Атырау, 29 наурыз 14:05
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Лаванда мен бизон жоқ, Индер сиырлары қоқыс жеп жүр

Сурет Бейнежазба
4 868 просмотра

Атырау облысы Индер ауданының орталығында 14 мыңға жуық адам тұрады. Қалаға теңестірілген кенттің көше тазалығымен екі мекеме айналысады. Алайда, өкінішке орай, бұл нәтиже бермей тұр. 

Кенттің ішкі тазалығына жауапты «Ақжайық ТА» ЖШС болса, ал қоқыс тасымалы мен алаңға жауапты «Индертех» ЖШС.

- Орталық көшелер ғана тазартылады, ал шеткі көшелер ұмыт қалған,- дейді ауыл тұрғындары. - Бордюрлер мен су ағарлар тазаланбайды. Қоқыс жәшіктері үнемі толып жатады,- дейді тұрғындар.

«Ақжайық ТА» ЖШС директоры Бейбіт ИЛЬЯСОВ мұнымен келіспейді:

- Біздің мекеме биыл ақпан айында құрылды. Негізгі міндеті - кенттің тазалығы, көгалдандыру. Сондай-ақ,  «Индертех» ЖШС қатты қалдықтарды шығаруға үлгере алмағадықтан, біз көмектесіп жатырмыз. Осы жұмыстарды атқару үшін бюджеттен 10 миллион теңге бөлінді. Соның 500 мың теңгесін игердік. Біз сенбі, жексенбіге қарамай жұмыс жасаймыз. 21 жұмысшымыз, үш арнайы техникамыз бар. Көшелерге күніне екі мезгіл, таңертең ерте және кешке су шашылады. 

Кенттен бір шақырымдай қашықтағы қоқыс алаңы қоршалмаған, жан-жағы жыртылмаған. Ішінде сиырлар емін-еркін жайылып жүр. Белгілі мультфильмдегідей, кейін бұлардан жанар май сауатын шығар.

Бұған «Индертех» ЖШС директоры Марат БАЙДЕШОВТІҢ өз уәжі бар:

- Біздің міндетімізге қатты қалдықтарды қоқыс алаңына шығару кіреді. Яғни, жәшіктердегі қоқыстарды уақтылы алу міндеттелген. Қоқыс алаңын бұдан үш жыл бұрын округ әкімшілігі қоршап береміз деген болатын. Уәде сол күйі орындалмастан қалды. Ал біздің мекеменің оны қоршайтындай мүмкіншілігі жоқ. Айналғанда айыппұлды біз төлеп отырмыз. Тағы бір жайт, бізге арнайы техникаларды 2018 жылдың мамырына дейін сенімгерлік басқарумен берген болатын. Алайда әкімдік ақпан айында мерзімінен бұрын техникаларды қайтарып алды. Соның кесірінен қоқыс алаңдарының айналасы жиналмады. Ал жаңа құрылған «Ақжайық ТА» ЖШС шашылған қоқыстарды тазартып шығаруды өзіне алғанымен олардың рұқсат қағаздары жоқ. Менде ғана бар. Сондықтан қоқысты шығаруы заңсыз.  ЖШС бізбен келісім шартқа отыруы қажет.

- Қоқыстардың уақытында алынбауының басқа да себептері бар ма?

- Тағы бір мәселе, дүкендері бар кәсіпкерлер келісім шартқа толық отырмай тұр. Әрі халық та төлемақымен уақтылы есеп айырыспайды, тек халықтың жартысы ғана уақытылы төлеп отыр. Мұның бәрі қаржылық қиындыққа әкеліп тіреуде, шығынмен жұмыс жасап жатырмыз. Сондықтан субсидия алғымыз келеді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

19 маусым 2018, 10:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.