Атырау, 29 наурыз 20:37
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Тоқаевтың Атырауға сапары

Сурет Бейнежазба
3 842 просмотра

23 мамырда ҚР Парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Президенттің бес әлеуметтік бастамаларының» жүзеге асырылуымен танысу үшін Атырауға жұмыс сапарымен келді. Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен жиналыста ол өңірдің республикалық бюджетке қосып отырған үлкен үлесін атап өтті. 

- Қазақстан өзінің географиялық орналасуын пайдалану арқылы Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия, Қытай, Ресей, Түркия және Парсы шығанағы елдерінің арасына еркін шығарылатын транзиттік дәліздерді қалыптастыруға қол жектізді. Қазірдің өзінде жүктер Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға 15 күннің ішінде тасымалдануда. Оңтүстік, теңіз жола арқылы 45-60 күн жүретін еді. Қытайдан шыққан жүк көліктерімен шамамен 70 пайызға жуығы бүгінгі таңда Қазақстан аумағы арқылы өтуде. Біздің мақсатымыз транзиттен түсетін жыл сайынғы кірістерді 2020 жылғы 5 миллиард долларға дейін жеткізу, - деді Тоқаев.

Бұдан соң кәсіпкерлік қызметтегі кедергілер толық жойылмай отырғанын айтты:

- Кәсіпкерлер әлі де әкімшілік шектеулерге шағымданып келеді. Оған жол беруге болмайды. Мысалы, Қытайда бизнеске кедергі жасау – мемлекетке қарсы аса ауыр қылмыспен тең. Барлық деңгейдегі әкімдер шағын және орта бизнес субъектілерінің мүддесін қорғауға, мұқтаждығын қанағаттандыруға, барынша жәрдем беруге тиіс. 

Тоқаевтың айтуынша, елімізде өзін өзі жұмыспен қамтығандар саны 2 миллионнан асып отыр. Соның көп бөлігі, яғни, 70-пайызы ауыл шаруашылығы мен сауданың айналасында жүргендер. Осындай азаматтарға экономикалық жағдай жасау - мемлекеттік саясат.

Сенат төрағасының сөзінен соң бұрынғы Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы Есен ТАСҚЫНБАЕВКЕ сөз берілді. Ол өңірдің өзекті мәселесін көтерді:

- Бұрын Махамбет жырлаған «Жайықтың ен тоғайы» дейтін тоғай қалмады. Каспий теңізі 15-20 жыл болды, тартылып кетті, балық жоқ, құс пен жануар жоқ, жағдай нашар. Менің ұсынысым - Каспий теңізін Қара теңізге қосу керек. Бұл өте өзекті мәселе. Біз шара алмасақ, 50 жылдан кейін жеріміз азып, жағдайымыз нашарлап кетуі мүмкін. Осы жерде депутаттар отыр, президентке жеткізіп, Каспий теңізі жағалауындағы бес елмен келісіп, мәселені шешуді сұраймын, - деді белгілі еңбек ардагері.

Облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ бұл мәселе жақында құрылған «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің құзырындағы мәселелер екенін айта келе, сауалды Атырау және Маңғыстау облыстары бойынша кешеннің өңірлік директоры Қайрат ИЩАНОВҚА жолдауды тапсырды:

- Бұл кешен Каспий теңізіне қатысты барлық мәселемен айналысады. Мәселен биоалуандылықты сақтау және қорғау, ауызсу мәселелері. Сізге Қайрат Қыдырбайұлы барлық ақпаратты береді.

Ал келесі болып сөйлеген ҚР мәдениет қайраткері Абат КЕНЖЕҒАЛИЕВ Парламент сенаты төрағасына ҰОС және еңбек ардагерлері секілді «Соғыс балалары» мәртебесін енгізуді ұсынып, оларға да жәрдемақы тағайындалса деген тілегін жеткізді.

- Олар соғыс майданында қаза тапқан әкелерді көрмей өскен ұрпақтар. Олардың да жасы қазір 80-ге таяп қалды. Елімізде саны да азайды, көбі дүниеден өтті. Олардың да жағдайын ескеретін уақыт болды деп ойлаймын. Осыны парламентте қарауларыңызды сұраймын, - деді А. Кенжеғалиев.

Жиын соңында Қ. Тоқаев «өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосқандары үшін»  бірқатар облыстық және аудандық мәслихат депутаттары мен әр сала мамандарына алғыс хаттар табыстады.


Айнур САПАРОВА 

Суреттер мен видеоны түсірген Нұрбейбит НҰҒЫМАНОВ

23 мамыр 2018, 20:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.