Атырау, 20 сәуір 16:23
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Талғардағы сот залында интернатта болған сұмдық оқиға экранда көрсетілді

2 448 просмотра


Жарымжан баланы азаптап өлтірген келіншек жазаны естігенде жылап жіберді. Талғарда мүгедек баланы байлап өлтірді делінген күтушіге мемлекеттік айыптаушылар бақандай 15 жыл сұрады, деп хабарлады КТК.

Жеткіншектің өлімі үшін күтуші жалғыз жауап бермейтін болды. Мүгедек баланың мәйіті шыққан Талғардағы балалар интернаты қызметкерлеріне  қатысты қылмыстық іс қозғау туралы адвокаттың өтінішін судья мақұлдады. Өйткені, тәрбиешілердің жаппай жабық мекемедегі жарымжан балаларды ұрып-соғады деген күдік бар. Ал 8 жасар Мұхамеджанды байлап өлтірді делінген күтушіге мемлекеттік айыптаушылар бақандай 15 жыл сұрады. Ал жалғыз ұлынан айырылған ата-ана әйелден 30 миллион теңге талап етті.

Мүгедек баланың өліміне қатысты процеске қатысқандар сот залына емес, қорқынышты киноға келгендей болды. Өйткені, интернатта болған түн ішіндегі жағдай экранда көрсетілді.

Мұхамеджанды қалай байлағанын бүге-шүгесіне дейін күдіктінің есінде. Қуыршақты жаялықпен мойнынан бұрап, төсектің иін теміріне таңып тастаған келіншек, баланы шұлықпен төсекке қалай байлағанын да көрсетіп берген. Алайда, көп ұзамай ол сөзінен таңып, тек қолынан ғана орадым деп отыр.    

"Мына жерден бір түйін байладым, сөйтіп баланы мына жаққа қарай байладым". 

Десе де, сот сарапшысы баланың мойнынан қылқынып қалғанын растады. Одан басқа, мәйіттен ұрып-соққан іздер анықталған. Оны таяқтамадым деп сотта көз жасын көлдеткен келіншек бұл жолы мекемедегі сұмдықты жайып салды.    

"4-5 күн бұрын денесінде дене жарақаты болды. Артындағы көк жарақатын мен жуындырып жатқан кезде көргенмін, оның алдында да мен тәрбиешіге айтатынмын", — дейді сотталушы Мейіргүл Жалымова. 

Ал ауру балаларды төсекке таңып тыныштандыруды әріптестері үйретіпті. Азапты әдістер мұнымен бітпейді екен. Жалымова жылап қоймаған балақайларға жындыхана көйлегін кигізетіндерін де айтты. Мұны естіген директордың төбе шашы тік тұрды. 

"Мен істегелі бері 2 жыл болды.  "Өлім көйлегі"дегенді естімедім. Қызметтік ережені қарауыңызға болады. Ондай бір сөз жоқ. Қайдан шығардың оны қарағым?", — деп таңғалды "Аяла" Талғар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директоры Асхат Қожамқұлов. 

Басшының бұл сөзін тәрбиешісі тура сот залында жоққа шығарды.   

"Мен сол баланың сөйтіп жататынын көрдім.  Түнде байлап қоятын", — дейді Жалымова.

Жалпы, интернаттағы дауға байланысты тағы да іс қозғалатын болды. Ал баласын емдеуге беріп, мәйітін алып қайтқан ана күдіктіден 30 миллион теңге талап етті. Ал мемлекеттік айыптаушы болса, әйелді 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Прокурордың бұл өтініші сотталушының өзін де, туыстарын да есеңгіретін тастады. 

"Мама, мені кешірші! Мен мұндай болады деп ойламадым, мама! Кешірші! 3 қызым аманат, мама, мен қылмыстық іс жасамадым, мама!". 

Күдіктінің өзінің де үш баласы барын айта кетейік. Үкім екі күннен кейін белгілі болады.

Дереккөз: sputniknews.kz

21 маусым 2018, 09:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.