Атырау, 29 наурыз 18:41
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

​Тимур Құлыбаев міндетті медициналық сақтандыруға қатысты пікір білдірді

2 257 просмотра


Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу адал кәсіпкерлердің «көлеңкеге» кетуіне алып келеді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз Үкіметпен бірлесіп салықтар көлемін қысқартуға ниеттіміз және салықтарды қысқарту мүмкіндігі бар. Мемлекет басшысы тиісті тапсырма да берген болатын. Бұл тұрғыда біз еңбекті төлеу қорына жүктеме туралы айтып отырмыз. Сондықтан Сіздердің қолдауларыңыз қажет. Жалпы, қанша адам зейнетақы жарналарын төлеп жатқанын қарап шықтық. Шамамен, еңбекке қабілетті 9 миллионның арасында 5,6 миллионы кем дегенде жылына бір рет төлейді. Ал 12 ай бойы 1,4 миллион адам жарнасын өтеп келеді. Яғни ашығынан жалақы төлеп, зейнетақы аударымдарын жүргізіп жатқан адамдар мен кәсіпорындарға тағы да жүктеме салудамыз. Себебі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды аталған 1,4 миллион адам ғана төлейді. Басқаларының төлеуге мүмкіндігі болмайды. Біз осыны көріп отырмыз. Сәйкесінше, осы кәсіпорындар үшін еңбекті төлеу қорына жүктеме 44 пайызға жуық болады. Яғни адамдар «көлеңкеге» кете бастайды, сондай- ақ шамалары келгенше «конверттік» жүйеге көшеді», - деді Т. Құлыбаев. 

Осы орайда «Атамекен» басшысы медициналық сақтандыру бағытында шешілмеген мәселелерді алдағы аптада Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен талқылайтынын жеткізді. Оның пайымынша, Денсаулық сақтау министрлігі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге дайын емес. 

Ең басты себеп - ол медициналық мекемелерде ақшаны тиімді игеруге қауқырлы менеджерлердің жоқтығына байланысты. Тимур Құлыбаевтың атап өтуінше, бұл жүйені енгізуде асығыстық танытудың реті жоқ. Алдымен, жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ең төмен деңгейдегі салықты төлеуіне қол жеткізіп алуы керек. 

Бұдан бөлек ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізер алдында Денсаулық сақтау министрлігінің шығыстарын оңтайландыру қажеттігін қадап айтты. Осы орайда министрлік ұйымдары шығыстарының тиімділігіне талдау жасап, қосымша қаржы резервін табуға болады.

Дереккөз: inform.kz

7 маусым 2018, 13:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.