Атырау, 28 наурыз 19:35
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Нұрсұлтан Назарбаев Оралды Қазақстандағы ең таза қала деп атады

2 539 просмотра


Мемлекет басшысы Орал жұртшылығымен кездесті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Орал қаласындағы орталық алаңды аралап көргеннен кейін, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының іске асырылу барысымен және Орал қаласын одан әрі дамыту жоспарымен танысты, деп хабарлайды Today.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысына ескі үйлерді бұзып, орнына жаңа үй салу, сондай-ақ әлеуметтік сала нысандарының құрылысына инвестиция тарту барысы жөнінде мәлімет ұсынылды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа "Ақылды қала" тұжырымдамасы аясындағы жобалардың іске асырылуы туралы баяндалды.

Елбасы, сондай-ақ, өңір жұртшылығымен кездесті. Онда тұрғындар Мемлекет басшысына қабылданған "Бес әлеуметтік бастама" үшін алғыс білдірді.

"Бүгін мен тамаша алаңды көрдім, осы жерде адамдар серуендейді деп ойлаймын. Ағашты көп отырғызып, көгалдандыру керек. Экология бойынша Қазақстандағы ең таза қала сіздерде. Ұзақ өмір сүрудің қағидаларының бірі – экологиясы таза жерде тұру. Денсаулықтың 90 пайызы сіздерге байланысты, тек 10 пайызы дәрігерлердің қолында, бірақ ол жаққа түсіп қалмаған дұрыс қой. Салауатты өмір салтын сақтау керек, жастар спортпен шұғылданулары керек", – деп келтіреді Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін "Мой город" порталы. 

Қазақстан Президенті елімізде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бағдарламалар қоғамның, әсіресе жастардың, мейлінше өзекті проблемаларын шешуге бағытталғанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қоғамында бейбітшілік пен келісімді сақтаудың маңыздылығына тоқталып, еліміздің қарқынды экономикалық дамуы үшін өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың мәні зор екенін айтты.

Әңгімелесу соңында Елбасы облыс тұрғындарына табыс пен бақ-береке тілеп, Қазақстанды өркендету ісіне белсенді атсалысуға шақырды.

Дереккөз: today.kz

15 мамыр 2018, 21:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.