлінген жылдық 2 миллард бюджет қаржысы қалай жұмсалуда? Командада УЕФА нормаларына сай келетін дұрыс стадион қашан болады? –деп сұрайды WestSide мүшесі Саламат (есімі оның өтініші бойынша өзгертілді).

Жанкүйерлердің осы және басқа да сұрақтарын біз Бекетке жолдаған едік, ол былай деп жауап берді:

- Турнирдегі ахуал сондай мүшкіл емес. Ойынды әлсіз бастағанына қарамастан, команданың жағдайды түзету үшін әлі 18 раунды бар. Бұдан басқа, «Атырау» ел Кубогының жартылай финалына жетті, онда қарағандылық «Шахтер» клубымен кездеседі. Кубокты ұтып, Еуропа Лигасына қатысу мақсаты қойылған.

Клубтың құқықтық мәртебесі туралы айтар болсақ, 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары шеңберінде «Атырау» ФК мемлекеттік сатып алулар порталындағы электрондық ашық тендер арқылы және БАҚ-тағы жарнамалар бойынша жеті рет сатылымға шығарылды. Алайда, оны сатып алғысы келетіндер табылмады. Команданы сақтап қалу мақсатында өткен жылдың аяғында электрондық ашық тендер арқылы кейіннен сатып алу құқығымен клубты сенімгерлікпен басқаруға беру туралы шешім қабылданды. Бірақ алғашқы тендер қатысушылар саны жеткіліксіз болғандықтан өткізілмеді деп танылды. Клуб тек екінші тендерден кейін сенімгерлік басқаруға берілді, бұл команданы сақтап қалуға мүмкіндік берді. Ал енді, заңға сәйкес Дене шынықтыру және спорт басқармасының «Атырау» футбол клубының кадрлық мәселелеріне араласуға құқығы жоқ.

Әрі қарай, сенімгер басқарушы ұсынатын қаржылық қызмет көлемі 2 млрд теңге емес, 1 млрд 473 млн теңгені құрайды. Бұл Премьер-лигадағы ең төменгі бюджеттердің бірі. Шығындар техникалық сипаттізімге және сметаға сәйкес жүзеге асырылады.

Құрам бойынша. Команда бас бапкердің ұсыныстары бойынша қалыптасады және осы маусымда ойыншылардың негізгі құрамы сақталған. Бұдан басқа, бас бапкердің алдына жергілікті шәкірттерді көбірек тарту міндеті қойылды. Бұл міндет орындалуда: бүгінде Атырау футболының негізгі құрамында 8 шәкірт өнер көрсетіп жүр.

Стадион бойынша. «Мұнайшы» стадионын қалпына келтіруге арналған жобалау-сметалық құжаттама қазір мемлекеттік сараптамаға жіберілген, оның қорытындысы шыққаннан кейін қаржыландыру мәселесі шешіледі. Енді біз ең оңтайлы нұсқасын іздеп жүрміз, мұның мемлекеттік-жеке серіктестік нұсқа болуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.

Сонымен қатар, келесі маусымда бастаймыз деп жоспарлаған резервтік «Судоремонтник» стадионын қалпына келтіру жобасы мемлекеттік сараптамада жатыр. Бұл жерге заманауи жылытылатын жасанды газон төселмек.

Әрине, қазір дұрыс футбол алаңының, тиісінше, толыққанды жаттығудың жоқтығы жақсы емес, бірақ азғана шыдай тұруға тура келеді.

Премьер-Лигада команданы сақтауға келер болсақ, біздің клубтан күдер үзуге әлі ерте деп ойлаймын. Турнирлік кестеде қызу тартыс жүріп жатыр, мысалы, 12-ші және 5ші орынды бар болғаны 6 ұпай бөліп тұр. 

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

21 маусым 2018, 15:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.